"Қомақты ақша берген". Бельгиялықтар асырап алған қазақ баласының ісі бас прокурорға жолданды

Бельгиялық әйел асырап алған қазақ баласы Эдди Жан біраз уақыт бұрын туған анасын іздеп, Қазақстанға келді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім берілген екен. Жәнібектің анасын іздеу нәтижесі сәтсіз болып, виза мерзімі аяқталуына байланысты ол Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Танымал тележүргізуші Қымбат Досжан оның ісі бас прокурорға жолданғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Арқалық қалалық полиция басқармасында Бельгия азаматы Жан Эддидің атынан және Қазақстандағы заңды өкілі ретінде менің атымнан соталды тергеп тексеру бойынша арыс беріліп, іс қозғалған болатын. Алайда қылмыстық іс қандай да бір қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына орай қысқартылды. Қазіргі жаңалығымыз Жан Эддиді асырап алған бельгиялық азаматша Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек Жұмағұловтың суреті мен жеке мәліметін электрон пошта арқылы алғанын мәлімдеді. Одан бөлек, асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты. Осы оқиғаны зерттеу барысында Арқалық қаласының балалар үйінен 2000-2004 жылдары аралығында 80-нен аса баланы шетелдіктер асырап алғаны мәлім болды. Бұл баланың барлығы заңды түрде шетел асты ма? Жоғарыдағы мәліметтерді ескере отырып, біздегі сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге ала отырып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек "салғырттық" бабы бойынша емес, "кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша қайта қозғалуын еліміздің бас прокурорына xат жолдадық. Редакция парламент мәжілісінің депутаты Заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспанмен де жолығып, заңгерлік кеңес алды. Депутат бұл маңызды мәселеге бұдан әрі қарай да көмек беретінін айтты", - деді ол. 

Оның айтуынша, Жәнібектің оқиғасына қатытсты журналистік зерттеу жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ.

"Ресми органдарға жолданған хаттардан кейін маңызды шешім қабылданады деп сенеміз. Бұл жағдай Мемлекет басшысының да назарына ілікті деп ойлаймыз", - дейді Қымбат Досжан. 

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Кейін "Бармысың, бауырым?" және "Көреміз" редакциялары Жәнібекке анасын іздеуге көмектесті. Бірнеше әйел ДНҚ сынамасын тапсырды, алайда бірде-бір нәтиже оң шықпады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!