Қазақстанда санаторийлерге тегін бару үшін не істеу керек?

Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы сауал жолдап, Қазақстанда кімдер тегін санаторийге бара алатынын және ол үшін қайда жүгіну керегін анықтады.

Қазақстанда тегін санаторий кімдерге қарастырылған? Тегін санаторийге жіберу мемлекет бюджеті есебінен жүргізіле ме?

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 1-тарауының 223-тармағына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу - адамдардың санаторийлік-курорттық ұйымда уақытша болу жағдайында жүргізілетін медициналық оңалту түрі болып саналады. Медициналық оңалту көрсету арнайы бұйрықпен реттеледі. Сол бұйрыққа сәйкес, медициналық оңалту пациенттерге көрсетілетін қызметтерді жүргізуге көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге, ҚХЖ сәйкес пациенттің жай-күйін бағалауға, тіршілік-тынысы мен денсаулығының  шектеулеріне, оңалту әлеуетінің деңгейіне, ауру ағымының кезеңіне немесе жай-күйіне байланысты жүргізіледі.

Көрсетілімдер болған жағдайда медициналық оңалту 10-қайта  қараудың денсаулыққа байланысты аурулар және проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесінің кодтары бойынша аурулардың тізбесі бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) жүргізіледі.

Оған қоса, ақылы негізінде азаматтардың өз қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілердің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен көрсетіледі.

Сонымен қатар, №283 бұйрыққа сәйкес мүгедектігі бар адамдарға санаторийлік-курорттық емделуді ұсыну портал немесе мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады және күнтізбелік жылда бір реттен артық емес он төрт тәуліктен аспайтын мерзімге беріледі. №283 бұйрыққа сәйкес мүгедектігі бар адамдарға санаторийлік-курорттық емделу әлеуметтік қызметтерін ұсынуға берілген өтінішке сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.

Тегін санаторий қызметін қолданғысы келетін адамдар қайда жүгінуі керек?

Санаторийлік-курорттық емдеуге жолдама алу үшін азамат өзінің учаскелік дәрігеріне жүгіну қажет.

Ал мүгедектігі бар адамдар №283 бұйрыққа сәйкес мемлекеттік корпорацияға, қалалық басқармаға, тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту бөліміне өтінішпен және жеке басын куәландыратын құжатпен не цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) электрондық құжатпен жүгінеді.

Тегін санаторийге қай жерлерге жіберіледі?

Санаторийлік-курорттық емделуді тегін медициналық оңалту қызметтерін көрсетуге ҚеАК МӘМС пен шарт жасасқан санаторийлерде алуға болады. Мүгедектігі бар адамдар санаторийді портал арқылы өнім беруші тізімінен таңдай алады.

2023 жылы қанша адам қандай санат бойынша тегін санаторий қызметін қолданды?

Медициналық ақпараттық жүйенің мәліметі бойынша, 2023 жылы санаторийлік-курорттық емделуге 16 944 жолдама берілген. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!