"Ербол мен Ләззаттың денесін жерледім". 1986 жылы милиция болып қызмет атқарған азаматпен сұхбат

"Ербол мен Ләззаттың денесін жерледім". 1986 жылы милиция болып қызмет атқарған азаматпен сұхбат
Фото: Massaget.kz

Биыл 1986 жылы Алматыда өткен желтоқсан оқиғасына 37 жыл толды. Дегенмен қанды оқиғаның ашылмаған шындығы әлі де көп. Себебі Тәуелсіздікке бастар жолда тәуекелге барған жастардың көргені кітаптан оқып, кинодан көрген оқиғамен жанаспай жатады. Massaget.kz тілшісі желтоқсанның шындығын сол уақытта милиция қатарында болған Есенғазы Байжумаевтан сұрап білді. 

Желтоқсан оқиғасы деген кезде ең бірінші есіңізге не түседі?

Желтоқсан деген кезде ойға оралатын жиын ғой. Алаңға шыққан жастар. Ол кезде менің жасым 25-те болатын. 9-рота деген өңкей спортшылардан құралған топтың сапында полиция қызметкері болдым. Бірақ мен сол күні жұмысқа бармадым. Себебі қазақтың балдары алаңға жиналып жатты. Қонаев үшін шықтық қой. Бұл жерде тек студенттер ғана шыққан жоқ. Қазақ мектептерінің 9-10 сынып оқушылары да бізбен бірге болды. Тіпті керек десеңіз үлкен ата-әжелерде болды. 3 күнде бас-аяғы 5 мыңдай адам жиналды.

Сіз көрген оқиға қалай өрбіді?

16 желтоқсан күні таңертең пленум болды. Сол кезде бұзақылық болмасын деп қоршап тұратын. Мен сол кезде қызмет формамда болдым. Қазіргі КБТУ ғимаратының алдында орыстар Қонаевты алып тастап Сверловский деген біреуді алып келді, орыс болды деп қуанып жатты. Менің тілім ащы болатын: "Оны алып тастайды әлі! Көресің!" – дедім де пәтеріме кетіп қалдым.

Ашынған халық айқайға басты...

Әлгі жаңалыққа сәл көңіліміз түсіп сыраханаға бардық. Сол жерде алаңға адамдар жиналып жатыр деген хабар келді. Бұл шамамен түскі сағат үштердің кезі болатын. Жан-жақтан плакат ұстаған адамдар алаңға қарай ағылып жатты. Кешкі 8-9-ға дейін тұрды. Кетпеді... Ол күні тыныш өтті. 17 желтоқсан күні  таңғы 8:30-9:00 шамасында адам күрт көбейді. Содан кейін құқық қорғау органдары көтерілісшілердің алдын қоршап алды. Әрбір жерде лидерлер сөз сөйлеп, ашынған халық айқайға басты.

Роза Бағланова апайымыз басу айтты

Сол күні түстен кейін милициялар алдыңғы қатарда тұрған жастарды ұрып әкетіп жатты. Осындай әрекеттерден кейін шамамен сағат 15:00-де көлік таптап кетіп бірінші адам көз жұмды. Сол адамның денесін трибунаға қарай алып келді. Сол кезде Роза Бағланова апайымыз басу айтты. Сол кезде ашуға булыққан қазақ жігіттері өрт сөндіру көлігін өртеп жіберді. Әкімдік ғимаратының 4 қабатын отшашу ататын ракетамен атты. Ішінен өрт шықты. Бірақ бұл әрекетті қазақтың жігіттері істемеген еді...

Назарбаевқа тас атты! 

17 желтоқсан күні кешке таман Назарбаев,  Камалетдинов, Мирошкин, Меңдібаев төртеуі шықты. Үстеріне қара пальто киіп алған. Халықтың алдына шығып еді жанында тұрған қазақтың жігіттері тас атты. Сөйлеуге мүмкіндіктері болған жоқ. Сол іс-әрекеттен кейін басып-жаншу басталды...

Қазақтың қыздарына көмектесейік...

