Етті қалай жылдам жібітуге болады?

Етті мұздатқышта сақтау оның жарамдылық мерзімін ұзартуға көмектеседі. Қатып жатқан етті әдетте мұздатқыштан алдын ала шығарып қоямыз. Бірақ кейде оны жылдам жібіту керек кездер болады. Бұл жағдайда не істеу керек?

Ыстық су

Етті жылдам жібіту үшін кәстрөлге су құйып, отқа қоямыз. Су енді қайнайын дегенде отты сөндіріп, оның ішіне еті бар пакетті салыңыз. Алайда ол герметикалық пакет болуы керек, яғни еті бар пакеттің ішіне су кіріп кетпеуі тиіс. Етті судың ішінде 20 минут шамасында ұстаңыз.

Суық су

Етті герметикалық пакетке салып, суық суға бірнеше сағатқа қалдырыңыз. Егер еттің жібу процесін жылдамдатқыңыз келсе, суға бірнеше тамшы сірке суын қосыңыз.

Микротолқынды пеш

Етті микротолқынды пеште жылдам жібітуге болады. Микротолқынды пеште арнайы "жібіту" функциясы бар. Алайда микротолқынды пештен соң етті бірден қуыруға немесе пісіруге кірісіп кету керек.

Етті қалай дұрыс жібіту керек?

Етті дұрыс жібітпеу тамақтан улануға әкелуі мүмкін. Сондықтан етті жібітуге уақыт үнемдеудің қажеті жоқ.

Көпшілік етті мұздатқыштан шығарып, ол өздігінен жібу үшін дастарханның үстіне немесе терезенің алдына қоя салады. Алайда етті бөлме температурасында жібітуге болмайды. Себебі бөлме температурасында еттің беті оның ішіне қарағанда жылдамырақ қызады да, бактериялардың көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан да етті жібітудің ең қауіпсіз жолы – оны мұздатқыштан шығарып, тоңазытқышқа салып қою. Ет тұрған пакетті тәрелкеге салып, оны тоңазытқыштың төменгі сөресіне қойыңыз. Еттің тоңазытқышта жібу уақыты ет мөлшеріне байланысты әртүрлі болады.

Оқи отырыңыз: Еттен кейін газдалған сусын ішу дұрыс па? Нутрициолог жауап берді