Жүктілік кезіндегі ісіну: себеп-салдары және алдын алу

Жүктілік кезіндегі ісіну: себеп-салдары және алдын алу

Жүктілік кезінде денедегі айналып тұрған сұйықтық екі есеге көбейеді. Сол себепті сәби күтіп жүрген болашақ ана денесінде пайда болған кейбір ісіктерге таң қалмаса да болады. Әсіресе оған қоса зәр құрамындағы ақуыз көбейіп, қан қысымы көтерілсе, дәрігерлер мұндай ісікті қауіпті белгі санайды.

Сонымен неке жүзігіңіз саусағыңызға тарылып, ал туфлиіңіз аяқты қысып жатса, дәрігерге бару керек. Оның кеңесіне құлақ асып, айтқанын орындау қажет. Ал өзіңіз үйден ем жасаймын десеңіз, оның соңы жақсылыққа апармауы әбден мүмкін. Дер кезінде қолға алсаңыз, барлық ауруды емдеуге болады.

Тұзды азайту

Ас тұзының құрамында натрий бар. Бұл элементтің ағзаға барар суды тежейтін қасиеті бар. Тұз көп болған сайын, сұйықтық сіңбей, тіндерде қалып қояды. Тұзды, тәтті тағамдарды, ашытқан қырыққабатты (квашенная капуста), қара нанды, шұжықты, қытырлақ нан, чипстер, кептірілген, консервіленген тағамдар деген секілді ағзаға қажетсіз азықтарды тамақтану тәртібіне кіргізбеген дұрыс не өте аз мөлшерде ғана тұтынған жөн. Тіпті күнделікті жейтін тамаққа қосатын тұз да өте-мөте аз мөлшерде болуы керек. Тұздан бас тартудан балаға не өз ағзаңызға натрий жетіспей қалады деп алаңдамаңыз, ол басқа да тағамдардың құрамында көптеп кездеседі.

Дұрыс тамақтану

Ісік пайда болған кезде болашақ ана тұздан бас тартып қана қоймай, басқа да қағидаларды есте ұстауы тиіс. Мысалы қан тамырларындағы мәселелер де ісікке әкеп соқтырады. Сондықтан тамақтанғанда ісік пайда болуына еш жол бермейтін жағдайды ойлау қажет. Ет пен көкөністі қуырмай, суға қайнатып не буға бұқтырып пісірген абзал. Майлы, ащы, тәтті тағамдарды мейлінше аз жеп, міндетті түрде ботқа әзірлеп, көкөністер мен жемістерді көбейту керек. Шай, кофе секілді сусындар қан қысымына әсер етіп, қан тамырларына зиянын тигізуі мүмкін, оларды да мөлшерден тыс қолданбаңыз. Тіпті пайдалы деген көк шайдың өзінде кофеин мөлшері қара шайдан да көп, оны күніне екі шыныдан артық ішпеген дұрыс. Оның орнына жаңа сығылған шырынның, газсыз минералды судың пайдасы көп. Күнделікті тағам қабылдау құдылығы 2800-3500 калориядан артпауы тиіс. «Екі адамға арналған» тамақ жеу деген бос сөз.

Су ішу тәртібін сақтану

Бұрын болашақ аналарға компот пен сорпаны қосқандағы күндік сұйықтық 1-1,5 литрден аспауы тиіс дейтін. Қазір соңғы зерттеулер мұндай режим зиян екенін, нәтижесі қан ұюына әкелетінін дәлелдеді. Жүктілік кезінде қан екі есеге көбейеді, оны қалыпты деңгейде ұстау керек. Аяғы ауыр келіншектер күніне 2,5-3 литр сұйықтық қабылдауына болады. Бұл мөлшерге сорпадан бастап шырынға дейін барлық сұйықтық кіреді. Ал ішетін суы 1,5 литрден кем болмауы керек, оны бірден емес, аз-аздан жұтып, жиі-жиі ішу қажет. Егер гестоз (жүктілік токсикозы) болса, ағзадағы тұз және басқа да микроэлементтерді жоятын судың орнына сүтті шай, шырын, морс ішкен абзал.

Несеп айдайтын нәрселерден абай болу

Дәрілер ананың ғана емес, құрсақтағы баланың да денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Сол себептен кез келген несеп айдайтын дәрілерді, тіпті табиғи препараттарды қоданғанның өзінде алдымен міндетті түрде дәрігермен ақылдасу керек. Сұйықтық шыққан кезде онымен бірге калий де шайылып кетеді. Ал калий ананың сүйегі мен тісінің сау болуына, баланың қаңқасы дұрыс жетілуіне кепіл болады. Мұндай жағдайда оның орнын басқа тәсілдермен толтыру керек.

Аяқты демалту

Жүктілік кезінде әйелдердің 40 пайызында варикоздық аурулар пайда болады. Олардың ең жеңіл түрі – аяқ ісігі. Демалған кезде аяқты да ыңғайлы қалыпта қойыңыз. Мысалы компьютерге отырсаңыз, аяғыңызды сүйеуішке қойып отырыңыз. Америкалықтардан үлгі алып, аяқты үстелдің не бос орындықтың үстіне көтеріп алуға да болады. Жатқан кезде жерден 30 см биікке көтеріп, астына көпшік не жамылғы сүйеп қойыңыз.

Жүкті келіншектердің 80 пайызында физиологияық ісік болады, ол патологиялық ісікке қарағанда қалыпты жағдай саналады, себеп-салдарын анықтап, алдын алғанда өзінен өзі кетеді. Басты ем – жатып, демалу. Сол жақ бүйіріңізбен жатқанда бүйрекке мейлінше аз салмақ түсіп, жақсы жұмыс істейді. Ал егер бет, саусақ шектен тыс ісіп, жұдырықты жұмуға келмей қалса, дереу дәрңгерге көріну керек.

Егер әйел адам жиі қозғалыста болса, ісік пайда болуы қаупі де азаяды. Түтінге толы көшеде емес, саябақта жаяу серуендеу – барлық анаға қол жетімді жаттығу түрі. Күніне 40 минуттан аз болмауы керек, ал баяу басып 2-3 сағат жүрсеңіз, тіпті жақсы. Жүкті аналарға арналған гимнастика, суда жүзу де жақсы көмектеседі. Егер үнемі отырып істейтін жұмыста болсаңыз, сағатына 5-10 минут үзіліс жасап, 5-10 минут бойы жаттығыңыз. Табанды екі жаққа кезек айналдырыңыз. Аяқтың ұшымен және өкшемен кезек-кезек тұрыңыз. Ал аяқты аяққа айқастырып отыруды ұмытқан дұрыс.

@. @assel_assanova