"Бәрін біліп тұрмысқа шықтым". Танымал актердің жұбайы оның бірінші отбасы туралы айтты

"Бәрін біліп тұрмысқа шықтым". Танымал актердің жұбайы оның бірінші отбасы туралы айтты
Фото: видеодан алынған кадр

Актер, режиссер Нұрқанат Жақыпбай "Алғашқы" бағдарламасында бірінші отбасы туралы әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің қазіргі жұбайы Шолпан Сіргебаева бұл жайттан басынан хабары болғанын жеткізді.

"Бұл тағдыр шығар: театрға келіп, осы азаматқа жолығып, осы азаматпен бас қосқаным. Ажырасқанына жеті жылдан кейін кездесіп, үйлендік. Сол кезде қызы үлкен болды. Ол қызбенен араласады. Телефонмен хабарласып тұрады. Қызы тұрмысқа шыққан кезде тойына әкесі ретінде барды. Мұны менің отбасым да білді. Анамның бір сөзі есімде қалды. "Сенің өткенің сондай болды" деген сөз аузыңнан шықпайтын болсын, егер осыны ұмыта алатын болсаң, тұрмысқа шық" деді. Мен оның бәрін біліп, тұрмысқа шықтым", - дейді жары Шолпан Сіргебаева.

Нұрқанат Жақыпбай тұңғышы өнердегі бірінші гастролі кезінде өмірге келгенін айтты.

"(Қызыммен - еск.) қарым-қатынасым бар. 71 жылы жаңадан театрға келгенмін. Ең алғашқы гастролім болатын. Атырауға гастрольге бардық. Қонақүйдің терезесінде отырдым. Бір уақытта телеграмма келді. Жолдасым берген екен. "Қызыңмен құттықтаймын" деп. Тура туған күніме келді. Екеуміздің арамыз - 2 күн. Өмірге қыз келді. Сол күні "Ботагөз" деген спектакль болатын. Сонда ойнайтынмын. Содан кейін бәрі жиналып, аты "Ботагөз болсын" деді. Ол қыздың аты - Ботагөз. Италияда тұрады. Шетелге тұрмысқа шықты. Екі немере бар, бір ұл, бір қыз", - дейді өнер иесі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова