Қасқырлар ұлып, құстар шулаған: Алматыдағы жер сілкінісі кезінде зообақтағы жануарлар қандай әрекет жасады?

Алматыдағы зообақ қызметкерлері жануарлардың жер сілкінісі кезінде қандай іс әрекет жасағанын көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зообақ қызметкерлерінің сөзінше, түн ішінде онда күзет қызметкерлері мен кезекші ветеринарлардан басқа адам болмайды.

Қызметкерлердің айтуынша, жер сілкінісіне дейін жануарлардың ешқандай ерекше іс-қимылдары байқалмаған.

"Жер сілкінгеннен кейін қасқырлар ұлып, тырна, бүркіт, қаз, үйрек сияқты құстар шулай бастаған. Таңертең қызметкерлеріміз зообақтағы жалпы жағдайды тексеріп, барлық қоршауларды бақылап шықты. Олар қорыққаннан бір-бірінін құшақтап, бұрышта тығылып отырған Паша мен Лола шимпанзе жұбын көреді", - делінген хабарламада.

Өткен ғасырдың 80-90 жылдары ҚазССР Ғылым академиясының Сейсмология институты мамандарының жетекшілігімен Алматы хайуанаттар бағының ғылыми кеңесі жер сілкінісін болжауға қатысты зообақ жануарлары арасында арнайы зерттеулер жүргізген.

Мамандар жануарлардың жер сілкінісі алдында және одан кейінгі іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарындағы өзгерістерді зерттеген.

"Сол кезеңдерде қалада адамдарға сезілген 15 жер сілкінісі болған екен. Алты түрлі жануар жер сілкінісі алдында әдеттен тыс іс-қимылдар жасаған екен. Көп жағдайда жер сілкінісін алдын-ала жыландар сезіп, белсенді қимылдағаны байқалған", - деп хабарлады зообақ Instagram-дағы парақшасында.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!