Әрбір таңды пайдалы етуге болады

Әрбір таңды пайдалы етуге болады

Адамдар әрбір атқан таңда ұйқысы қанбай оянады, ұйқылы-ояу жүріп сабаққа я жұмысқа асығады. Кейде таңғы асты да ішпей, маңызды жұмысымен айналысып кетеді. Бұл көпшіліктің «таң» деп білетін құбылысы. Ал негізінде таң ләззаты мүлдем басқаша болуы керектігі жөнінде ойланып көрдіңіз бе?

Ендеше, Massaget.kz сізге көмекке келмек.

20 минут бұрын ояну

Өзіңіз ойлап көріңіз, әр таң сайын 20 минутқа немесе бір сағатқа ерте оянатын болсаңыз  бір аптада 7 сағат ұтасыз. Осы жеті сағат өзіңізге ұнайтын істермен айналысуға жетіп жатыр. Бұл сағаттарда спортпен айналысыңыз, күнделік жазыңыз, шығармашылықпен айналысыңыз. Бір сөзбен айтқанда өзіңізді мінсіз етуге деген мүмкіндігіңіз осы таңғы бір сағаттың сыйлайтын жемісі.

Әрине, ұйқысы қанбай жүрген адамға ерте тұрып алудың орнына сол бір сағатты тыныш ұйқыға арнаған пайдалы сияқты көрінуі әбден мүмкін. Бірақ бұл біздің үлкен қателігіміз. Ұйқы уақытын қысқарту туралы ойламаңыз да! Оның орнына ерте тұру үшін ерте ұйықтауды үйреніңіз, әдетке айналдырыңыз. Ол үшін компьютерді немесе теледидарды өшіріп, смартфоныңызды сөндіріп, ұйқыға кетіңіз.

Психологиялық дайындық

Құдайдың құтты күні біз адамдармен қарым-қатынас жасаймыз, тапсырма аламыз, оларды орындаймыз. Күйбең тіршілік бітер емес. Дәл осы тіршілікті біз өмір деп ойлаймыз. Мұның да шешімін таң ләззатынан алуға болады. Таң уақытында миыңыз тынығып, күрделі жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Сол үшін де қай істің сіз үшін маңызы барын, ал қай істі кейінге қалдыруға болатынын ойлап алыңыз.

Лимон қосылған су

Әр күніңізді су ішумен бастаңыз. Бұл сіздің жалпы ағзаңызды жақсартып қана қоймай, ас қорыту жүйеңізді де ретке келтіреді (Метоболизмді жақсартып, қажетсіз токсиндерді шығарады).  

Жаттығу

Біреулер спортпен таңертең, ал тағы да біреулер кешке қарай айналысу керектігін айтып жатады. Бірақ қандай жағдай болмасын, қарапайым әрі жеңіл орындалатын жаттығу немесе йогамен айналысу сізге пайдасын тигізетініне сеніңіз. Мұның нәтижесі тек бұлшықеттеріңіз бен қоспаларыңызды жаттықтырып қана қоймай, сонымен қатар, бір күн бойына қуат сыйлайды.

Таңғы ас

Таңертең жұмысқа таңғы асыңызды ішпей кететін болсаңыз, бұл сіздің асқазаныңызды үлкен жылдамдықпен бұзатынын біліңіз. Денсаулықтың бұзылуынан күні бойғы көңіл-күйіңіздің де, жұмыс өнімділігіңіздің де төмен болатынын ескертеміз.

Ән тыңдау

Ояна салып теледидарды немесе радионы қосушы болмаңыз. Жаңалық оқу сіздің таңғы ас ішуге деген тәбетіңізді бұзады, ал жарнама миыңызды қажетсіз ақпаратпен толтырады, ал әр таңда болатын түрлі қызықты бағдарламалар уақытыңызды аяусыз жалмайды.

Оның орнына өзіңізге ұнайтын ән тыңдаңыз. Әсем ән жұмыс күніңізге жақсы әсер сыйлап, күні бойы шаршамай жүруіңізге сеп болады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген

А. Құлтай