"Тырнақ астынан кір іздеп жатқандар бар". Сырымбек Тау тағы сегіз адамға көлік сыйлағысы келетінін айтты

Фото: әлеуметтік желі

Танымал кәсіпкер Сырымбек Тау режиссер, алаш зиялылары туралы туындылар түсіріп, халық ықыласына бөленген Мұрат Есжан мен қазақтарды солтүстікке көшіруге атсалысып жүрген Бурахан Дақановқа көлік мінгізген еді. Massaget.kz тілшісі Сырымбек Таумен сұхбаттасып, бұл идея қалай келгенін, қандай көліктер сыйлағанын сұрады.

Сырымбек Таудың айтуынша, Мұрат Есжанның туындыларын көргеннен кейін бір көмегін тигізсем деп ойлапты. 

"Оян, қазақ" туындысының 6 сериясы шыққанда, ойлағанмын. Мамырда Токиоға ұшқанмын, сол кезде сериалды көріп, өте қатты ұнады. Тек Мұрат Есжан емес Бурахан деген жігітке де бердік. Негізі үш адам еді. Ыңғайы келсе, бір көмегімді тигізсем деп үш адамды ойлап жүргенмін", - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер "Ахмет. Ұлт ұстазы", "Міржақып. Оян, қазақ" туындыларынан кейін Мұрат Есжан кім екені қызық болғанын да жеткізді.

"Мұраттан сұрасам, "сәл бюджеті жетпей қалды, сәл аз ақшаға түсірілді" дегендей болды. Қарасам, шынымен, кино өте жақсы шыққан. Бірақ сәл ақша жетіспеген дүниелер бар. Бюджетін қарасам, бюджеті "Томиристерден" 50 есеге аз. "Ахмет. Ұлт ұстазы", "Міржақып. Оян, қазақ" - барлық киноны қарап шықтым. Мұрат Есжан деген кім деген сұрақ қызық болды. Мұрат Есжанға сыйлық жасауға болады екен деп ойлап, ақырын "үйі бар ма" екен деп сұрасам, Астанада үйі бар екен. Содан кейін өзіміз кеңсе ашқан кезде үш адамға көлік алып берейік деп шешкенбіз", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от AISSAULE ABILDA (@oisaule)

Кәсіпкер көлік мінгізген тағы бір адам - Бурахан Дақанов.

"Бурахан Дақанов деген жігітті үнемі қарап жүремін, соны да таңдадық. 2018 жылдан бері танимын, солтүстікке қазақтарды көшірген. Түгі жоқ болса да жанталасып бірдеңе істеп жүреді. Осындай кезде сондай адамдарда халыққа көрсете алуымыз керек. Көлік сыйлау - бір бөлек. Ішіміздегі батырларды немесе қазақтың жанашырларын бағаламай жатырмыз", - дейді кәсіпкер.

Бұл азаматтарға көлік сыйлануы олар үшін күтпеген тосынсый болыпты.

"Тағы бір жігіт бар, атын айтпай-ақ қояйын. Өйткені ол шақырғанымызға келмеді. Сонымен оны алып тастадық. Шақырған кезде оларды көлік береміз деп шақырған жоқпыз. "Компанияның ашылу салтанаты болып жатыр, келіп кетіңдер" дедік. Тосынсый болды. Бурахан Петропавлдан келуі керек болды. Оған менеджер хабарласып, "Сырым аға сені шақырып жатыр. Сенімен бірдеңе ақылдасады. Ашулы" депті. Бураханнан сұрасам, "не бүлдірдім деп, қатты уайымдап келдім" дейді. Мұрат Есжанға "офис ашып жатыр едік" деп шақырдық. Көрермен болып келді. Екеуінің де көлік бергенде эмоциясын байқадым. Шынын айтсам, көлік беретінімізді менеджер де білген жоқ. Көлік сыйланатыны туралы қағазды өзім оратып алып келдім. Компанияда менімен бірге акционерлер білді. Басқа ешкім білген жоқ", - дейді ол.

Сырымбек Таудың сөзінше, Мұрат Есжанмен бұрыннан таныс емес. Алайда өзі көлік сыйлаған екі адамның да істеген жұмыстарына қанық.

"Мұратпен сериалдан кейін ғана таныспын. Көп емес, әрі кетсе бір жыл. Көлігі бар ма, жоқ па, одан да хабарым жоқ. Бірақ көлікті сатып алып қоймадым. Жақсы көлігі болса мүмкін оны (қаржыны - еск.) керек-жарағына жаратар дедім. Бураханға да солай жасадым. Бес көлік ұсындық. "Өздерің таңдаңдар" дедік. Әрқайсы өздері таңдады. Мұрат Есжан Hyundai Tucson таңдады, Бурахан Nissan Qashqai таңдады", - дейді ол.

Сондай-ақ, Сырымбек Тау қоғамда сериалды жазған үш сценариске де көлік берілуі керегі туралы пікірлер барын айтты.

"Фильмді жазған сценарист - үш адам. Сценарийдің сыртында продюсері әйелі ғой, Айсәуле. Осы күнге дейін соларды білемін. 2-3 пікірді оқып қалдым, мазақ қылғаны ма, тигізіп жазды ма?! "Сценаристің үшеуіне де неге бермедіңіз" дейді. "Маған олай айтқанша, өздеріңіз қалған екі сценариске беріңіздер" дедім. Қазақ тырнақ астынан кір іздеп жатырмыз ба?! Бәрі демеймін. Бірақ сондай жағдай бар", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @san_tyres

Кәсіпкер Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілдаға офисін бергенін де айтты.

"Айсәуле "отыратын офисіміз жоқ" деп жазған. Facebook парақшасынан көріп, оларды шақырдым. "Менің офисіме отыра беріңдер" деп офисімді бергенмін. Олар бірақ көп отырмады. Әрі кетсе он күн ғана отырды. Олар өздері "біз басқа себеппен кеттік, ренжімеңіз" деді. Өзім отырған офис, жанымда 4-6 адам отыратын орын бос еді", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Мұрат Есжан (@murat_yeszhan)

Сырымбек Тау алдағы жылдары да көлік бергісі келетін сегіз адам барын айтады.

"Көрсетпей беріп жатқан адамдар да көп қой. Жасырмаймын, осы уақытқа дейін он үш жұмысшыға өз тарапымыздан үй бердік. Бірақ оның бәрін көрсетпейміз. Өзімізде қызмет істейтіндерге, алдыға атып шыққан жігіттерге үй бердік. Неге осы жолы көрсеттім? Қазір бір адамның қайталағанын көп қайталайтын замандамыз. Бәйге болады, бәйгеде бірінші келген атқа көлік беріледі, ол ат он рет бірінші орын болуы мүмкін. Айтыскер болады. Он рет айтыссаң, көлік ұтып алуың мүмкін. ...Менде он адамның тізімі бар. Алдағы бес жылда сол он адамға көлік берсем деген. Жасырмаймын, биыл екі бөлмелі үйді Мұрат Есжанға да емес, Бураханға да емес, басқа жігітке берейін деп шешкенмін. Ол жігіт ашылуға келмеді. Айтқанда ғана келетін болса, адамгершілікке жатпайды. Ол да жақсы танымал. Мен оның үйі жоқ екенін білемін. Бірақ жай шақырдым, келмеді. Сондықтан келесіге, келесі жылға қалдырдым", - дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, қазаққа, қазақтың игілігіне қызмет қылғандар өздерін қолдайтын адамдар барын түсінуі керек.

"Бурахан Дақанов туралы көп адам "ол намаз оқымайды, дінге сенбейді" дейді. Жоқ, Қазақстанның қамын жеп жүрген жігіттер болған соң бердім. Дініне, тіліне, ұлтына қараған жоқпын. Қазақстан үшін жаны ашитындар, түгі жоқ адамдар барымен базар болып, жұмыс істеп жатқандар көп. Көзімізге түспей жатқандар да бар шығар. Біздің қолымыздан не келеді? Бизнес жасап, ақша тауып, бір бөлігін сондай адамдарға жұмсау ғой. Көп адам "қарызым бар еді, мұғалім едім" деп жазып жатыр. Ол дұрыс емес. Осындай нәтиже шығару керек. Нәтиже шығарсам, бізді көтеретін ағаларымыз бар екен ғой деген ынта болуы керек", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Еске салайық, бұған дейін кәсіпкер Сырымбек Тау "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің режиссері Мұрат Есжанға көлік сыйлағаны хабарланған еді. 

"Біз қазір анау болмайтын, мынау болмайтын нәрсенің бәрін марапаттап жатырмыз. Бірақ жігіттердің ішінде жігіттердің төресін марапаттауымыз керек. Мұрат Есжанға елінің жанашыры деп біздің "Santyres" компаниясының атынан бір автокөлік мінгізейік дегенбіз", - деген еді көлікті беріп жатқан кезде Сырымбек Тау.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова