"Менен бұрын менің әкем ғашық болды". Сейфуллин Жолбарыс екінші әйелі туралы айтты

"Менен бұрын менің әкем ғашық болды". Сейфуллин Жолбарыс екінші әйелі туралы айтты
Фото: instagram.com/s_zholbarys_official

Әнші, сазгер Сейфуллин Жолбарыс екінші әйелі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Композитордың айтуынша, екінші әйелі әкесіне бірден ұнаған. Ол бұл туралы "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұқбатында бөлісті.

"Менен бұрын менің әкем ғашық болды. Қатямен танысқан кезімде бірінші әке-шешеме көрсеттім. Өтірік айтпаймын, әкем Катяны көрген кезде бірден құлады. Әкем "сенің әйелің осы, саған пысық әйел керек" деді. Шынымды айтсам, бірінші әйелім ата-анама басынан ұнаған жоқ. Ал, Катя оларға бірден ұнады. Кейде "әкем өзі ғашық саған" деп әзілдеймін. Әкем екінші келініне батасын беріп, 92 жасқа келіп қайтты. Оның ұзақ өмір сүруінің себебі, мүмкін келінінің жақсы қарағанынан да шығар деп ойлаймын. Анам 94 жасқа келді, оған да жақсы қарап отыр", - деді композитор.

Әнші көпшіліктің аузында жүрген "Катямен танысқаннан кейін ажырасты" деген әңгімеге де жауап берді. 

"Бірінші жеңгелеріңмен ажырасудың себебі басқа. Жылдар бойы жіпке тізілген себеп. Екінші рет үйленгенде тұрған ешнәрсе жоқ, мысалы менің анам әкемнің төртінші әйелі", - дейді әнші. 

Композитор екінші рет отау құрғанын, әйелін не себепті 10 жыл бойы жасырып жүргенін түсіндірді. 

"Ата-анама қарайтын адам керек болды. Олар екеуі ғана тұрды, сондықтан Алматыға көшіріп алып келдім. Оларға күтуші алып қоймаймын ғой, ақшаға жұмыс істейтін адам дұрыс қарамайды, үйді жинап, тамағын істеп кетеді. Жаны ашымайды. Оны алған себебім де осы, ата-анама қарайтын адам керек болды. Осындай жағдайға көнетін жар іздедім, Катя көнді, сол үшін оған алғысымды білдіремін. Әкемнің көп жасағаны, анамның қазіргі жағдайы Катяның арқасы. Мен үшін ата-анамның көңілі бәрінен биік болды, олардың өмірден риза болып кеткенін қаладым. Ата-ананың ризалығын алмай, басқа істеген ісің мен дұғаң, тіпті қажылыққа бес рет барып келсең де ол қабыл болмайды", - деді Сейфуллин Жолбарыс.

Сонымен қатар, әнші екінші жұбайы Екатеринамен қалай танысқанын да айтты. 

"Хабар" арнасына бағдарламаға барғанмын. Түсірілім аяқталып, студиядан шыққан кезімде Серік Абас-шах ағамыз келесі "студияға кір, көрермен болып отыр" деді. Амалсыздан кіріп отырдым. Бұл бағдарламада түрлі ұлт өкілдері жарысып жатыр екен. Катяны да бастығы бағдарламаға қинап жіберген. Ақыры Катяның тобы жарыста жеңді. Мен Катяның ең алдымен өзіне емес, қазақша сөйлегеніне ғашық болдым. Қазақша таза, әдеби сөйледі. Тура бір филология факультетін бітірген таза қазақтың қызы сияқты болды. 

Артынан бір жыл жүгірдім, Алланың қалауымен кейін қарады. Әрине, оған да оңай болған жоқ. Отбасым, балаларым бар екенін білді. Ата-анаммен таныстырғанда оларға бірден ұнағанын көріп, "осылай болу керек, менің ойлағаным мен арманым осы" дедім", - деп қорытындылады әнші.

Айта кетейік, бұған дейін Сейфуллин Жолбарыс Бақыт Шадаевамен араздасуына не себеп болғанын айтқан еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Әмір Темiр өз мемлекетiне қандай саяси жүйе енгiздi?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә