"Дәрігерлерді қатты құрметтейді". Жапониядағы қазақстандық жас ғалыммен сұхбат

"Дәрігерлерді қатты құрметтейді". Жапониядағы қазақстандық жас ғалыммен сұхбат
Фото: Желіден

Ермек Рахат пен Самал Сағынова үш жылдан бері Жапонияның Гифу қаласында тұрады. Жақында Ермек Рахат Жапонияның қант диабетін зерттеу қауымдастығының (JapanAssociationofDiabetesEducationandCare) "Жас ғалым марапатына" ие болды. Жапониялықтардың тұрмыс-тіршілігі, медицинасы туралы дәрігерлер отбасымен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Балаларымыз үш тілде еркін сөйлейді"

Олар 2016 жылы отбасын құрған. 

"Біз Жапониянң Гифу қаласында тұрамыз. Негізі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының тумасымын. 2016 жылы отбасын құрдық. Үш баланың анасымын. 2017 жылы ұлымыз, 2019 жылы қызымыз, кейін Жапонияда 2022 жылы кенже ұлымыз дүниеге келді.

Жолдасым екеуміз С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірдік. Жолдасым - эндокринолог, мен  - жалпы тәжірибелік дәрігермін. Жолдасым бірнеше емханада эндокринолог болып және С.Ж. Асфендияров атындағы Ішкі аурулар клиникасының эндокринология кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Оқу бітірген жылы карантин болып, кейін жолдасым Жапонияға оқуға тапсырып, сонда кетті. Мен бала тәрбиесімен үйде болдым", - деді Самал.

Оның сөзінше, балалары 3 тілде еркін сөйлейді. Самал пайдалы тәтті тағамдар пісіріп, блогында пайдалы рецепттерін бөлісетінін айтты. 

"Балалар орыс, қазақ, жапон тілінде еркін сөйлейді. Енді ағылшыншаны жақсартып жатырмыз. Отбасымызбен бірге уақыт өткізгенді ұнатамыз. Бос уақытымызды тек балаларға арнаймыз. Ойнатып, қыдыртып, көбінесе далада таза ауада өткізгенді жақсы көреміз", - деді Самал.

"Пәтер жалдау оңай емес"

Ермек Жапонияға 2020 жылы қазан айында келген.

"Мен Жапонияға 2020 жылы келдім, алайда карантин шектеулеріне байланысты жанұям бірден келе алмай, бір жылдан кейін ғана келді", - деді ол.

Оның негізгі мақсаты - РhD докторантураға түсіп, ғылыми жаңалықтар ашу арқылы қоғамға пайдасын тигізу.

"Жапонияға алғаш келген кезінде жолдасым  жапон тілін білмеді, өзінің сенсейі (ғылыми жетекшісі) барлығына көмектесіп, қасында жүрді. Үйді жалға алып беруге кепіл болды. Себебі Жапонияда пәтер жалдау Қазақстандағыдай оңай емес. Пәтерлердің іші бос болады. Яғни, газ, тоңазытқыш, тіпті жарықты да өзіміз қосамыз. Ал бұл үшін жапондық азаматтығы бар адамнан кепіл, жапондық адрес, телефон, банк картасы болуы керек. ", - деді Самал.

"Өз тілдерінде сөйлейді"

Ермек пен Самалдың айтуынша, жапониялықтар тек өз тілдерінде сөйлейді.

"Жапонияда ағылшынша көп сөйлемейді, тек өз тілдерінде сөйлейді. Ағылшынша түсінетіндер өте аз, бірақ аудармашы құралдардың көмегімен барынша көмектесуге тырысады. Басында тіл білмейтініміз кішкене қиындық тудырды. Достар табу, жұмыстастармен сөйлескенде, клиникаға барғанда бір нәрсе түсіндіру, заттың бағасын сұрау жағынан қиналдық. Сандарды жаттай алмай, жазып беруін сұрайтынмын", - деді Самал.

Сондай-ақ, балабақшаға балаларын орналастыру кезінде де осы тіл білмейтіндігінен қиындықтар туған.

"Балаларды балабақшаға орналастырғанда тіл білмегендігімізден кішкене ыңғайсыздық болды. Себебі Гифу қаласында шетелдіктер өте аз тұрады. Бұл қаладағы жалғыз қазақ біздің отбасы болды. Қазақтар көбінесе Токио, Осака, Киото, Нагасаки сияқты қалаларында тұрады. Тіл түсінбегендіктен басында балам балабақшаға барғысы келмейтін. Достары жоқ, ешкімді түсінбейді, ештеңе айта алмайды. Балалармен ойнағысы келетін, бірақ олар түсінбегесін ойнамайды екен. Мұны үйге өзі айтып келетін, апайлары да жазып жіберіп жүрді. Оған қатты жүрегім ауыратын. "Енді не істейміз?" деп тәрбиешілерінен сұрадым, олар "бәріне үйренеді, шыдамдылықпен күтіңдер" деді. Тәрбиешілер мен балабақша директоры бізге көп көмектесті. Мені 2 апта бойы қызымызбен балабақшаға кіргізіп, баламның үйренуіне көмектесті. Бізге тіпті тамақ беріп қоятын, онымен қоса  тәрбиешілері, автобустағы апайларына дейін күнделікті керек қазақша сөздерді (қайырлы таң, сәлем, тамақ ішесің бе, дәретханаға барасың ба, неге сенің көңілің жоқ, қуанып тұрмын, сау бол) жаттап алған. Ұмытып қалмау үшін бэйджектерінің артына жазып қойған", - дейді Самал.

"Қуанғаннан көзіме жас келді"

Самал олардың бұл қамқорлығына қуанғаннан көзіне жас келгенін жасырмады.

"Қиналып жүргенде біз үшін қазақша жаттағаны күшті сезім екен. Өзіміз де барынша жапонша үйрену керек екенін түсіндік. Балаларыма арнайы карточкалар, үйге плакат іліп қойып, сөздерді жаттадық, жапонша мультиктер көрдік. Балабақшадан да өздері жақсылап бәрін үйретті. Қыркүйектен бастап қызым да балабақшаға барды. Солай екеуі үйреніп кетті. 6 айдан соң ғана балам үйреніп, қызыма ондай қиын болмады. Қасына ілестіріп жүретін ағасы, тәрбиешілері де бізге барынша қамқорлық танытып, барлығын түсіндіріп, не істеу керегін балалардан сурет салу арқылы түсіндіріп жіберетін", - деді ол.

Самалдың айтуынша, жапондардың тамағына үйренісу қиын болған.

"Тамақты негізінен ет пен ұн, жармадан пісіргесін, жылқы мен сиыр етін, қарақұмық, түрлі жармаларды сағынған кездеріміз болды. Мен не тамақ пісіретінімді білмей қалдым. Сиыр етінің дәмі біздегідей тәтті емес, ал жылқы еті мүлдем жоқ. Мұнда негізінен тауық  пен неше түрлі балық еті, теңіз өнімдері, күріш, көкөністерді өте көп қолданады", - деді ол.

"Иттердің дауысы шықпайды"

Күн тәртібіне де үйрене алмай біраз уақыт өткен.

"Әдетте кешкі біз 22:30-23:00-дерде ұйқыға жатып, таңғы 07-00-дерде тұратынбыз. -. Ал жапондар балаларын 21:00-гедейін  ұйқыға жатқызып, таңертең 06:00-ға дейін оятып алады. Көршілеріміздің де режимі солай болатын. Таңертең 5-те тұрады. Үйдің қабырғалары өте жұқа, барлығы естіліп тұрады. Бұл жақта баласы жоқ отбасылар көп. Тек мысық, күшіктері бар. Балаларының саны 2-еуден аспайды. 3 баласымен жүргендер өте аз", - деді Самал. 

Көршілерінен біраз ескерту де естіген.

"Басында келе салған бойда біз 3 күн қонақ үйдегі карантинде, кейін 14 күн үйдегі карантинде отырдық. Ешқайда шыға алмадық. Бұл уақытта маған құжат жасатуға да болмайтын еді. Телефоныма приложение енгізіп, сонымен мені бақылап отырды. Күніне 4-5 рет видеомен хабарласып, тексеретін. Сол кезде балалармен үйде отырдық. Отағасыжұмысқа кететін. Екі кішкентай баламен күні бойы үйде отыру қиын болды. Балалар  шулайтын, ойнағысы келетін. Сол кезде көршіміздің ашуына тиіп қойған сияқтымыз. Түнде де кеш жататынбыз. Ал отағасыүйге жұмыстан кеш келіп жүрген болатын. Жапонықтардың тәртібіне қайшы келетін осындай әдетіміздің себебінен көршілерімізден бір сөгіс естіп алғанымыз бар. Содан кейін, күн тәртібіне мән беріп,  айналамыздағы адамдарға кедергі келтірмейтін болдық", - деді Самал.

Олар көршілердің мазасын алмау үшін көбінесе балаларын далада ойнатқан.

"Қабырғалар өте жұқа болғандықтан, қыбыр еткен дыбыстың барлығы естіліп тұрады. Оның үстіне балабақшаға балаларды тек жаңа оқу жылынан, яғни сәуір айынан бастап қабылдайды. Сол себепті, көршілерге ыңғайсыздық тудырмау мақсатымен біз балалармен көбіне таза ауада серуендейтінбіз. Соның арқасында, қаланың түрлі саябақтарын аралап, теңіз жағалауында, мұражайларда уақыт өткізетінбіз", - дейді ол.

"Көршілер полицей шақырды"

Ермек пен Самал Гифу қаласындағы 4 бөлмелі кең үйге көшкен.

"Гифу қаласы кең, таудың баурайында орналасқандықтан Алматы сияқты ыстық көрінді.

Үшінші баламды дүниеге әкелген уақытым еді. Екі балам үйді шашып, кішкентай жылап жатқан кез еді. Шаршап жүріп "жинаңдар үйді" деген даусым қатты шығып кеткен сияқты. Сөйтіп, көршілер "қоғамдық қызметкерлерді шақырды. Жапонияның заңы бойынша, егер көршілер үйде айқай немесе баланың қатты жылағаны естілсе, қоғамдық қызметкерлерді лезде шақыруы керек. Содан қоғамдық қызметкерлер келіп, мән жайды түсіндірді", - деді ол.

Мұның бәрін Самал тәжірибе деп қабылдаған. 

"Жалпы мен бұларды қиындық деп қабылдамадым. Біз әр нәрсеге ренжімей қорытынды жасап тұрдық, жақсы жағымыздан өзгеруге тырысып келеміз. Қазір рационымызды өзгерттік, пайдалы тағамдарды жей бастадық. Ұйқы режимізді дұрыстадық. Далада көбірек жүруге үйрендік. Есесіне балалар теледидар, телефон дегенді мүлдем ұмытты, оған уақыт та жоқ. Тілімізді жақсартып келеміз. Балалар қазір 3 тілде еркін сөйлейді. Жолдасым жапоншаны үйреніп алды. Ал жергілікті әкімшілік маған, тіпті тегін онлайн тіл курстарын да үйретіп жатыр. Үйге кітаптарымды, тіпті қаламына дейін қосып салып жіберіпті. Күнделікті зуммен жапон тілінен 2 сағат сабақ оқимын", - деді ол.

"Көп жеңілдік жасалады"

Жапонияда баланы тексеруге барғанда да міндетті түрде  сауалнама береді екен.

"Сауалнамадаанасының жағдайын,  әкесімен қарым қатынасын, қаржылық жағдайы сияқты заттарды,  сұрайды.  Онымен қоса Жапонияда  әр балға ай сайын ақша түседі. Біз 3 балаға да ақша аламыз. Студент отбасы, оның үстіне 3 баласы бар болғасын бізді қаланың әкімшілігі былтыр Жаңа жылғақаржылай сыйлық сыйлады", - деді ол.

Мұндай жеңілдіктер жиі болады екен. 

"Сонымен қатар балаларымыз балабақшаға 50% жеңілдікпен барады. Ал барлық отбасы мүшелеріне медициналық сақтандыру 80% жеңілдікпен беріледі. Балаларға дәрі-дәрмек, стоматология барлығы тегін. Мұның бәрі  балалы  отбасыға жасалған жеңілдіктер. Жолдасым докторантураны бұйыртса сәуірде бітіреді. Жолдасым, әрі қарай ғылыми жұмысын постдокторантурада  жалғастырады", - деді ол.

"Біздің тағамдарды жақсы көреді"

Ермектің айтуынша, жұмысқа үйренісу кестесі қиын болмаған. 

"Маған тәртіпті анам кішкентай кезімнен үйреткен. Жұмысымды тиянақты орындап, үлкен жауапкершілікпен қараймын.   Нәтижесінде, ЖапондарҚазақтар жайлыоң пікір қалыптастырды. Еңбекқор, ақылды, өз ісіне жауапты халық ретінде көреді. Қазіргі таңға дейін 5 Қазақстандық студенттің Жапондық универститетке оқуға түсуіне себепкер болдым.

Жалпы Жапониядағы PhD курсы бұл зерттеу мен оқудың басқа деңгейі. Бар уақытыңды, күшіңді ынта-жігеріңді зерттеуге арнауың керек. Зертханада таңғы 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс ісетеймін. Кейде бірнеше күн қатарынан түнде де жұмыс істеймін", - деді ол.

Самал мен Ермек жапондарды қазақтың қонақжайлылығымен және тәтті тағамдарымен таныстырды.

"Үйге сенсейлерімізді қазақтың тағамдарын дайындап, қонаққа шақырып тұрамыз. Оның ішінде бауырсақ, бешбармақ, жент, бәліш, тәтті десерттерден дәм татып көрген.Жолдасыма жұмысқа тамақ көбірек салып беруге тырысамын, жұмыстағылар біздің тағамдарды жақсы көреді. Тіпті, шелпек те таратып бергенбіз", - деді ол.

"Жапондар еңбекқор халық"

Жапондардың барлығы еңбекқор, өте ақкөңіл, әрдайым көмектескісі келіп тұрады. 

"Жапондардан әрқашан еңбектеніп жүреді. . Біздің қаладағыбау- бақша егетін кісілердің үлкен үлесі зейнеткерлер, 70-80-90 жастағылардыңөзі жыбырлап, өз күндерін өздері көріп жүреді. . Оның үстіне қарт кісілер велосипед тебеді, саябақтарда спортпен шұғылданады, белсенді өмір сүру салтын ұстанады. . Балаларым да үлкен кісілерді жақсы көреді, үнемі амандасып жүреміз. Үлкен кісілер маған көп нәрсе үйретті, жалпы жапондардың ұстанымдары басқаша. Көрші әжем маған ұзын 3 белдемше әкеліп берді. Олардың ұстанымдары бойынша баласы бар әйелдер ұзын белдемше киеді, яғни жүруге ыңғайлы деп ойлайды", - деді Самал.

Әжелермен аударма приложение арқылы сөйлесетінін де айтты.

"Дана, көпті көрген, көп елді саяхаттаған кейуана көршімізбар, жасы 87 де. Сол кісімен сөйлесемін, егер жеткізе алмай жатсам, телефондағы приложениені қосып қоямын. Ол кісі біздің балармен бірге ойнап серуендеуді ұнатады", - деді ол.

"Дәрігерлерді қатты құрметтейді"

Ермек жапондар қазақтарды ешқашан шеттетпейтінін айтты.

"Көп блогерлерден адамдарды бөледі, шеттетеді деп естідік. Бірақ бізде ондай жағдай болмады. Балабақша да, көршілерде де ондайды көрмедік. Тіпті, бізді сенсей деп сыйлап, медицинада оқығанымызға құрметпен қарайды. Жалпы жапондар дәрігерлерді қатты құрметтейді", - деді ол.

Олар балаларының тұсауын атақты жапон профессорына кестірген.

"Жапондарда тұсау кесердәстүрі жоқ.  Кенжк ұлымыздың тұсауын кесуге қатысты қолқа салғанда, Ермектің ғылыми жетекшісі қуана келісімін берді. Ол кісіге қазақ халқының дәстүрі мен мәдениеті  өте қызық. Өзі көп елдерде білім алғанкөпті көрген дана кісі. Жолы түссе Қазақстанды көруге ниетті",- деді Ермек.

"Балаға туа сала екпе салмайды"

Жапонияда дәрігерлер балаларға басқаша қарайды.

"Мәселен, балаға туа сала екпе салмайды. 3 айдан бастап салады. Бізді 2 апта, 1 ай, 6 ай, 10 айда тексеріп тұрды. Сосын "1,5 жаста келіңдер" деп шақырды. Баланы стомотолог, педиатр тексереді. Екпеге тұрғылықты жеріміз бойынша барып тұрамыз. Дәрілер дәріханада сатылмайды, тек рецепт бойынша беріледі. Ешқандай массаж тағайындалмайды. Баламды екі аптасында қаратуға апарғанмын. Күн салқын, дүкеннен жаңа туған балаларға қалың киім таппадым. Сосын орап апарғам ғой, "қуыршақ әкелдің бе?" деп таңғалған. Оның үстіне мен аяғы ашық тұрмасын деп қалың нәски кигізгенмін.  Шошып кетіп, бұлай кигізбеуімді ескертті. Бір айлығында тағы солай апардым. Бірден шешіп, сөмкеме сала салды. Керек емес деп тағы да айтты. Айналама қарасам, басқалары аспалы бесікке немесе кенгуруға іліп әкеледі. Жаңа туған балалар жалаң аяқ болды. Бұл балаға пайдалы екен. Физикалық қысымы уақытылы кетуі үшін біз жағдай жасауымыз керек. Сосын  ғаламторды ақтарып қарадым. Шынымен де баланың қозғалуына, тірек жасауына нәски кедергі келтіреді екен", - деді Самал.

Жаңа туған баласын Самал күннің көзі арқылы жылытқан.

"Үлкен екі баламды Қазақстанда кереуетке қалың киіндіріп жатқызатынмын. Жерде еденнің жылуы болса да жатқызбайтынмын. Мына жақта салқын, орталық жылу жүйесі жоқ. Тек кондиционермен жылынамыз. Бірақ тек бір бөлмеде орнатылған. Сонда да баламды еркінеденде еңбектетіп өсірдім. Өзі аунап, домалап жататын. Қыста кондиционерсіз күннің шуағына жылындырып ұйықтатып жүрдім. Туғаннан далада жүргіздім. Бір жасына дейін д3 дәруменін бермедім. Педиатр да бер деп айтпады. Есесіне тыныш, өзімен өзі, сүтін берсем, аунап домалап, ұйықтап қалады. Бес айында еңбектеп, 1 жасында жүріп кетті. Мүлдем нәски, қолғап, бас киім кигізбедім. Негізі алып қойғанмын, бірақ қызым қуыршақтарына кигізіп ойнап тастады", - деді ол.

"Нәрестелерде қан анализін барлығына ортақ алмайды"

Жапонияда дәрігерлер барлық ауруды кіші дәреттен анықтайды.

"Дәрігерлер мына жақта дені сау баладан қан анализдерін сирек тағайындайды.Көбіне тек кіші дәретті талдауларын тексереді. Жаңа туған нәрестені перзентханадан шығарда толықтай тексерістен өткізеді. Емді тек дәлелденген медицина бойынша жасайды", - деді Самал.

Бірақ ол мұның өзіне ғана тәжірибе екенін айтты.

"Ешкімге мен сияқты істе деп айта алмаймын. Тек өзімнің тәжірибеммен бөлістім. Ұстанымым - баланы жастайынан пайдалы тамақтануға, ыстық-суыққа төзімді етуге, шыдамдылыққа үйрету. Яғни, бала суыққа да үйреніп шынығуы керек. Жапонияда, жалпы шет елде көбіде үйді жылыту өте қымбат, сол үшін өздері де үнемдейді", - деді ол.

"Басқа қалаға жиі шығамыз"

Самал Қазақстанға жапондық дәрумендер менбиологиялық белсенді қоспаларды жіберумен айналысады. 

"Барлық уақытымды отбасыма, балаларға арнаймыз. 1 күн демалыс бар. Сенбіде балалар  бассейнге барады. Жексенбі күні ауа-райы жақсы болса, түскі асымызды алып, балаларды саяабақтарда ойнатып келеміз. Кейде көрші қалаларға да барып тұрамыз. Баламның достарының ата-анасымен келісіп, кездесіп, саябаққа ойнауға барамыз", - деді ол.

Ермек Жапонияның басқа қалаларына жиі шығып тұратынын айтты.

"Бұған дейін Сендай, Окинава аралындағы Наха қаласы, Кагава, Нагоя, Осака, Киото қалаларында өткен ғылыми конференцияларға қатыстым. Қант диабеті мен семіздік және онымен байланысты асқынуларды зерттеу және  осы ауруларға қарсы жаңа емдеу әдістерін зерттеумен айналысамын. Мен қандағы глюкозаны, тағамды тұтынуды және дене салмағын азайту үшін қолданылатын дәрілік заттың жаңа әсер ету жолын таптым. Бұрын бұл дәрілік зат қабылдағаннан кейін ішек арқылы ғана әсер етеді деп есептелген. Бірақ мен оның мидағы тамақтану орталығына тікелей әсер ететінін зерттеп таптым. Осы тұжырым үшін мені Жапониядағы қант диабеті саласындағы өте танымал және көрнекті профессор - Ютако Сейно "Тәбетті реттеу" номинациясы бойынша "Жас ғалым марапаты" номинациясына 2023 жылы ұсынды. Жапониядағы медициналық ғылыми зертханалардың деңгейі өте жоғары.. Тағы бір айта кететіні - профессорлар студентке ғылыми-зерттеу бойынша да, жеке өмірінде де қолдау көрсетеді", - деді Ермек.

"Балабақшалар балалардың  дамуына көп көңіл бөледі"

Жапондық балабақшалардың жүйесі қазақстандық жүйеден өзгеше. Жапония балабақшалары сынып ішіндегі оқумен қатар, сыныптан тыс белсенділікке ерекше көңіл бөледі: физикалық ойындар, бау-бақша егу, экскурсия, оригами сияқты тағысын тағылар.

"Мақсат -жоспарымыз өте көп, бірақ жоспармен емес нәтижемен бөліскенді жөн көреміз. Жапонияда бәрі басқаша. Қазақстанмен мүлде салыстыруға келмейді. Ұлымыз балабақшаға баратындықтан, бұл жақтың тәртібімен де танысып көріп жатырмыз. Балаларымыз жәндіктерді аулап, алып келеді. Керек ойыншықты балалар қағаздан, қораптан жасап алады. Музыкалық аспапта ойнауды үйренеді. Бау-бақша егіп, соны өздері қарап, кейін жинап алады. Тамағын, суын, жеке гигиеналық заттарын, киімдерін бәрін түгендеп, алып жүреді", - деді Самал.

Сондай-ақ, көшелерінің тазалығы туралы да атап өтті.

"Жапонияның ерекшеліктерін атап өткім келіп тұр. Мәселен, қоқыс жәшігі жоқ, бірақ көшелері тап-таза болып тұрады. Сусындар автоматы көшеде орналасқан. Бау-бақшалары тәртіппен өседі. Жасы үлкен адамдар үнемі қозғалыста жүреді", - деді Самал.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы