"Барар жерім жоқ деп ойлама". Заңгер күйеуі ұратын әйелдерге кеңес берді

Заңгер Мұхамедияр Дүйсенғали өзінің инстаграм парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Күйеуің ұрсады, соғады. Осылай көніп жүре берсең, ұрудың арты өлімге апаруы мүмкін. Сол үшін қол көтерсе, дереу 102-ге хабарласып, оны ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-1 бабына сәйкес 15 тәулікке дейін қаматуға болады. Одан кейін де қоймаса, қылмыстық іс қозғатуға болады", - деді заңгер.

Заңгер егер күйеуіңіз сізге қол көтеруін қоймаса, қылмыстық іс қозғауға болатынын ескертті.

"Егер ұру арқылы саған орта жарақат жасаса, ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша 3 жылға дейін, ауыр жарақат әкелсе, 106-бап бойынша 8 жылға дейін, физикалық-психикалық қысым көрсетсе, 110-бап бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыра аласың", - деді маман. 

Заңгер Қазақстанның әр қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге арналған сауықтыру орталықтары бар екенін айтты.

"Күйеуінен таяқ жейтін көп әйелдің қорқынышы - барар жерім, қорғайтын ешкімім жоқ деп ойлауы. Жоқ, олай ойлама, сені мемлекет қорғайды. Дәл осындай тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге 3 айға дейін тегін тұруға мүмкіндік беретін, ішінде бес уақыт тамағы бар, психологтары мен заңгерлері бар тегін сауықтыру орталықтары бар. Олар Қазақстанның әр қаласында бар және полиция департаментіне тікелей қарайды", - деп кеңес берді Мұхамедияр Дүйсенғали.

Оқи отырыңыз: Абьюзерге тән 8 белгі