"Қызық тәжірибе". Әйгілі бразилиялық әндерді қазақ тілінде орындаған әнші

"Қызық тәжірибе". Әйгілі бразилиялық әндерді қазақ тілінде орындаған әнші
Фото: Видео кадры

Әйгілі бразилиялық әндерді қазақ тілінде әуелеткен Полина Тырина есімді астаналық әнші сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Бразилияда пайда болған музыка жанры жұртшылыққа көптен таныс. Фольклор мен джаздың қосындысынан туындаған әуезді саз португал тілінен бөлек, ағылшын, француз, орыс тілдеріндегі әндерге арқау болғаны қашан. Енді міне олардың қатарына қазақ тілі де қосылды. Полина ханым осылай ән арқылы бір жағынан тіл сындырса, екінші жағынан қазақ тілді аудиторияға Босса Нова жанрын насихаттағысы келеді. 

"Бір қызығы, бұл - үш әннен құралған камералық жоба. Екінші жағынан, бұл жоба күтпеген жерден халықаралық сипатқа ие болды. Өйткені продюсерлікке ресейлік мамандарды тарттым. Дыбысты жазу кезінде оларға қазақ тіліндегі мәтіндерімді жібердім. Олар менен кей сөздердің қазақ тіліндегі аударманы сұратып жатты. Бұның өзі қызық тәжірибе. Сондай-ақ, бразилиялық суретшіні қатыстырдым. Ол альбомның мұқабасын салып берді", - деді әнші Полина Тырина.

Қазақстандық фотограф түсірген суретке қарап, бразилиялық қылқалам шебері оған түрлі түсті әр береді. Сөйтіп, альбомға әп-сәтте Босса нованың отаны, шырайлы Бразилияның реңін бітіреді. Ол суретке Полина Тырина гитарасын ұстап, қазақи әшекейін тағып түскен еді. Жасандылық жан-дүниесіне жат әнші, сахналық есімін қалай таңдағанын да айтып берді.

"Мендегі әлеуметтік желідегі парақшаларымда біреулер пікір қалдырыпты. Жаңылмасам, қазақ халық әндерін орындаған видеолардың астына. Сонда "Полина ханым" деп бастап жазған. Сол кезде "ханым" деген қаратпа сөзі қатты ұнады. Неге сахналық есім ретінде қолданбасқа деген ойға қалдым? Түптеп келгенде мен осы жақтың тумасымын ғой, жанға жылы тиетін сөз, әрі болмысым одан еш өзгермейді. Жалпы, маған ханым деген сөздің мағынасы қатты ұнайды", - деді әнші Полина Тырина.

"Ипонема қызы", "Жылусыз", және "Үнсіз түн". Бұл - Полина ханымның репертуарындағы Босса нова әндері. Мәтінді қазақ тіліне аударған - Наргиз Макраева. Қазір жобаға қатысушылар камералық альбомның тұсаукесеріне қызу дайындалып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек