Суық тигенде дәрісіз емделу жолы

Суық тигенде дәрісіз емделу жолы
Фото: Be-Body

Қазір ауа райының қысқа күнде қырық құбылып тұрған шағы. Мұндайда ангинасы бар және иммунитеті әлсіз адамдар жарысып ауырады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз».

Алдымен, тамақтану тәртібінен бастаңыз. Көкөністе, жемістерде дәрумен көп болғанымен, қазір жеңіл-желпі тамақтанатын кез емес. Кепкен жемістер жеп иммунитетіңізді нығайтып, ет, сүт өнімдерін көптеп жеңіз. Қар жаумай тұрып көлікке қысқы дөңгелек алғандай етіп, суық тимей тұрып ағзаңызды да инфекцияға қарсы тұруға қаруландырып жүріңіз.

Ауру туралы ойламаңыз. Сәл түшкіре бастағанда не суықта жүріп қалғанда, ертең ауырып қалатын шығармын деп ойласаңыз, бітті. Ауруды өзіңіз-ақ шақырып алдыңыз. Бұл сөз сізге қиял-ғажайыптай көрінер, дегенмен «ауырмаймын», «менің иммунитетім әлсіз емес» деп өзіңізді сендіріп көріңіз, сонда көзіңіз жетеді.

Суық тию белгілері әркімде әртүрлі көрінеді, байқаған бойда онымен күресті бастап кетіңіз. Бір-ақ күнде емделіп, жазылуға болады. Ауруды жеңдірмеңіз.

Мұрныңыз бітіп, тұмау белгілері білінсе, төсекке жатпаңыз. Бар күшіңізді жиып, таза ауада тыныстауға шығыңыз. Төсекте жатқан сайын ауру күшейе береді.

Ал басыңыз солқылдап ауырса, бір лимонды сығып сөлін шығарып, оған бір стақан ыстық су қосып ішіңіз. Доктор мом немесе камфора майын алып, шекеге, алақанға, табанға жағыңыз. Мазьге қарағанда май терді жақсы шығарады. Сорпа қайнатып, қара бұрыш қосып ішсеңіз де болады. Әжелердің әдісімен тер шығаратын шаралар жасап, қалың көрпе жамылып жатыңыз. Тұрған соң қызуыңыз бірден түспеуі мүмкін, бастың солқылдағаны басылады. 15-20 минут сайын жылы су ішіңіз, бірер сағат ішінде қызуыңыз да түседі.

Ал тамағыңыз ауырса, бір лимон сығындысына 100 грамм бал қосып ішіңіз. Лимон мен бал қосындысы өте дәмді болады, татып көріңіз. Тағы бір әдісі суға ас содасын ерітіп, осы қоспамен тамағыңызды шайыңыз. Қақырық келгенде бірден шығарып тастаңыз.

Жылы киініп, өзіңізді күтіңіз, оқырман! Сіз біз үшін қымбатсыз!

@. @assel_assanova