"Ұшақпен ұшуға қорқамын": аэрофобияны қалай жеңуге болады?

"Ұшақпен ұшуға қорқамын": аэрофобияны қалай жеңуге болады?
Фото: pixabay.com

Көпшілік адам ұшақта мазасызданып отырады. Кей адамдарда ұшақпен ұшу қорқынышы фобияға айналып, паникалық шабуылға және жүрек айнуға әкеледі. Ұшақта көп адам өзін қорғалмаған және өз өмірін бақылай алмайтындай сезінеді. Әдетте мазасыздық сезімі осыдан пайда болады. Фобияның клиникалық жағдайымен тек кәсіби мамандар жұмыс істей алады, ал ұшақтағы жай мазасыздықты қарапайым кеңестер көмегімен жеңуге болады.

Жағдайды ретке келтіруге тырысыңыз

Ми әдетте өзіне үйреншіксіз нәрсені "қауіп-қатер" деп қабылдап, сізді мазасыздануға мәжбүрлеуі мүмкін. Ойланып қарасақ, өмірде қауіпті жағдайлар көп. Бірақ олардың көпшілігі күнделікті әрекетке айналғандықтан, біз олардан әркез қорқып отырмаймыз. Мысалы, қарапайым душқа барудың өзі өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін: аяқ тайып кетіп қатты құлау мүмкіндігі бар. Алайда сіз күнде душқа түсетіндіктен, ол әдетке айналып, одан еш қауіп көрмейсіз.

Сол секілді ұшақта ұшуға да ерекше емес, күнделікті нәрсе ретінде қараңыз. Ол үшін ұшақтардың ұшу картасын бақылауға болады. Осылайша, сіз ұшақтар күнде ұшатынын және еш оқиғасыз қонып жатқанын түсінесіз.

Терең тыныс алыңыз

Көпшілік дұрыс тыныс алудың күшін бағаламайды. Тыныс алу жаттығулары мен медитация ұшақтың ішінде тынышталуға көмектеседі. Тереңірек тыныстар жасауға тырысыңыз. Содан соң көзіңізді жұмып, сізге жағымды эмоция сыйлайтын сүйікті жеріңізді, үйіңізді немесе орманды елестетіңіз.

Білім алыңыз

Қорқыныштар – қиялдың белсенді жұмысының нәтижесі. Ұшақтардың құрылымы, ұшқыштар және әуежай қызметкерлері жайлы көп оқыңыз. Бұл көпшілік қорқынышыңыздың жоғалуына көмектеседі. Бірде ұшақта мынадай жағдай болған: ұшақтағы бір ер адам "ұшақтың фюзеляжы (корпусы) жоқ" деп айқайлаған, ал адамдар болса, дүрліккен. Стюардессалар оларды тыныштандыра алмай қиналады. Егер ұшақтағылар фюзеляж деген не екенін білгенде, мұндай жағдай орын алмас еді.

Қорқынышты ойларыңызға анализ жасаңыз

Ми тәуекелдерді дұрыс бағалай бермейді. Фобия қорқынышты тақырыпты терең түсінуге кедергі жасайды. Алайда сол нәрсенің қалай жасалғанын және сол жайлы басқа да ақпаратты білу және түсіну қорқынышты қиялды жеңуге көмектеседі.

Қорқынышты ойларыңызды қағазға жазыңыз, содан соң тынышталған соң оларды оқып, анализ жасаңыз. Сіздің қорқыныштарыңыз қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріңіз.

Ұшақта үрейсіз отырған адамдарды бақылаңыз

Адам қатты қорыққан кезде өзіне қауіп төндіретін заттарға мән бере бастайды. Керісінше, мысалы, ұшақта сабырлы және сенімді отырған адамдарға назар аударыңыз, бұл сізге өз жағдайыңызбен күресуге көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Ұшақта өзіңмен бірге алуға болмайтын заттар тізімі

А. Жапатова