Аппендицит туралы барлығын біліңіз

Аппендицит туралы барлығын біліңіз
Фото: Verywell

Адам ешқандай ауру туралы білмегені жақсы, себебі ол аурудың атын ғана естімесе, ауырып көрмеген деген сөз. Ал оның алдын алып, ауырмаудың жолын іздеу үшін ауру туралы барлық ақпаратты біліп алған одан да жақсы.

 Аппендикс – соқыр ішектің құрт пішіндес өсіндісі. Аппендицит – аппендикстің күшті не созылмалы қабынуы, ең көп тараған ішастар қуысы хирургиялық ауруларының бірі. Көбінесе 10-30 жас аралығында байқалады, бұл кезде болмаса, кез келген жаста өріс алуы мүмкін.

Аппендикс адамға не үшін керек?

Ұзақ уақыт бойы аппендиксті адам денесіндегі артық тұқыл, эволициялық арғытектік белгі (атавизм) деп, қалыпты физиологияға керегі жоқ ағза ретінде есептеді.

Ал қазір құрт тәрізді өсінді сүтқоректілердің иммунитет жүйесіндегі маңызды компонент екені анықталды. Аппендиксті ішектің «техникалық бақылау орталығы» деуге болады. Ішекке түрлі инфекция түскенде, диареядан кейін ауруға шалдықтыратын микробтар, бактериалық флоралар тоқ ішекке жиналады. Ол қалыпты жұмыс істеуі үшін тоқ ішекті босаңсытып, ықшамдап, реттеп отыратын да осы өсінді.

Гаспар Траверси, «Ота», 1753 жыл

Жедел аппендицит ауруының тарихы

 Алғашқы операцияны хирург өз-өзіне жасады

1961 жылы сәуір айының 29-ынан 30 қараған түні кеңес кезеңіндегі хирург Леонид Рогозов ерекше операция жасады, ол өз аппендицитін өзі кесті. 27 жастағы дәрігер аурудың алғашқы белгілерін сезгеннен-ақ ең дұрыс шешімді қабылдап, іске кірісті. Оған жолдастары көмектесті: бірі ішінің тұсына айна қойып, үстел шамынан жарық түсірді, екіншісі қажетті құрал-сайманды дезинфекциялап алып беріп отырды. Осылай 1 сағат 45 минутқа созылып әрі дер кезінде сәтті жасалған операция нақты диагноз қойылған деп бүкіл әлемге тарады.

Оң жақ бүйірдегі іріңдік қабыну ежелден белгілі ауру. О.М.Ланнелонг зерттеуі бойынша, египеттік мумияның кіндік тұсында кесілген із болғаны, бұл сол соқыр ішекті алғаннан кейінгі белгі екені анықталған.

Құрт пішінді өсінді алғаш 1522 жылы сипаттап жазылды. Павия мен Болоньяда (Италия) хирург профессор қызметін атқарған Беренгарио Да Карпи былай деп суреттеді: «соқыр ішектің ұшында ішке қарай түскен бір шынашақтай қосалқы бөлшек бар, ұзындығы шамамен 3 дюйм». Аппендикс туралы 20 жылдан кейін Андреас Везалий жетітомдық еңбегінде бірнеше иллюстрациямен толықтырып сипаттады.

Да Карпиден 30 жыл бұрын 1492 жылы алғаш құрт пішінді өсіндінің суретін салған Леонардо Да Винчи екенін де айта кету керек.

Соқыр ішектің қосалқы бөлшегіне «құрт пішінді өсінді» деген атауды берген – Габриэль Фаллопий. Бұл 1561 жыл еді.Осыдан көп өтпей-ақ швейцариялық анатом әрі ботаник Каспар Баугин бүйірден соқыр ішекке қарай өтетін тұстағы қақпақшаны сипаттады, мықынбүйен қақпақшасынан басқа аппендиксті де жазды.

1711 жылы неміс хирургі Лоренц Гейстер өсінді қабынып кетуі мүмкін екенін ашты. Бірақ мұны арада 42 жыл өткенде ғана 1753 жылы мақала етіп жазды. Оған бөтен нәрселер себеп болады деген теория туды. Аппендиксті ашқан кезде дәнек, ілгек, тас табылған. Қазір мұндай жағдай сирек кездеседі. 1812 жылы Джон Паркинсон аппендиксті тескенде (перфорация) ажал аузына әкелетінін алғаш мойындаған. ХVIII ғасырдың аяғында ғана аппендикс тереңінен зерттеліп, оның үш тобы анықталды: шырышты без болуы, шажырқай (брыжейка) және осы төңіректе көкшандыр жиналып қалуы.

Ал, аппендицит термині 1886 жылы пайда болды. Дәрігерлер осы кезде ғана оны емдеудің ең дұрыс жолы – ота жасау арқылы алып тастау екенін түсінді.

Соқыр ішек қабынуына не әсер етеді?

Кез келген аурудың емін іздемес бұрын, қалай пайда болғанын, не себеп болғаны анықтаған абзал. Аппендициттің пайда болуын нақты бір жағдаймен түсіндіру мүмкін емес. Ол әркімде әртүрлі себептерге байланысты тууы мүмкін. Дәрігерлер ауру тудыратын мынадай факторларды анықтады:

• Ішектің өткір не созылмалы түрде ісініп ауыруы оның қуысына патогендік флора көбеюінен туады. Жұтқыншақ, асқазан – ағзаның кез келген мүшесі арқылы ішек қуысына ауру туғызатын бактериялар жинала береді.

• Ішектердің тарылуы не өткізу қабілеті төмендеуі әсерінен нәжіс іркіліп, саңылау тығындалады, соңы қабынуға әкеп соғады.

• Аппендицит тууына аппендикстің анатомиялық ерекше құрылысы да себеп болуы мүмкін. Оның иілісі, едәуір ұзындығы, тарлығы зат алмасуды қиындатып, іркілістің, ісінудің бірден бір себепшісі болады.

• Оған тахикардия (жүрек қатты соғуы), брадикардия (жүректің синустық ырғағы бұзылысы) не атеросклероз (жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы), яғни жүректің соғу ырғағы бұзылуы да себеп бола алады. Осыдан күретамырда қан ұйиды. Ал қанайналым бұзылса, ағзаның барлық мүшесінің жұмысын баяулатады, қабыну ықтималдығы да артады.

• Ауруға генетикалық түрде бейімділік болатыны да дәлелденген, осы ауруға шалдығу ықтималдығы басым гендер болатыны анықталды.

• Иммунитет қаншалықты әлсіз болса, аппендикс қабыну мүмкіндігі соншалықты жоғары. Ағза инфекциямен күресе алмауы, жиі стреске шалдығу, зиянды әдеттерге әуес болу – міне, осының барлығы аппендицит туғызады.

• Әсіресе, әйел заты денсаулығын мұқият күткені жөн. Себебі оларда жатыр түтігінің жанында орналасқан аппендикске індет жұқтырудан жедел аппендицит болуы мүмкін. Гинекологқа уақытылы тексеріліп тұру арқылы ішектерді де, ағзаны да қауіптен сақтауға болады.

• Дұрыс тамақтанбау аппендицит туғызатын ең басты себептердің бірі. Ішекте адамға қажетті микроағзалармен бірге зияндылары да бар. Денсаулықтың басты қорғаны – дұрыс тамақтану тәртібі.

Аппендициттің белгілері

Соқыр ішек қабынуының бастапқы белігелір іштің қатты ауыруынан көрінеді. Жүрек айнып, қызу көтеріліп, диспепсия (асқазанның бұзылуы) болуын барлығы біледі. Осыны ашып жазайық.

 Кіндіктің астыңғы не үстіңгі бөлігі аяқ астынан шыдатпай ауырса – өткір аппендициттің ең алғашқы белгісі осы. Кейде іштің қай жері ауырып тұрғанын да түсінбеуіңіз мүмкін, әр жерінен бір ұстап ауырады да, соңында бір жерге тұрақтайды. Үздіксіз, бірқалыпты ауырып, қозғалған, жөтелген сайын күшейеді.

 Жүрек айну, құсу. Алдыңғы жеген тамақ пен өттің қоспасы жүректі айнытып, сыртқа шығады. Ал асқазан бос болса, сары шырыш, сұйықтық түрінде шығады. Аппендицит кезінде де басқа аурулар сияқты тамаққа еш тәбет болмайды.

 Қызу көтерілу, қалтырау. Дене қызуы 37,0-38,00С градусқа (одан жоғары болмауы керек) дейін көтеріліп, адам қалтырай бастайды.

 Диспепсия. Улану жағдайының өрши түсунен ас қорыту қызметі бұзылады. іш қатады не сұйық болып шығады. Диспепсия кезінде көп несеп шығады, нәтижесінде ауру туғызады. Түсі күңгірттенеді.

Аппендицитті басқа аурулармен шатастырып алмау үшін дәрігерге қай кезде қалай ауырғанын ашып айтып, оның алдында болған жағдайларды толықтай еске түсіріп, баяндап берген жөн.

Қауіпті симптомдары

 ауырғаны бірнеше сағатқа басылып қалса, ішастар қуысында аппендикс жарылып кеткен болуы ықтимал. Мұндай жағдайда қайтадан қатты ауырған кезде, бәрі де кеш болады да, перитонит іш пердесінің қабынуы (көк еттің талаурау) ауыруына ұласып кетеді;

 қайта-қайта құсқысы келіп, лоқсу, бірақ құсса да жеңілдегенін сезінбеу;

 дене температурасы бірден 390С гардустан көтеріліп не керісінше тым төмен түсіп кетуі;

 бұлшықетке күш түсіп, ішке сәл қол тигізсең ауыруы;

 есін жоғалтып, сандырақтау.

Алғашқы көмек

Аппендицит ауруы неден пайда болатыны, қандай белгілері көрінетіні туралы ақпаратпен қамтамасыз еттік. Ендігі кезек, көз алдымызда әлдекім ауырғанда осындай белгілер болса, істі неден бастау керек?

Жедел жәрдем шақыру. Бұл пункті түсіндіріп жатудың өзі артық. Аурудың (әсіресе қазақтар арасында болатын жағдай) қарсыласқанына қарамастан, дереу телефонды қолға алып, жедел жәрдем қызметіне жүгініңіз.

Ол келгенше науқасты төсекке жайғастыру. Оң жақ бүйіріне мұз қоюға болады. Аппендицит кезінде науқасқа жылы ештеңе жолатуға болмайды. Одан аппендикс жарылып кетеді де, пайдасынан зияны көп болады.

Ешқандай тыныштандыратын дәрі ішуге де болмайды. Тіпті ауру басылып қалса да, бәрібір дәрігер тексеруінен міндетті түрде өту керек. Оған салғырттық танытуға болмайды!

Емделуі

Өткір соқыр ішек қабынуын емдеудің ең тиімді әрі жалғыз жолы – ота жасау арқылы құрт пішінді өсіндіны кесіп тастау.

Ота жасағаннан кейін

Ота жасалғаннан кейін адамның қалыпқа келуі әркімде әртүрлі уақытқа созылады. Орташа есеппен алғанда жараның орны жазылып кетуі үшін 10-30 күн қажет. Он жасқа жетпеген балаларда не қарт адамдарда, артық салмағы көп жандарда бұл уақыт ұзара түседі. Салауатты өмір салтын ұстанатын, жас пациенттердің қалыпқа келуі оңай. Ота жасағаннан кейінгі 3-7 күн ішінде науқастың беті бері қараса, оны ауруханадан шығарады. Ары қарай түк болмағандай бұрынғы қалпына түсуі дәрігер айтқан кеңестерді мұқият ұстанған кезде ғана болады. Ол үшін:

– Күніне аз-аз қашықтықта таза ауада серуендеу;
– Кескен жері толық жазылмайынша (2-6 ай) спортпен айналыспау, бассейнге бармау;
– Отадан кейінгі 2-3 ай бойы ауыр көтермеу;
– Артық салмағы бар және спортпен белсенді айналысатын адамдарға 3-7 күн және бірнеше ай бойы денеге салмақ түсірерде ішті тартып буатын ерекше белбеу (бандаж) кию;
– Міндетті түрде диета ұстау.

Тамақтану тәртібі

Ота жасағаннан кейін ішекке, ағзаға қайта салмақ түспей, тез жазылып кету үшін кем дегенде 2-3 апта тоқтатпай диета ұстаған абзал. 

Күніне 5-6 рет өте аз мөлшерде тамақтану. Бұл ішекке түсетін салмақты азайтады әрі пациент қарны ашқанын сезбейді. Бастапқы 2-3 күнінде қою тамаққа үзілді-кесілді тыйым салынады. Тек езбе, ботқа жеп, сұйық сорпалар, кисель ішуге ғана рұқсат етіледі. Тағам суық та, ыстық та болмауы тиіс. Онсызда әлсіреп тұрған ішектің жағдайын ушықтырады. Негізгі мәзірде – сусындар мен буда піскен тағамдар.

2-3 апталық диета аяқталған бойда бұрынғыдай газды сусындар, ұнды, қою тағамдар жей алмайды. Оған алдағы 2 ай ішінде ақырын ауысады. Диетадан кейін де дұрыс тамақтану тәртібін сақтау қажет.

Екінші рет...

Кез келген ас қорыту бөлігінде ауытқушылық болуы мүмкін: ас сіңіретін түтік екі еселеніп кетуі мықынбүйен аймағында кездеседі. Ішектің екі есе өсіп кетуі әртүрлі қалыпта болады: дөңгелек, түтік тәрізді, тікелей жанында орналаспауы да мүмкін, осылай гистологиялық құрылым түзіледі. Кейде өсінді ұзындығы 40-50 сантиметрге дейін жетеді. Ол үш түрлі жағдайда өседі. 

А типінде бір соқыр ішектің негізінен екі өсінді шығады;
В тиіпнде бір соқыр ішектен екі өсінді шығады, бірақ екеуі екі жерінде болады;
С типінде тек екі өсінді емес, соқыр ішектің екі күмбезінен де өседі.

Аппендиксті кесіп тастағаннан кейін екінші рет аппендицит ауруына шалдығады, бірақ бұл жағдай тек 50 000 адамның екеуінде ғана, яғни 0,004% пайызында кездеседі.

Денсаулығыңызға мұқият мән беріңіз. Ауырмаудың жолын біліңіз!

@. @assel_assanova