Дәрігер құлақтағы құлықты қалай дұрыс алу керегін айтты

Дәрігер құлақтағы құлықты қалай дұрыс алу керегін айтты
Фото: ru.freepik.com

Есту жолындағы жиналған құлықты құлақ бұлығы деп атайды. Құлықты кей адамдар міндетті түрде алып тастау керек ластық ретінде қабылдап қателеседі. Негізінде бұл ластық емес, ол - тері майы мен есту бездері сөлінің қоспасы. Doctorpiter порталына отоларинголог Екатерина Приказа құлықты кімдер және қандай жағдайда алу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құлық ылғалдандырушы қасиетке ие, ол құлақты судың кіруінен және бактериялардан қорғайды. Қалыпты жағдайда егер құлақты қайта-қайта тазарта бермесеңіз, артық құлық есту жолынан өздігінен кетеді. Сіз тамақ жегенде немесе сөйлегенде төменгі жақтың қозғалуы құлықтың сыртқа шығуына көмектеседі. Бірақ кейде бұл процесс бұзылады да, құлық көп болып кетеді. Бұл жағдайда ол жұмсақ кесек түзіп, уақыт өте қатайып, тығындалуы мүмкін.

Құлақ бұлығы не үшін түзіледі?

Құлақ құрылымының аномалиясы немесе құлақ аурулары

Құлақ құрылымының ерекшелігіне байланысты құлақ бұлығы пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ оған құлақ аурулары да себеп бола алады. Сонымен қатар ағзада қабыну процестері болса, холестерин артып кетсе және экзема секілді кей дерматологиялық аурулар кезінде құлық көп бөлінуі мүмкін.

Дұрыс емес гигиена мен зиянды әдеттер

Құлақты өте жиі немесе дұрыс емес тазалау құлақ бұлығының пайда болуына әкеледі. Кей адамдар мақта таяқшаларымен құлақтарын шұқи береді. Соның салдарынан құлық тереңге кіріп кетіп, тығыздала береді.

Сондай-ақ құлаққапты жиі қолдану да құлақ бұлығының пайда болуына себепші болады. Сумен және шаңмен жүйелі түрде байланыста болатындар да осы жағдаймен қиналады. Мысалы: кәсіби жүзушілер.

Құлақ бұлығын не үшін алу керек?

Құлықтың тығындалып жатқаны бірден білінбейді. Олар үлкейіп, есту жолын бітей бастағанда белгі беруі мүмкін. Құлағы бітеліп қалғандай сезім болуы мүмкін және құлағы ауыруы мүмкін. Егер оны асқындырып алса, адам естімей қалуы да мүмкін.

Құлақты қалай тазарту керек?

Құлақ бұлығын есту жолын тексерген соң оториноларинголог дәрігер алу керек. Құлақты түйреуіш, пинцет секілді басы үшкір заттармен шұқу немесе сүлгі, майлық ұштарымен тазарту арқылы өздігінен емделудің қажеті жоқ. Сондай-ақ өз бетінше тамшыларды да қолданбаған жөн. Мұндай жағдайда құлақтағы құлықты жиі жуып тазарту арқылы алады. Дәрігер физиологиялық ерітіндіні шприцпен құю арқылы құлақтың ішін жуады. Бұл процесс мүлдем ауыртпайды.

Тағы бір әдіс – құлақ бұлығын тамшылар арқылы жібітіп, ваккумдық сорғыш арқылы алу. Бұл процедура кей адамдарға жағымсыздық сыйлайды.

Құлақ бұлығын механикалық жолмен де, яғни қырып тазарту арқылы да алады.

Оқи отырыңыз: Тіс жұлғаннан кейін құлақ неге ауырады?

А. Жапатова