"Құрбымның ерекше диагнозы әсер етті". Сүйек сорпасын сатып, байыған кәсіпкер табысының құпиясын бөлісті

"Құрбымның ерекше диагнозы әсер етті". Сүйек сорпасын сатып, байыған кәсіпкер табысының құпиясын бөлісті
Фото: Жеке мұрағатынан

Сүйек сорпасы - нағыз дәрумендері, аминқышқылдары, коллагені бар табиғи өнім. Ал сүйектің өзі - табиғи коллаген көзі. Кәсіпкер Айгерім Нұқпаева бір жылдан бері 24 сағат қайнайтын "Сорпа line" атты сүйек сорпасын дайындайды. Оның бұл кәсіпті бастауына құрбысының ерекше диагнозбен ауырғаны әсер еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Екі мамандығым бар"

Айгерім Нұқпаеваның екі мамандығы бар. Бірі - экономист-бухгалтер болса, екіншісі маркетолог. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от МАРКЕТОЛОГ || ПРОДЮСЕР || (@kerim_aiken)

"Әр нәрсеге қызығатын қызық қасиетім бар. Сондықтан бір-біріне ұқсамайтын түрлі дүниемен айналыстым. Бухгалтерліктен бастап, әлеуметтік желілерде парақша жүргізу, эксперттерге продюсер болу, кітап сату, тур ұйымдастыру, newborn түсірілімдер, т.б. тізе берсем көп. Бұл кәсіпті 2022 жылдың желтоқсан айында бастадым. Жалпы мен бүкіл әлемді Жаратушы барына сенемін. Осы сорпаның идеясы басынан бастап қазіргі жолына дейін сол Алланың ісі деп білемін", - деді ол.

Кәсіпке қызығушылық денсаулық саласына ден қоюдан басталған.

"Денсаулық саласына ден қоюуыма  марқұм құрбым Торғын Жолдасбекқызы себеп болды. Ең бірінші таныстығымыз онлайн болған. Әлеуметтік желіге "Кеш қалма" романын әр серияға бөліп жүктеп отыратын. Солай әр бөлімін асыға күтіп, пікір жазып жүріп, жақсы араласып кеттік. Офлайн 2019 жылы жолықтық. 2020 жылдан бастап бірге екі жылға жуық тұрдық. Бар "қызық" сол кезде басталды", - деді кәсіпкер.

"Құрбымның диагнозы әсер етті"

Айгерімнің құрбысы Синдром Эрба Рота диагнозымен ауырған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от МАРКЕТОЛОГ || ПРОДЮСЕР || (@kerim_aiken)

"Құрбымның қасында жүріп, адам ағзасы туралы жоғары білім алып шықтым. Торғын мыңнан бір адамда кездесетін Синдром Эрба Рота диагнозымен ауырды. Яғни, адам ағзасы ақуыз өндіре алмағандықтан күн сайын аз-аздан әлсірей береді. Ол өзінің денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарайтын. Мен бұл қасиеттен жұрдай болдым. Жегім келген, зиянды тағамдардан да аса өзімді шектемейтінмін. Құрбыма диеталық тағам жасап жүріп, сондай диагнозы бар адамдар туралы біле бастағаннан кейін салауатты өмір салты мені де қызықтыра бастағанын байқадым", - деді ол.

Біраз уақыттан соң сүйек сорпасының пайдасы туралы естиді.

"Құрбымның иммунитетін жақсарту үшін не істеуім керек?" деп жүргенде сүйек сорпасының пайдасы туралы естідім. Өзім қайнатпай, дайындап беретін адам іздедім. Алайда іздеу сәтсіз аяқталды да, сүйек сорпасы біраз уақытқа ұмытылды. Күйзеліс пен уайымнан ба екен бір уақытта шашым өспей қалды. Мұны көріп, түрлі ем-дом жасай бастадым. Барлығы нәтижесіз болды. Кейін әлеуметтік желіні ақтарып отырып "сүйек сорпасының пайдасы" туралы ақпаратты көзім шалып қалды. Сөйтіп, сорпа істеп көргім келді. Солай өзім жасап көргім келді", - деді ол.

"Алғашқы тапсырысым 4 литр сорпа болды"

Айгерім идея пайда болған күннен бастап Астана мен Шымкент қалаларындағы сорпа пісіретін қыздармен сөйлескен.

"Шымкентке барып, сол жақта дайындалған сорпаны ішіп көрдім. Адамдармен сөйлескен сайын түрлі идея келіп, мақсат айқындала бастады. Одан кейін Астанадағы Жанар атты сорпа қайнатушымен  жақсы сөйлесіп кеттік. "Алматыдан сорпа сұрайтындарға сіздің нөміріңізді берейін" деп қуантты", - деді ол.

Оның айтуынша, ең алғашқы клиент сорпа дайын болмай тұрып, табылған.

"Желтоқсан айында Стамбулға барып, солардың сүйек сорпаларын көргім келді. Сол жақта ізденіс үстінде жүргенде ең бірінші тапсырыс 22 желтоқсанда  4 литр сорпаға Мотрена деген қыздан түсті. Оған 27 желтоқсан дайын болады деп айттым. Бұл клиент Астанадағы Жанар ханым арқылы келді", - деді кәсіпкер.

"Сорпа 24 сағат қайнайды"

Кәсіпкер сорпаның пайдасы туралы атап өтті.

"Сүйек сорпасы баяу отта 24 сағат қайнаған табиғи суперфуд, коллагеннің таптырмас көзі. Яғни, асқазан-ішек жолдарын реттеп, бұлшық ет пен ми жұмысын жақсартады. Құрамындағы коллаген Anti-age ақуызы сіздің теріңізді жасартып, шаш пен тырнағыңызды нығайтады. Сорпаның құрамында жүйке жүйесі мен мидың қалыпты жұмысын жақсартып, сүйек тінін нәрлендіретін 7 түрлі минерал бар. Ағзадағы зат алмасу жүйесінің, иммунитеттің, көңіл-күйдің жақсаруына сүйек сорпасында кездесетін 20 түрлі аминқышқыл жауап береді. Глицин мен магний ұйқыңызды қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ, сорпада ағзаға пайдалы түрлі дәрумендер (Ca, Mg, Fe, A, LCA, E, B2,B12) бар", - деді ол.

Айгерім сорпа барлық жанға да пайдалы екенін айтты.

"9 айлық баладан 90 жасар кәріге дейін сорпа ішуге кеңес береміз. Тамақтың алдында не оның орнына бір кесе сорпа (230 мл) таңертең және кешке ішіп тұруға болады. Кез-келген тамаққа қосуға, балалардың көкөністерін пісіруге, жаттығу залынан шыққанда ішу үшін пайдалануға болады", - деді ол.

"Әр жылы лебіз қуаныш сыйлайды"

Айгерімнің кәсіп жүргізуде тұрақты жасалатын амалдары бар. Ерекшелігін де осылай түсіндірді.

"Кәсібіміздің өзге бәсекелестерден ерекшелігі басқа адамдарды бәсекелес көрмеуімізде деп ойлаймын. Клиент барлығына жетеді деген ниетпен, күнделікті фокусты өнім мен клиенттерге қойып, кешегіге қарағанда сәл жақсырақ болу, үздіксіз блім алу, оны қолдану, тест жасаудан шаршамау әрекеттері  клиенттердің бізді таңдауына алып келеді", - деді ол.

Оның айтуынша, клиенттердің әр жылы лебізі шабыт сыйлайды.

Парақшамызда 200-ге жуық жып-жылы, ерекше пікірлер көп. Соның бірі Баян деген сұлулық саласындағы эксперттен болған. "Көптен іздеген сорпамды тапқан сияқтымын",- деп белгілеп салғанда біраз адам жазылады. Содан бастап бұл сұлу, әдемі әйелдің тәртібі мені таңқалдырып келеді. 15-ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін аптасына 3/4 литр сорпа алып кетеді. Жасы 41-де болғанымен 30 жас беріп жататыны да осы тамақтану режимінен деп ойлаймын. Тамаққа талғампаз, жасайтын жаттығулары тұрақты. Оның 27 мың оқырманы бар. Бізді жылға жуық уақыт тегін қолдап келеді. Қатты қиналып кеткен уақыттары осы кәсіпті қоя саламын ғой деп жүргенде клиенттерден келетін пікірлер жаңа дем сыйлайтын. Алғысым шексіз. Іштей, сырттай рахметімді айтып жүремін", - деді ол.

"Неге сорпа сұйық шығады?"

Айгерім алғаш ақылы жарнамаға жүгінгендегі қызық оқиғасын бөлісті.

"Қызықтардың бірі ең бірінші ақылы жарнамаға жүгінгенде болды. 60 жастағы өзі сорпа қайнатып, тұрақты тұтынатын Бота деген блогермен келістік. Сөйлескеннен соң сорпамды беріп жіберсем, көп ұзамай "қымбатты Айгерім" деп басталатын видео жіберіпті. Ол "неге сіздің сорпа сұйық, ал менікі қою?" деп сұрақ жолдаған. Сасып қалдым. Оның парақшасында тұрған сүйектерді былай да былай суретке түсіріп, нағашы, жақын, алыс деген ет танитын адамдардың бәріне жібердім. Тура сол күні құрбыларымызбен моншаға барғанбыз. Монша жайына қалды. Қолымда телефон. Ғаламторға "неге сорпа сұйық шығады?" деп іздеп,  соны ақтарып отырғаным әлі есімде. Біздің өсуіміз әр клиентпен, экспертпен қатар жүріп отырады.
Қатты састырған Бота ханым арқылы біліміміз біраз шыңдалды. Сорпа қою шығу үшін алыс-жақыннан консультация алып, рецептты біраз тестіледік. Ол да біздің талпынысымызды көріп, күшті қолдау көрсетті", - деді ол.

Сондай-ақ, ол сорпаның құрамын да таныстырып өтті.

"Сорпаның құрамы қандай" деген сұрақ топ 3-ке кіретін сұрақ болды. Басында мен де қатты сасқалақтап не деп жауап қайтарарымды білмейтінмін. Мысалы, сіз де ет асасыз, анаңыз да сол етті асады, мына жақта мен де асамын. Үшеуміздің қолданатынымыз бірдей болғанымен, 3 түрлі шығады. Яғни, 3 адам 3 түрлі жасайды. Біреуі өте жиі ет асатындықтан оны қалай баппен дайындауға болатынын біледі деген сияқты ғой. Солай бұл жақта бізде де ұзақ тестілеуден кейін өзіміздің технологиямыз пайда болды. Сол бойынша дайындаймыз. Сорпаның құрамына сиыр жілік сүйектері, дәмдеуіштерден Гималай тұзын, алма сірке суын, сәбіз, пияз, сельдерей, көк шөп, таза су қосамыз", - деді кәсіпкер.

"Сорпаның бағасы - 3100 теңге"

Қазіргі таңда командада 4 адам жұмыс істейді.

"Командада өзіммен қосқанда 4 адам, SMM маманы, басқарушы, аспазшы және мен. Әр маманды серіктес көремін. Әрқайсысы өз деңгейінде үлестерін қосуда.Дәл қазіргі уақытта бәрін өзіміз жасаймыз. Ақтөбеде бір филиалымыз бар. Басқа ірі қалаларға Алматыдан жіберіп тұрамыз.  Аллаға шүкір, тұрақты 100 сатып алушымыз бар. Одан бөлек бір-біріне ұсынатындар көп. Sorpaline = сапа деген термин қалыптасып келе жатқанына балаша қуанамын", - деді Айгерім.

Ол сорпаның бағасы 3100 теңге екенін атап өтті.

"Қазіргі уақытта сорпаның сиыр жілік сүйегінен жасалынатын бір ғана түрі бар. 1 литр сорпа - 3100 теңге. Пластик пакет пен шыны ыдыста ұсынамыз. Мұздатқышта 90 күнге дейін, тоңазытқышта 5 күнге дейін сақтауға болады. Айына 500 литр сатып отырмыз"., - деді кәсіпкер.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы