ДДСҰ: адамдар антибиотиктерді дұрыс қолданбайды

ДДСҰ: адамдар антибиотиктерді дұрыс қолданбайды
Фото: 24.kz

Антибиотиктерді ретсіз қабылдау денсаулыққа қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай мәлімдеме жасады. Себебі дұрыс қолданбаған дәріге ағзада төзімділік пайда болып, инфекциялармен күрес қиындайды.

Тіпті АҚШ-та өткен зерттеу антибиотиктер тиімділігінің әлсіреуіне байланысты елде жылына 6 мыңнан аса адам қайтыс болатынын көрсетті. Бұған бұл дәрілерге қатысты халық сауатының төмендігі себеп. 12 елде зерттеу жүргізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай қорытындыға келген. Зерттеуге қатысқандардың 64%-ы антибиотиктер тұмауды емдеуге көмектеседі деп санайды. Үштен бірі тәуір бола бастағанда-ақ дәрілерін қабылдауды доғарады екен. 25%-ы дәрігерге көрінбей, кезінде белгілері ұқсас ауруға шалдыққан таныстарының кеңесі бойынша антибиотик ішуге дайын.

Маргарет Чен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры: - Антибиотиктерге төзу қабілетінің артуы жаһандық дағдарысқа айналған. Көптеген мемлекеттер осы мәселенің маңыздылығын мойындап, денсаулыққа төнген ең басты қатерлердің бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл әлемнің бүкіл аймақтарына тән мәселе.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы