Луинамен бірге жаттығайық

Луинамен бірге жаттығайық

Қазақстандық жас әнші Луина дарынды, еңбекқор, сұлу ару. Ол көпшілікті жеңіл, көңілді әндерімен, нәзік дауысымен және әрине, әсем келбетімен тартады. Соңғысының сыры салауатты өмір салтында екен. Күнделікті жаттығуларды міндетті түрде орындайтын ол, бүгін өзінің жаттығуларымен бізбен бөліседі.

1-Жаттығу. Алға қарай отыру

Бұл жаттығу сан мен жамбас бұлшық еттерін жаттықтырады.

1. Аяқты кең қойып, қолды белге ұстап, тік тұрыңыз.

2. Денеңізді тік ұстай тұра алдыға қадам жасап, бір аяққа отырыңыз. Бар салмағыңызды осы аяққа түсірген дұрыс.

3. Бастапқы қалыпқа оралып, жаттығуды екінші аяғыңызбен қайталаңыз.

Жаттығуды әр аяққа 30 рет жасау керек.

2-Жаттығу. Қол жаттығулары

Жаттығу қол бұлшық еттерін, трицепстерді, арқаны жаттықтырады.

1. Тік тұрып, бір қолға су бөтелкесін (гантель орнына) алыңыз.

2. Бөтелке ұстаған қолды барынша жоғары көтеріңіз. 

3. Жаттығуды екінші қолыңызбен қайталаңыз. 

Жаттығуды әр қолға 30 рет жасаңыз.

3-Жаттығу. Екі жаққа еңкею.

Жаттығу пресс, іш бұлшық еттерін шымыр қылуға арналған.

1. Аяқты кең қойып, тік тұрыңыз.

2. Оң қолды жоғары көтеріңіз, ал сол қолды белге қойыңыз.

3. Мүмкіндігіңізше сол жаққа қарай еңкейіңіз.

4. Жаттығуды екінші қолыңызбен қайталаңыз.

Жаттығуды әр жаққа 30 рет жасау керек.

4-Жаттығу. Плие жаттығуы

Бұл жаттығу сан, жамбас, аяқ, пресс бұлшық еттерін жаттықтыруға бағытталған.

1. Аяқтарыңызды кең қойып, аяқ тұмсығын сыртқа қарай бағыттаңыз, қолға су құйылған бөтелке алыңыз.

2. Мүмкіндігіңізше "терең" отыруға тырысыңыз. Жаттығуды өте баяу орындау керек.

Жаттығуды 30 рет қайталаңыз.

5-Жаттығу. Орындықпен жаттығу

Орындықпен орындалатын жаттығу кезінде аяқ пен сан бұлшық еттері шымырланады.

1. Қолыңызды орындықтың арқасына тіреп, аяқты кең қойып, тік тұрыңыз.

2. Бір аяқты артқа қарай тартып, барынша көтеруге тырысыңыз.

3. Осындай қалыпта бірнеше секунд тұрып, дәл осы жаттығуды екінші аяғыңызбен қайталаңыз.

Жаттығуды әр аяққа 25 рет жасаңыз.

Дәл осы жаттығуларды Луина күнделікті жасау арқылы денесінің шымырлығын сақтап, артық салмаққа жол бермейді екен.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: cosmo.kz

С. А