"Роза коучтың айтқандарын тыңдап, әйелім үйден кетіп қалды". Танымал психолог әнші Индира Расылханға жауап берді

"Роза коучтың айтқандарын тыңдап, әйелім үйден кетіп қалды". Танымал психолог әнші Индира Расылханға жауап берді
Фото: instagram.com/roza.coach, instagram.com/indirarasylkhan

Танымал коуч және психолог Роза Әшірбаева өзі жайлы айтқан әнші Индира Расылханға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Индира Расылхан Роза Әшірбаеваның парақшасын қарап шыққанын айтып, мәселе бір жақты қаралмау керегін және әйелдерге нәзік болу керегін де айтуды ұсынды.

"Мен өзімнің пікірімді білдіргім келіп тұр. Бүгін Роза коучтың парақшасын қарадым. Енді айтары бар деп ойлаймын, иә, қазір ер азаматтардың жауапкершілікті алмай жатқан жайттары бар, бірақ дегенмен де әйел азаматтарының да мықты болып кеткенін айту керек. Әлсіреу керегін, әлсіз, нәзік екенін де айту керек сияқты. Қыздардың барлығы мен күштімін деген сайын еркекке "оның өзінің де қолынан келеді" деген сигнал беріп жатыр. Түбінде кім қиналады? Әйелдер қиналады. Бұл жерде мәселе бір жақты ғана емес, абьюзер еркектер жайлы айтылған шығар, бірақ десе де...

Менің бір досым айтады, Роза коучтың айтқандарын тыңдап, менің әйелім үйден кетіп қалды дейді. Талай қазақ қыздарына, келіншектеріне кесірі болып жатыр дейді. Ол ер адаммен дауласып не айтамын енді, не дәлелдеймін?! Олар оған дейін де оны қалап жүрген, менің ойымша, Роза олардың ажырасып кетуіне себеп болды. Келіншекке енді "давай, давай" дейтін бір адам керек болған ғой. Еркектердің көбісі Розаны айыптап, біздің әйелдерді бұзып жатыр деген пікір айтып жатыр. Білмеймін енді, сіздер қалай ойлайсыздар?", - деп айтады видеода әнші Индира Расылхан.

Коуч Роза Әшірбаева ешкімді ажырас деп үгіттемейтінін, әйелдерге өздеріңді қорғаңдар деп ақыл айтатынын жазды.

"Нәзік, жұмсақ Салтанат Нүкеновадан ата-анасы, бауыры айырылып қалды. Күйеуі оны бағалаған жоқ.

Статистика бойынша, Қазақстанда жылына 400 әйел күйеуінің қолынан, соғысқа бармай, үйінде өледі. Күніне бір әйел сүйген жарының соққысынан жан тапсырады деген сөз.

Дәл қазір сіз әйел нәзіктігі туралы әңгіме айтып тұрғанда бір нәзік жан күйеуінен таяқ жеп жанталасып жатқан болуы мүмкін... Ал оған басқалар шыда, сен әйелсің, сен нәзік болу керексің деп ақыл айтады...

Еркектер құтырған иттей әйелді жан-жақтан талап, оның жаны мен тәнін қинауды норма көретін қоғамда әйелге нәзік болу қауіпті...

Еркектер мені “ажырастырдың” деп кінәласа, олардың әйелдері маған жанымды құтқардың деп алғыс айтады.

Әйел расында қорған болып отырған еркектен кетпейді. Кетсе езгідей езіп, қол көтеретін еркектен кетеді.

Ажырасудың себебі мен емес, әйелін адам құрлы көрмеген еркекте. Еркектер ажырасудың аз болуын қаласа әйелге мейірімді болсын, әйелді сүйсін.

Мен ешкімге ажырас деп үгіттемеймін, мен әйелге өзіңді қорға деп ақыл айтамын.
Қазіргі заманда әйелдің қорғаны мен қауіпсіздігі еркегі емес, оның білімі, ақшасы мен мықтылығы. Солай болуына өкінішке орай еркек кінәлі!

Бұл менің ойдан тапқан фантазтиям емес, еркектен қорлық көрген әйелдердің шындығы...

Маған ғана емес, әйелдер өз қиындығын барлық блогер, әнші, актриса әйелдерге жазады. Бірақ олар үнсіз, еркектің сөзін сөйлейді, нәзік бол, кінәні өзіңнен ізде дейді.

Мен ешкімге ұнауға міндетті емеспін, бірақ шырылдаған әйелдерге жаныңды сақта деп айту азаматтық миссиям!", - деп жазды психолог Роза Әшірбаева.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Роза Аширбаева | ҚАРЖЫЛЫҚ КОУЧ (@roza.coach)

Еске салайық, бұған дейін танымал коуч, кәсіпкер, инвестор Роза Әшірбаева күйеуімен және әкесімен қарым-қатынас, отбасындағы негізгі ережелер мен үйлену алдындағы шарт туралы эксклюзив сұхбат берген болатын.

А. Жапатова