Пайдалы 7 әдет

Пайдалы 7 әдет

Кей адам мықты денсаулықтың қожайыны атану үшін көп уақыт, көп күш керек деп ойлайды, алайда, бір ғана минутты қажет ететін әдеттер арқылы денсаулыққа оң әсер беруге болатындығын ешкім біле бермейді. Мүлде еш нәрсе жасамағанға қарағанда, бір минуттық әрекеттің артықшылығы көп. Мәселен, бір минут секіргішпен секіру жүрек жұмысын жақсартады, ал әр күн сайын 5 адамға алғыс айтатын болсаңыз, әлемге күліп қарауды үйренесіз.

Бүгін өздеріңізге дәл осындай пайдалы әдеттер туралы әңгімелегіміз келіп отыр:

Тіл тазалығы

Тістің құрттауы мен тіс жиегі ауруларының пайда болмасы үшін әр күні тісті сапалы щеткалармен тазалау керек және тіс тазартуға арналған жіпті қолданған жөн. Мұны білесіз. Тіс гигиенасын сақтаудағы тағы бір маңызды қадам – тіл тазалығын сақтау.

Тілдің артқы жағында бактериялар жиналып, жағымсыз иістің шығуына себепкер болады. Сол себептен де, тілдің ұшынан түбіне дейін тазалап тұрыңыз. Мұны күніне бір минут жасағанның өзінде тағам қалдықтарынан тазарып, бактериялардан арылып, жағымсыз иістен құтыласыз. Ол үшін дәріханадан тіл тазалауға арналған арнайы құралды сатып алғаныңыз дұрыс.

Шынтаққа түшкіру

Түшкіргенде жаныңызда әрдайым орамал бола бермейді. Осындай тығырықтан шығу үшін шынтағымызға немесе білекке арқа сүйейміз. Мәдениетсіз көрінгендігімен, бұл сіздің денсаулық үшін өте пайдалы. Алақан әрдайым таза бола бермейді, микробтардың тарауына жол ашатындықтан оған сенім артпағаныңыз жөн.

Сондай-ақ, шынтақ ұсақ микробтардың ауаға таралуына мүмкіндік бермейді, бұл ешбір адамға зияныңызды тигізбейсіз деген сөз. Мұны жастың да, кәрінің де білгені абзал.

Суды лимонадқа айналдыру

Егер қарапайым ауыз су дәмсіз көрінсе, оның жаңа бояу мен жаңа дәмге ие болуына мүмкіндік беріңіз: стақанға немесе кесеге бірнеше түйір лайм, лимон немесе апельсин салыңыз. Таңқурай, құлпынай сынды жидектер де жарайды. Онан да ерекше сусынды қалайсыз ба? Бір тал жалбыз бен түйір киви немесе қияр салыңыз.

Сұйық ішу денсаулыққа өте пайдалы. Ал осындай сусындар сіздің тәбетіңізді оятады әрі зияны көп газды сусындардың орнын алмастыра алады.

Әдетте адамдар бір тәулікте ағзаға қажет мөлшердегі суды уақытылы ішпейді: ағзаңыз ащы немесе тәттіні талап етіп тұрса, су ішетін уақыт болды деп біліңіз. Әйелдер күніне 9 стақан, ерлер 13 стақан су ішуге тиіс.

Көзді демалдыру

Қаншама қызметкер мен студент уақытының ең көп бөлігін монитор бетіне қараумен өткізеді. Дұрыс отырмау немесе жарықтың нашар түсуі бас ауруына әкеліп соқтырады. Бұл синдром компьютерден теріс айналғанда жоғалып кетеді.

Көзді монитордың қастандығынан сақтау үшін жиі үзілістер жасап тұрыңыз. Окулист мамандар "20-20-20" ережесін ұстануға кеңес береді. Компьютер алдында 20 минут отырғаннан кейін 20 сантиметр алыста тұрған затқа 20 секунд бойы қарап үйреніңіз.

Осындай қысқа үзілістер шаршауды азайтып, тұрақты жұмысты қамтамасыз етеді. Орындықтан да тұрып, жақсылап керіліп алған жөн. Тартылу қан айналымын жақсартып, дене мен ойды сергітеді.

Жыл бойы күннен қорғайтын крем қолдану

Соңғы зерттеулердің нәтижесі бойынша, әр күн сайын күннен қорғайтын кремді қолдану екі бірдей пайда әкелетіндігі дәлелденді: күннен қорғайтын крем теріні кәрілік белгілерінен сақтап, терідегі қатерлі ісіктің пайда болу қаупін азайтады.

Осындай қорытынды айтқан аустралиялық ғалымдар күннен қорғайтын кремді жиі қолданатын әйелдер мен ерлердің өз қатарластарынан әлдеқайда жас көрінетіндігін байқаған. Олардың беттерінде әжім де, қара дақтар да аз.

Сондықтан да, қартаю үдерісін баяулатқыңыз келсе, таңертең жуынғаннан кейін кез келген ауа-райында крем жағып жүріңіз.

Ысқышты қысқа толқынды пеште қыздыру

Үйдегі ең лас жердің унитаз да, гардероб та емес, ыдыс жууға арналған ысқыш екендігі толықтай дәлелденген. Олар көбіне шикі етті сүрту, үстел үстін тазалау және ыдыс жуу үшін қолданылады. Оның ұсақ тесікті құрылымы тағамнан пайда болған бактерияларды, зеңдерді, саңырауқұлақтарды жинап алуға ең идеал жағдай туғызады.

Микробтардың таралуын тоқтату, ысқышты залалсыздандыру үшін оны әр кеш сайын қысқа толқынды пешке немесе ыдыс жуатын машинаға 30 секунд бойы салып қойыңыз. Ысқышты пештен шығарарда абай болыңыз.

Ашуланғанда онға дейін санау

Ашуыңызды басу үшін онға дейін санаңыз және әрбір сан сайын терең демалыңыз. Осы бір қарапайым әдіс бойды билеген ызадан құтқарады.

Санақ ойды алдайды, осы уақытта кері әсер беріп тұрған жағдайды немесе адамды ұмытып, басқа нәрсеге көңіл бөлесіз. Он санынан кейін де ашуланып тұрсаңыз, әрмен қарай санай беріңіз. Әр саннан кейін терең демалуды да естен шығармаңыз. Тынышталып, эмоцияңызды басқара алатын жағдайға жеткенде тоқтауға болады.

Пайдалы әдеттеріңіз көп болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: byaki.net

С. А