20 минут жаяу жүріп, өміріңізді 7 жылға дейін ұзартыңыз

20 минут жаяу жүріп, өміріңізді 7 жылға дейін ұзартыңыз
Фото: lifehacker.ru

Егер дене бітіміңізді жақсартып, төзімділігіңізді арттырып, жүрек бұлшықеттерін қатайтып, иммунитетіңізді нығайтқыңыз келсе, онда жаяу жүру өте пайдалы іс. Сонымен қатар жаяу жүру арқылы артық салмағыңыздан арылып, пішініңізді қалыпқа келтіре аласыз. Серуендеуге достарыңызбен немесе сүйіктіңізбен бірге шыққаныңыз жақсы. Себебі адам жалғыз өзі жүріп, жалығып кетуі мүмкін.

Саарланд университетіндегі неміс оқымыстылары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оған 69 адам қатысуға келісім берді. Бұл жандар бұған дейін ешқандай спорт түрімен айналыспаса да зиянды әдеттердің бәрінен аулақ болған. Содан соң 6 ай бойы күніне 20 минут жаяу жүріп, сараптамаға қан тапсырады. Зерттеу нәтижесінде бұлардың ағзасында қартаюы процесі баяулағаны анық болды. Жаяу жүрудің көмегімен тек қана жас көрініп қоймайсыз, өміріңізді 3 жылдан 7 жылға дейін ұзартасыз.

Сонымен бірге оқымыстылар спорттың депрессияға қарсы көмектесетінін және деменция процесін бәсеңдете түсетінін тілге тиек етті. Олар жаттығу жасаудың ерте-кеші жоқ дейді. Тіпті 50-60 жасыңыздан бастап спортпен шұғылдансаңыз да 50% инфарктқа ұшырау қаупінен аман қаласыз. 70 жасыңызда да спортты серік етуге болады. Онда сіз жүрек-қан тамыр ауруларының алдын аласыз.

Жүрегіңіз де, қан тамырларыңыз да сау болсын десеңіз, күніне кем дегенде 20 минут жаяу жүруді ұмытпаңыз. Ал темекі, арақ, шарап секілді зиянды заттарды есіңізге де алмаңыз. Таза ауамен, кешкі салқынмен серуендеп, денсаулығыңызды дұрыстаңыз.

Ж. Исакаев