Сотталасыңдар, анау қыласыңдар, жаман болады дейтіндер көп болды. Бірақ олардың сөзін ешкім тыңдамады. Сол күні кешкі сағат 6-7 тұрған адамдардың екі жағынан келіп өрт сөндіру көлігі су шашты. Бәріміз жапатармағай қаштық. Өйткені мені ұстап алса құқық қөрғау органында жұмыс істегендіктен ату жазасына кесуші еді. Сол кезде қыздардың барлығы баспалдаққа шыға алмай жығылып жатты. Сабыржан деген жолдас жігіт: Ей сары (Есенғазы)! Қайда кетіп бара жатсың? Мына қыздарға көмектесейік! – деп айқайлады. Сол кезде жотадан дубинкамен екі рет қатты соқты. Сол кезде талай адам алаңда қалып қалды.

Ербол, Қайраттардан да биік тұратын батыр!

Түнгі сағат 8-9 дарда адамдар азайды. Милициялар көбейіп кетті. Құзырлы органдағы орыстар қолдарына арматур алып көшеде жүрді. 18-желтоқсан күні түскі 12-ге дейін адамдар болды. Бірақ ұрып-соққаннан кейін көпшілігі қорқып қалды. Сол уақыттағы ең батыр адам Хасен Қожа-Ахмет деп айта аламын. Бірақ ол кезде ерлік жасаймыз деген ой ешқайсымызда болмаған. Ол Ербол, Қайраттардан да биік тұратын батыр болатын.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Хасен Қожа-Ахмет Алматы 2023 жыл.

Алауды тұтатқан Алматы оқиғасы

Желтоқсан оқиғасына қатысқан, алаңға шыққан адамның барлығы – батыр! Батыр деп айтылатын себебі Алматы көтерілісінен кейін Латвияда, Грузияда толқулар болды. Осы жалынды тұтатып берген - Алматы.  Сондықтан олар батыр. Бұл дүниежүзіне белгілі оқиға ретінде көтеріліп, зерттелуі тиіс еді. Себебі алып "СССР" деген кеңес одағын ыдыратуға арнайы қатыспаса да, осыған сеп болған қазақтар! Алматы оқиғасы.

Ербол мен Ләззаттың денесін жерледім

Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова екеуінің денесін Жаркентке жерлеуге апарғанда мен болдым. Қателеспесем желтоқсанның 22-сі күні моргтен екеуінің мүрдесін алдық. Сол жердегі адамдар бұлар желтоқсанға қатысқандар екен, әлгі қыз этаждан секіріп қайтыс болыпты деді. Мен сол кезде бірге барамын дедім. Содан кейін солтүстік айналма жолына шығып 1 сағат министрліктен бұйрық күттік. Сарыөзек арқылы Талдықорғанмен алып кетеді немесе  Кульжинка трассасы арқылы апарады деген екі жол болды. Жол нақтыланғаннан кейін Жаркентке жүріп кеттік. Шелек елді мекеніннен өткеннен кейін Байсейіт деген ауыл бар. Сол жерден өтіп бара жатқанда екеуінің сүйегі жатқан жедел-жәрдем көлігі өзінен өзі аударылды. Міне киелі, аруақты деген сол!

Фото: Massaget.kz \ коллаж. Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаев

 Киелі жер...

Ертеректе сол жерден ақырын жүріңдер, адамдардың сүйегі көп болған деп айтатын. Өзінен өзі аударылды. Ата-бабаның әруағы жібергісі келмеді-ау. Жаркентке жете бергенде Юрьев деген бізге бұйрық түсті деді. Панфиловтың адамдары айыр, күрек ұстап дайындалып отыр деді. Егер солар келіп қарсылық білдірер болса, атыңдар деген тапсырма келгенін айтты. 26-27 адам екеуінің мүрдесін алып барған едік. Бұл ақпарат еш жерде айтылмайды.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Құран бағыштайтын күн

Осы оқиғадан 1 ай өткен соң мені комсамолдан шығарды. КазГУ-дың заң факультетінде сырттай білім алып жүргенмін. 1987 жылы Жолдасбековтың, Досымбековтың студенттерісіңдер деп оқудан шығарып жіберді. Жұмыс орнымнан "ұлтшыл" деген дақ түсірді. Кейін желтоқсан көтерілісін тоқтатуға атсалысқандарға тойтарыс берді деп орден берді. Содан кейін мемлекеттің марапаты үшін талас басталды. Желтоқсан - бұл алаңға барып гүл-шоқ қоятын емес, үйде отырып құран бағыштайтын күн. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов