Іш қатудан қалай арылуға болады?

Іш қатудан қалай арылуға болады?
Фото: ru.freepik.com

Невролог Ұлжалғас Сманова өзінің инстаграм парақшасында іш қатудан арылудың 5 жолын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Дені сау адамның күні таңертең үлкен дәретке барумен басталады. Тіпті, дұрыс тамақтанып, су тепе-теңдігін ұстап жүрсе, күніне кем дегенде 1-2 рет еркін отыруы тиіс. Арасына күн тастасаңыз - бұл іш қату. Ас қорыту жүйесі бұзылса, іш қатады", - дейді дәрігер.

Іш қатудың себептері:

  • Дұрыс тамақтанбау: жасұнықтың жетіспеуі, күні бойы аш жүру, бор жеу, су аз ішу немесе мүлдем ішпеу, кофені көп ішу;
  • Бауыр, өт қызметінің бұзылуы;
  • Қимыл-қозғалыстың аздығы;
  • Тоқ ішек аурулары (геморрой және т.б);
  • Зат алмасу процесінің дұрыс жүрмеуі;
  • Темір, кальций, алюминийі бар препараттар ішу.

Дәрігер Ұлжалғас Сманова іш қатудан арылу үшін мына нәрселерді жасау керегін айтты:

  1. Күнделікті ас мәзіріне жасұнық, көмірсу, ақуыз, пайдалы майлар қосыңыз. Мәзірде міндетті түрде салат, көкөніс (асқабақ, қызылша), смузи болуы керек.
  2. Өттің жүруіне жағдай жасаңыз. Минералды судың газын шығарып, 200 мл ысытып, тамақтан 30 минут бұрын ішіңіз. Ол салқын болмауы керек және оны асықпай ішу керек.
  3. Ұн өнімдерінен, әсіресе, глютеннен бас тартыңыз. Жаңа піскен нан, тәттілер, қара шай мен кофені азайтыңыз.
  4. Қимыл-қозғалысты көбейтіңіз. Күніне кем дегенде 4 мың қадам жүріңіз. Арнайы дене жаттығуларын жасаңыз. Ең болмағанда ішіңізді сағат тілімен уқалап тұрыңыз.
  5. Өзіңізді күйзелістен қорғаңыз. Күйзеліс - ас қорыту жүйесінің қызметін бұзады. Ол сондай-ақ ерте қартаюдың бір себебі.

Оқи отырыңыз: Неліктен дәретханаға смартфонмен кіруге болмайды?

А. Жапатова