Кофенің орнын басатын сусындар

Кофенің орнын басатын сусындар
Фото: www.drclinic.in

Басым көпшілігіңіз таңертеңгі аспен бірге кофе ішкенді жақсы көресіздер. Алайда оның орнына басқа да пайдалы сусындарды тұтынуға болатынын барлығыңыз біле бермейтін шығарсыздар. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға керемет күш-қуат, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын сусындарды ұсынып отырмыз.

Лимон мен бал араласқан сусын.

Бұл сусын түрі тек қана жұмыс істеуге деген зор қабілеттілігіңізді ғана емес, сонымен қатар артық салмақтан арылып, иммунитетіңіздің күшеюіне көмектеседі. Бір стақан жылы суға 1-2 бөлік лимонды салып, бір шай қасық бал қосып, жақсылап араластырыңыз. Егер қаласаңыз бір шай қасық хош иісті даршын өсімдігін де қосуыңызға болады. Ол үшін оны лимонмен бірге қайнаған ыстық суға салып, суығаннан кейін ғана бал қосып ішіңіз.

Апельсин шырыны араласқан какао.

Мұндай сусын таңертеңнен бастап сізге тамаша көңіл-күй сыйлайды. Сонымен бірге холестерин мөлшерін қалыпқа келтіреді. Оны дайындау үшін апельсин қабығын үккіштен өткізіп, жемістің жартысын шырынсыққышқа салуыңыз керек. Содан соң какаоны қайнатып, оған сүт және дайын болған апельсин шырыны мен қабығын қосыңыз. Оның үстіне азғантай бал мен қоңыр қант қоссаңыз болады.

Серменеден (дәмі, иісі лимонға ұқсайды) жасалған шай.

Бұл шайды көбіне кофенің орнына ішуге болады. Серменеден жасалған шай керемет күш-қуат береді және күйзеліске ұшыраған кезде көмектеседі. Оған қоса сермененің бауырға да пайдасы мол. Ол есте сақтау қабілетін де арттырады. Дайындау жолы да өте қарапайым. Оның 10 грамм кептірілген жас жапырағын алып, 1 литр қайнаған сумен араластырыңыз. Бұл жапырақтарды күнделікті ішетін шайыңызға да қосып ішуіңізге болады.

Жанжабіл шайы.

Жанжабіл шайының кофеге қарағанда пайдасы көбірек. Оның хош иісі шаршағаныңызды басып, көңіл-күйіңізді көтереді. Бұл сусынды әсіресе шығармашылық жұмыстармен айналысатын адамдарға тұтынған жөн. Бұл шайды да дайындау өте оңай әрі көп уақытыңызды алмайды. Жанжабілді алып, қабығын аршып, кішкентай етіп турап, үстіне қайнаған су құйсаңыз болғаны. Дәмін келтіру үшін лимон мен бал немесе бір-екі жалбыз жапырақтарын қосуыңызға болады.

Ақжұпар қосылған көк шай.

Бұл шай да кофенің орнын баса алады. Көк шайдың құрамында да кофеин көптеп кездеседі. Алайда көк шайдағы кофеин кофедегі кофеинге қарағанда кеш әсер етеді. Сонымен қатар көк шайда катехин секілді өте қуатты антиоксиданттар бар. Мұндай шайға да лимон қосуға болады. Тек бір ескеретін жағдай, судың температурасы 80–85 °C жоғары болмау керек.

Ж. Исакаев