"Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды деп ойладым". Қалдыбек Құрманәлі Мәдина Ералиева туралы естелігін бөлісті

"Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды деп ойладым". Қалдыбек Құрманәлі Мәдина Ералиева туралы естелігін бөлісті
Фото: Ашық дереккөз

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі Мәдина Ералиева туралы естелігін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі бұл туралы "Сұрауы бар" бағдарламасында айтты. 

"Мәдина менің туған әпкемдей болды. Оны бәрі біледі. Тіпті Жеңіс Ысқақова "сені бізден ерекше көрді ғой" деді. Егер Мәдина Ералиева деген әнші болмағанда, Қалдыбек Құрманәлі деген композитор болмайтын еді. Мәдина Ералиеваның маған деген құрметі ерекше еді. Мені қолымнан жетектеп, облыс-облыс аралап концерт берді. Мен арасында концерт жүргізіп тұрамын. Мәдина Ералиева менен ақша аямайтын еді. Мен қиналып жүргенде үйіне телефон шалып, ақша керегін айтамын. Ол сөмкесін ашып, ал дейді. "Қарызға ма, әлде былай бересіз бе?" деп сұраймын. "Ала бер, менде бар ғой" дейтін. Мен ол кісінің бір нәрсесін ғана қолдаған жоқпын", - деді өнер иесі.

Оның айтуынша, ол Мәдина Ералиеваның Болат Назарбаевқа қосылғанын қаламаған. 

"Мен оның Болат Назарбаевқа қосылғанын қолдаған жоқпын. Бір күні телефон шалып, күйеуге шығатынын айтты. Мен күлдім. Бала туатындай жағдайда емес қой. Жалғыздықтан шаршаған шығар деп ойладым. Үйіне барсам, екі адам отыр. Қарны қампиған, мұрны қызылдау, сары адам. Мені таныстырды. Мінезі ауырлау екен. 1-2 сұрақ қойып едім, жауап бермеді", - деді ол. 

Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, ол алғашында Болат Назарбаевты танымай қалған. 

"Бір жолыққанда "қолдамаймын" деп айттым. "Сізге күйеу не керек? Атақты әншісіз, концерт беріп жатырсыз, үйіңіз бар, балаңыз бар" дедім. Сөйтсем, өзі ұнатып шыққан. Еркін жүргенін қаладым. Ана жаққа барып, тотықұс сияқты болып қала ма деп қорықтым. "Сәл шыда, жездең жомарт, үй де, көлік те алып береді" деді", - деп жауап берді ол. 

Қалдыбек Құрманәлі Мәдина Ералиеваның өлімі туралы айтты. 

"Мәдина Ералиева 27 қарашада қайтыс болды. 1 желтоқсанда Мұхтар Шахановтың кешінде ән айтуы керек еді. Мәдина Ералиеваның денесін арнайы самолетпен Алматыға әкелді. Бәріміз әуежайға бардық. Облыс әкімі мені моргке жібердім. Болат Назарбаев ұшақта бірге келе жатты. Моргте денесін ашты. Болат Назарбаев өлтіріп қойды ма, өзі өлді ма, білгім келді. Бірінші күйеуі Болат Атабаев көрсін дедім. Сол жағынан соққы болған. Ал Болат Назарбаевтың оң қолы сынған. Демек Мәдина Ералиева рөлде отырған. Сонда Болат Атабаев құсып жіберді. Мен ток соққандай болдым. Болат Атабаев "мен Болат Назарбаев қызғанып өлтіріп қойды ма деп ойлап едім, саған рақмет" деді. Болат Назарбаевтың азаматтығына риза болдым. Ол жерлеуге, мейрамханаға 20 мың доллар берді", - деді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек