"Анасының есімін білсек те жарияламай тұрмыз". Бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласына қатысты тың дерек шықты

Әлеуметтік желіде бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тарған еді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген екен. Шетелдегі қазақ баласына қатысты тың деректер шықты. Бұл туралы "Бармысың, бауырым?" бағдарламасында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Танымал журналист, тележүргізуші Қымбат Досжан Жәнібекке қатысты маңызды деректерге қол жеткізгендерін айтты.

"Кеше Мұратқа қатысты тағы да бөлек архивтік құжаттарға қол жеткіздік. Арқалықта жүрген Мұрат сол құжаттардың көшірмесін алды. Бұған дейінгі архивтік құжаттарда келіншек Аққұмнан деп шықса, кеше ол ақпарат Ақкөл ауылына қарай ауысты. Назар аударыңыздар, әсіресе Арқалық, Ақкөл, Аққұм, Торғай, Ахмет Байтұрсынов ауылының халқы! Сіздерге үлкен өтініш айтқалы отырмыз", - деді журналист әлеуметтік желіде.

Қымбат Досжанның сөзінше, Жәнібектің анасы 2002 жылы перзентханадан қолхатпен сұранып кеткен, алайда кейін уәдесін орындай алмаған.

"Мұраттың анасы жедел жәрдеммен Арқалық перзентханасына 2002 жылы 17 қаңтарда түскен, сол күні таңғы сағат 8.45-те Жәнібек дүниеге келеді, бірақ 21 қаңтарда анасы отбасылық жағдайымен "кешкі 22.00-ге дейін үйге барып келейінші" деп перзентхана дәрігеріне қолхат қалдырады. Отбасылық мәселелерін шешкен соң "сағат 22.00-ге дейін қайтып келуге уәде беремін" деген, баладан бас тартпаған. Өкініштісі, замандасамыз бұл уәдені орындамады. Бірақ сол уәдені әлі де орындайтындай үлкен мүмкіндік туып тұр. Анасының атын білсек те, Жәнібектің өтініші бойынша жарияламай тұрмыз. Жәнібекті 2002 жылы 17 қаңтарда туған замандас, біз сізге мынадай өтініш айтамыз. Сізді іздегенімізге бір аптадан асты. Жер басып, аман жүрсеңіз, бізге хабаралсаңыз. "Бармысың, бауырым" бағдарламасы құпия түрде балаңызбен ғана кездестіріп, жарияға жар салмайды", - деді Қымбат Досжан.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!