Неліктен айнаға қарай беру зиян?

Неліктен айнаға қарай беру зиян?
Фото: pixabay.com

Ертеде адамдар айнаның сиқырлы қасиеті бар екеніне сенген. Сондықтан айнаға жиі және ұзақ қараудың қауіпті екенін ескертетін ырымдар да бар. Мысалы, қараңғыда айнаға қарауға, айнаға қарап ұйықтауға және сынық айнаға қарауға болмайтынын естіген боларсыз. Бүгінгі материалда ғылым және психология тұрғысынан не үшін айнаға жиі қарауға болмайтынын түсіндіреміз.

Болмашы кемшіліктерге аса мән бересіз

Адам айнаға қарағанда фокусты беті мен денесіне қояды. Әсіресе, бізге мінсіз көрінетін жерлерге аса мән береміз. Сондықтан айнаға өте жиі қарасаңыз, өзіңізге тым қатал болуыңыз және сырт келбетіңіздегі болмашы кемшіліктерге немесе ерекшеліктерге аса мән беруіңіз мүмкін. Алайда басқалар адамның сырт келбетіне жалпылай қарайды да, ұсақ-түйектерге мән бермейді.

Бояуды артық жағып қоясыз

Айнаға жиі қарау әдеті шаш үлгісі мен макияжды түзей беруге әкеледі. Айнаға әр қараған сайын ерін далабы қанық емес секілді, ал тональды крем жұқа жағылғандай көрінеді. Себебі адам айнаға жиі қараса, көзіне түрі үйреніп қалады да, келбетінде бірдеңе жетіспей тұрғандай көрінеді. Алайда осылай жиі макияжыңызды түзей берсеңіз, оны бұзып алуыңыз мүмкін. Әсіресе, үсті-үстіне косметика жаға берсеңіз, сырт келбетіңіз ғана емес, теріңіздің жағдайына да зардап шегеді.

Мазасыздық пайда болады

Мазасыздық – айнаға жиі қарайтын адамдар шалдығатын тағы бір проблема. Адам өзінің қаншалықты жақсы көрініп тұрғанын тексере берсе, ойын және назарын басқа нәрсеге қоя алмайды. Жағымды кездесуден немесе қандай да бір қойылымнан ләззат алудың орнына ол әр 5 минут сайын айнаға қарай береді. Адамның бұл әдеті онымен кездесуге келген немесе әңгімелесуші адамға да ыңғайсыздық тудырады.

Дисморфофобия пайда болуы мүмкін

Бұл кезде адам өзінің денесін дұрыс бағалай алмайды және өзі ойдан шығарған кемшіліктерді түзету үшін бәріне барады. Дисморфофобиямен қиналатын ерлер мен әйелдер пластикалық хирургиямен және диеталармен әуестенеді. Дисморфофобияны өздігінен жеңу қиынға соғуы мүмкін, бұл кезде психиатр және психотерапевт көмегі қажет болады.

Оқи отырыңыз: Адам қайтыс болған үйде неге айнаның беті жабылады?

А. Жапатова