Омыртқа саулығы – жалпы деннің саулығы

Омыртқа аурулары қазір жер бетінде тірек-қозғалыс жүйесіндегі ең көп тараған аурулардың бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, бұл ауруға әлем жұртшылығының 80 пайызы шалдыққан. Бір жаманы, жыл өткен сайын бұл аурумен ауыратындар арасында жастар саны артып келеді.

Жалпы, омыртқа ауруларының 52 түрі бар және олар омыртқалардың арасындағы шеміршек деформациялануы негізінде аралары жақындап, жұлын мен ми жүйке тамырлары қысылған кезде байқалады. Осының нәтижесінде адамның белі, аяғы, қолы, басы, тіпті, ішкі ағзаларының ауыру мүмкіндігі артады.

Омыртқа – адам денесінің тірегі, ішкі ағзаларды сыртқы әсерлерден қорғап тұрған қалқаны саналады. Омыртқаның ауруға шалдығуы жалпы адам ағзасының өзіндік ерекшелігіне байланысты орын алады. Мысалы, төрт тағандап жүретін жануарларға бұл ауру дарымайтын себебі, олардың омыртқасына түсетін күш аз. Ал, адам ауруға шалдықпау жолында көп қозғалуы керек. Қазір адамдар көп қозғалмай, компьютердің алдында отыруы, белсенділігі төмендеуі салдарынан омыртқа ауруына шалдығушылар саны артып жатыр. Омыртқа ортасында болатын жұлынның қысылуынан, адамның денесі мүшелерінің қоректенуі нашарлап, нәтижесінде ішкі ағзалардың барлығы ауруға ұшырайды.

Сондықтан, адамның дені сау болуы үшін, омыртқаны үнемі жаттықтырып отыру шарт. Арқа бұлшықеттерін нығайту жолындағы ең тиімді әдіс – бассейнге бару. Олар мықты болған жағдайда омыртқаға түсетін салмақтың көлемді бөлігін бұлшықеттер өз еншісіне алады. Ендеше бұл мәселеге бей-жай қарамаңыз, құрметті оқырман. Өйткені, омыртқа саулығы – жалпы деннің саулығы.