"Жақын жердегі ғимаратқа соғылар еді". Алматы облысында 8-сынып оқушысы ерлік жасады

"Жақын жердегі ғимаратқа соғылар еді". Алматы облысында 8-сынып оқушысы ерлік жасады
Фото: Алматы облысы әкімдігінен

Алматы облысында 8-сынып оқушысы күтпеген жайтқа тап болған автобус жолаушыларын құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға кеше, 22 қарашада Өтеген батыр қалашығында болған. Әлия Әбілсейітқызы атты Желі қолданушысының сөзінше, автобус жүргізушісінің жүрегі ұстап, автобусты тоқтата алмай қалған. Сегізінші сынып оқушысы Ақжол еш ойланбастан көмекке жүгіріп, автобусты тоқтатып үлгеріпті.

Алматы облысының әкімдігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. 

"Алматы облысы Іле ауданында автобуста отырған адамдарды құтқарып қалған мектеп-лицейдің сегізінші сынып оқушысы нағыз батыр болды. Жүргізуші жүрек ұстамасына байланысты көлікті басқара алмай қалғандықтан жігіт тез әрекет жасап, тежегішті басып, автобусты тоқтатты. Куәгерлердің сөзінше, оқушы жедел қозғалмағанда автобус жақын маңдағы ғимаратқа соқтығысар еді. Аман қалған жолаушылар алғысын айтты", - дейді облыс әкімдігінің өкілдері.    

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина