Жатырдың төмен түскенін қалай білуге болады?

Жатырдың төмен түскенін қалай білуге болады?
Фото: ru.freepik.com

Жамбастың төмен түсуі – қынап қабырғалары және кіші жамбас органдары (жатыр, қуық, ішек) төмен түсіп кететін патология. Жатыр не үшін түсуі мүмкін және оны қалай білуге болады? Бұл сұрақтарға маммолог Фатима Тамаева "Доктор Питер" порталына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маммолог Фатима Тамаеваның айтуынша, жатырдың төмен түсуінің ең жиі кездесетін себебі - бұлшықеттердің әлсіреуі.

"Бұл кезде органдардың бір бөлігі немесе ол толықтай сыртқа шығып кетуі мүмкін. Бұл патология дамуының негізгі себебі – диафрагма, бұлшықет аппараты және іштің алдыңғы қабырғасының бұлшықеттері мен байламдарының әлсіреуі. Түрлі факторлар әсерінен бұлшықет аппараты органдарды дұрыс анатомиялық күйде сақтай алмайды, сондықтан олар төмен түседі", - дейді маммолог.

Жатырдың төмен түсіп кетуінің басқа да себептері:

  • Дәнекер тінінің дисплазиясы;
  • Ағзадағы коллаген мен эластин деңгейінің азаюы;
  • Жыныстық органдар синтезінің бұзылысы;
  • Іш қатумен бірге жүретін асқазан-ішек жолы органдарының аурулары;
  • Созылмалы жөтелі бар тыныс алу жүйесі аурулары;
  • Тұқымқуалаушылық бейімділік;
  • Семіздік;
  • Созылмалы және ауыр босану.

"Жатырдың төмен түсуі жиі 60 жастан асқан науқастарда кездеседі. Олардың шамамен жартысы - табиғи жолмен босанғандар. Сондай-ақ қауіп тобына ауыр физикалық еңбекпен айналысатын, артық салмағы бар және аз қозғалысты өмір салтын ұстанатын науқастар кіреді", - дейді дәрігер.

Жатырдың төмен түсуінің белгілері

"Бұл патологияның бастапқы стадиясында іш асты ауырады, ол белге және құйымшаққа берілуі мүмкін. Сондай-ақ кей науқастарда етеккірден тыс уақытта қанның жұғуы байқалады", - деді Фатима Тамаева.

Сонымен қатар, оның белгілеріне жыныстық қатынас кезіндегі ауырсыну жатады.

Бұл ауру асқынып кетсе, ол кіші жамбастың басқа да органдарына әсер етеді: жиі кіші дәретке бару немесе кіші дәретке барғанда қиналу немесе зәрді ұстай алмау пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, үлкен дәретке барғанда ауыруы және либидо төмендеуі мүмкін.

Оны емдеу ауырлық деңгейіне қарай әртүрлі болады. Кейде арнайы жаттығулар жеткілікті болса, кей жағдайда оны хирургиялық араласусыз шешу мүмкін емес болады.

Оқи отырыңыз: "Жыныстық қатынасқа ерте түсу". Жатыр мойны қатерлі ісігі неліктен пайда болады?

А. Жапатова