Әкесімен, күйеуімен қарым-қатынас, декларация, ортақ бюджет. Роза коуч эксклюзив сұхбат берді

Әкесімен, күйеуімен қарым-қатынас, декларация, ортақ бюджет. Роза коуч эксклюзив сұхбат берді
Фото: Massaget.kz/ Болат Айтмолда

Танымал коуч, кәсіпкер, инвестор Роза Әшірбаева күйеуімен және әкесімен қарым-қатынас, отбасындағы негізгі ережелер мен үйлену алдындағы шарт туралы Massaget.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. 

Коуч Роза Әшірбаева әлеуметтік желідегі парақшаларында қыз-жігіттерге қарым-қатынас, отбасылық өмір туралы көп кеңес береді. Оның айтуынша, қарым-қатынас бастамас бұрын екеуара шарт жасасқан дұрыс. Ол отбасын құрмай тұрып, күйеуімен көп мәселенің бетін ашып алғанын айтты. 

"Гендерлік теңдік. Мен адамдарға не айтамын, сол нәрсені күйеуімнен де сұраймын. Бұл шарт - екеуміз жүріп жүрген кезде қалыптасқан нәрсе. Біз "не істейміз? қанша бала дүниеге әкелеміз? қандай жағдайда қандай әрекет жасаймыз?"деген сұрақтарды алдын-ала талқылап, келісімге келдік. Отбасымыздың ережелері бар. Ең басты ерекшелігіміз - екеуміз де сол ережелерге бағынамыз және айтқан сөзімізде тұрамыз. Қоғамдағы таптаурындарға қарсы тұру әрдайым қиын. Сенің туыстарың не достарың түсінбеуі мүмкін. Алайда дұрыс сөйлесе алса, әр адамға өз тілі мен деңгейінде түсіндіре алса, мәселені шешуге болады", - деді коуч. 

Роза Әшірбаева балаларымен мәселелерді қалай шешетінін айтты. 

"Балаларым айтқан кеңестерімді тыңдайды. Ұлдарым 12-де және 16-да. Өздерінің ортасы бар. Достарын үйге әкелмейді. "Өзіміз араласқанды жақсы көреміз" дейді. Қанша дегенмен, балалардың жеке өмірі бар, оған біз араласпаймыз. Бірақ қарым-қатынас туралы әлдебір сұрақ пайда болса, не маған, не әкесіне барады. Мәселені бірігіп шешеміз", - деді ол. 

Қыз бала үшін әкенің орны бөлек. Коучтың айтуынша, ол әкесімен жақсы қарым-қатынаста. Әлемге әкесінің көзқарасындай жігіт іздеген. Роза Әшірбаева әкесі ешқашан дауыс көтермегенін, үй шаруасына араласатынын айтты. 

"Әкеммен жақсы, өте адекват қарым-қатынастамыз. Бір қалада тұрамыз. Әкем маған ешқашан дауыс көтермеген. Әкем - балажан адам. Мен бала кезден ата-анамның тең қарым-қатынаста екенін көріп өскен соң, сондай отбасы құрғым келді және құра алдым. 90-жылдары көп отбасында жұмыспен қиындық болды. Әкесі немесе анасы жұмыссыз болған отбасы көп болды. Менің ата-анам да осындай кризис кезең көп болды. Бірде анам жұмыссыз болса, бірде әкем жұмыссыз қалды. Өз замандастарымнан үйде ер адам жұмыссыз қалса, ішімдікке салынып кеткенін көп көрдім. Менің әкем ешқашан олай жасамаған. Анам табыс тауып жүргенде әкем үйде балалармен айналысты, үй жинап, тамақ істедік. Ол кезде мен 10-12 жаста болдым. Әкем маған тамақ жасауды үйретті. Яғни, бала тәрбиесімен толық айналысты. "Әйелім ғана жұмыс істейді, мен жұмыс істемеймін" деп көкірекке салынып, өтірік намысы ойнаған жоқ. Анама қол көтеріп, дауыс көтергенін ешқашан көрген емеспін. Анамның намысына тию, шеке шекарасына өту деген нәрсе болған емес. Солай тәрбиеленгендіктен, сондай отбасы құрғым келді. Сондай көзқарастағы жігітпен таныстым. Мен күйеуіммен 4 жыл жүріп, білісіп-көрісіп, отбасын құрдық. Бір-біріміздің сөзде, уәдеде тұра алатынымызға көз жеткенде үйлендік", - деді ол. 

Коуч отбасын құрмас бұрын шарт жасасу керегін айтты. Сондай-ақ, ол өз отбасындағы негізгі ережелерді бөлісті. 

"Ешқашан жеке басқа өтіп ұрыспау. "Оңбаған, мен саған бекер күйеуге шығыппын", "сен де, отбасың да сондай" деп артық кету, қол көтеру деген қағидаттар алдыңғы қатарда. Күйеуім маған "жеке шекараңа ешқашан өтпеймін, қол көтермеймін" деп уәде берді, ал маған "сен ұрыстан қашып, киіміңді жинап, үйіңе кетемін" деуші болма" деді. Сол сияқты ереже көп. Отбасы мемлекет сияқты ғой. Әр мемлекеттің заңы бар. Ең бастысы - бірге отырып, ережені қалыптастыру, сосын соны ұстану. Бұл жерде бір-біріңді білу керек, жағдайыңды, мінезіңді білу керек. Бір-біріңді етене білмесең, қалауыңды, шекараңды шектеп қоясың", - деді. 

Отбасыда тағы бір мәселе - қаржыны теңдей бөлу. Роза Әшірбаеваның айтуынша, гендерлік тең отбасының қағидасымен өмір сүру қиын. 

"Гендердік қағидамен құрылған отбасыда ортақ бюджет екі жақтан толықтырылады. Ал декретте ер адам өзі толықтырады, өйткені балалы болу - тек әйелдің емес, ер адамның да қалауы. Ал басқа кезде бюджетті бірге толықтыру және жарату - бұл гендерлік тең отбасының қағидасы. Бұл қағидамен өмір сүру өте қиын. Ол үшін өте жауапты әрі білімді болуың керек. Бірақ қазір әйелдер ауыртпалықты бәрібір көтеріп отыр, ал ер адамдар оны мойындамайды. Әйелдер тең отбасын құрудан қорықпауы керек, ал ер адамдар жинақталуы керек", - деп жауап берді коуч. 

Роза Әшірбаева қандай психологиялық кітаптарды оқитынын айтты. 

"Мен психолог емеспін. Психология жанрындағы кітап көп оқымаймын. Алайда Михаил Лабковский, Милтон Эриксонды оқимын", - дейді ол. 

Қазір Желіде "қыздар 2-ге бөлінді. Бірі - Роза коучты тыңдайды, бірі Марзия Бекайдар, Фариза Төреәліні тыңдап күйеуге шыққысы келеді" деген пікір тарап жатыр. Роза Әшірбаева бұған қатысты пікір білдірді. 

"Әркім өзі біледі. Қоғамда "тек менің ойым" деген нәрсе жоқ. Өз ойын түрліше көрсететін адамдар бар. Тыңдарман өзі таңдайды. Бұл жерде "дұрыс емес" деген нәрсенің өзі дұрыс емес", - дейді кәсіпкер. 

Роза коуч блогер ретінде жұмысы айтарлықтай дамығанын айтты. Сондай-ақ, ол декларацияға қатысты ойын білдірді. 

"Менің блогер ретінде мақсатым - аудиторияма осы ақпаратты жекізу. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан осыны жеткізуім керек. Қарсы емепін, бұл да бір қарыжалай сауаттылықтың жоғарлауы деп ойлаймын. Әр адамның өз ақшасына, кірісіне, шығынына мән беріп, есептеп, жауапкершілік алуының алғышарты деп ойлаймы", - дейді ол. 

Танымал коуч алдағы жоспарын айтып, жақсы жаңалығын алға тартты. 

"Жақында үш кітабым шығады. Сондай-ақ, киноға түстім. Ерекше сюжетте. Қазіргі актуал тақырыптар - ажырасу, өтірік ажырасу, жастардың үйсіз қалуы сынды қоғамдық-әлеуметтік мәселелер көтерілетін болған соң, келісім бердім. Негізі мен актриса емеспін", - дейді Роза Әшірбаева. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек