Түнде смартфонға қараушы болмаңыз

Түнде смартфонға қараушы болмаңыз

Компьютердің көзге әсері жайлы талай естіп келдік. Әрине, 8 сағаттап монитор алдында отыратын адамға зиянының барын бәріміз де білеміз. Ал, өміріміздің негізіне айналған смартфондар ше?

Компьютер сіздің үйіңізде және жұмысыңызда. Ал смартфон қайда жүрсеңіз де, жаныңызда. Кішкентай ғана дисплейге дастархан басында да, көшеде де, кафеде де, көлікте де тесіле қараймыз. Ал оның зияны компьютердің зиянынан асып түсетінін білесіз бе? Сондықтан да, смартфонды дұрыс қолдана білу арқылы көзге аса қатты зиянын тигізбеудің жолдарын ұсынатын боламыз. Ал бірінші кезекте оның қалайша теріс әсер ете алатындығын қарастырайық.

Journal of Optometry and Vision Science журналында адамдар смартфонды көзге өте жақын ұстайтындықтан зияны көп тиетіні жайлы ақпарат жазылған. Журнал жасаған зерттеу бойынша, адамдар веб-парақшаларды смартфон бетінен қарау үстінде мәтін жазып жатқан сәтке қарағанда көзге 5-6 сантиметр жақын ұстайды екен. Адам мәтін жазғанда емес, оқығанда көбірек көзіне зақым алады.

Контактілі линза тағатын 129 адам зерттеуге қатысқан. Олар осыған дейін қалыптасып кеткен «1,2,10» ережесін сақтамайды екен. Бұл ереже бойынша, адам смартфонды ұстаған кезде ол көзден 30 см алшақ болуы керек. Ал компьютер көзден 60 см алшақ болуы керек. Ережеде адам көзі теледидардан 3 метр алшақтықта болуы керек делінген.

Смартфондағы сурет немесе мәтін біркелкі емес. Мәселен, өте ұсақ қаріпті оқу үшін міндетті түрде оны көзге жақындатамыз. Осы құбылысты зерттей келе ғалымдар 1997 жылға (бұл кезде смартфондар енді ғана шығып жатқан болатын) қарағанда қазіргі таңда смартфон қолданатын болғандықтан көру қабілеті 35%-ға нашарлап кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Бұл зерттеуді көз хирургы әрі «Фокус» деп аталатын лондондық клиниканың құрушысы Дэвид Алламби жүргізіпті. Дэвид өзінің еңбектерінде бұл құбылысты «экрандық алыстан көрмеушілік» деп те атайды екен.

Алыстан көре алмаушылық пен миопия адамда екі фактор бойынша кездесуі мүмкін: біріншісі – тұқым қуалаушылық фактор, ал екіншісі – жақын қашықтықтағы затты қайта-қайта қарай беру, мәселен оқу.

Смартфонды қолдану – оқу мен компьютер алдында отырумен бірдей-ақ әсер етеді. Дисплейді көзге жақындатып қарай бастаған кезімізде біз затты я мәтінді көру үшін автоматты түрде көру фокусын реттейміз. Ал бұл көзге үлкен қысым түсіреді дейді ғалым.   

Мәселенің басын ашып алдық. Смартфонның неліктен көзімізге зиян тигізетінінің себебін анықтаған соң келесі кезек – мұндай жағдайда не істеу керек деген сұраққа көшейік.

Ең бірінші кеңес – смартфонды қолданудан бас тарту. Бірақ оның бүгінгі заман көшіне ілесу құралы ретінде қарастырғандықтан бұл кеңесімізді тыңдайтын адам жоқ шығар. Сондықтан көзге арналған арнайы линза киіп, смартфонның зиянын азайтуға болады. Десе де, кейбір көру заңдылықтарын айтып өткеніміз жөн шығар:

Көзді жиі жыпылықтатыңыз

Смартфон экранына қараған сәтіңізде сіз көзіңізді үш есе сирек ашып-жабасыз. Бұл көздің құрғауына себеп. Көздің құрғағанында тұрған бәлендей зиян болмаса да, көз жанарыңыздың тез талмауына мүмкіндік жасайсыз.

20/20/20 заңдылығы

Смартфон бетінен оқып, фильм көріп немесе сайттарды ақтарыстырып қарап жатқаныңызда әр 20 минут сайын көзіңізді экраннан демалдырыңыз. Көзіңізді алысқа қаратып, мәселен 6 метрлік қашықтыққа қаратып, 20 секундтай демалыңыз.

Жарықты қадағалаңыз

Егер бөлме қараңғы болса смартфон бетінен кітап оқуды немесе ойын ойнауды ұмытқаныңыз абзал. Жарықтың жетіспеуі кезінде сізге қаратыла қатты жарық көзіңізге шағылысып тұрса көзіңізді құртып аласыз. Сондықтан да девайсты тек жарық бөлмеде немесе күндіз қолданыңыз.

Өзге біреумен сөйлесу үстінде телефонға қарамаңыз

Әлдекіммен сөйлесу кезінде телефоннан көзіңізді ала алмай отырсаңыз бұл қарапайым мәдениетсіздігіңізді көрсетеді. Ал егер екі жақ та смартфонға қарап сөйлесіп отырса – бұл енді тіптен шектен шыққандық. Қарым-қатынас жасаушы адамыңызға 100% назарыңызды аударыңыз. Бұл тек оған деген құрметіңізді ғана емес, көзіңізді де аман сақтайды.

Тек декстопта

Кейбір істерді смартфонның көмегінсіз жасау туралы ойластырыңыз. Мәселен, әр сәт сайын әлектронды пошта мен әлеуметтік желілерде тексере бермеуге уәде етіңіз. Кейде тіпті қажетсіз ақпараттарды әдет бойынша оқи жөнелеміз. Егер өзіңізді мұндай зиянды әдеттерден аулақ ұстайтын болсаңыз денсаулығыңызды ерте бастан бұзып алмайсыз.

Қаріпті үлкейтіңіз

Телефоныңыздың шрифтін үлкен режимге қойыңыз. Егер шрифт үлкен болса, көзіңізге де артық салмақ түспейді.

Қолыңызға дұрыстап ұстаңыз

Жоғарыда айтқанымыздай, біз телефон экранын жақындатып ұстаймыз. Өз девайсыңызды қандай қашықтықта ұстайтыныңызды бақылаңыз. Егер қашықтығын 30-40 сантиметрден асыратын болсаңыз көзіңіз де дін-аман болады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Kostenko Maxim/Shutterstock.com, globo.com

А. Құлтай