"Танымалдылықтың дәмін сәл-пәл сезініп жатырмыз". Тоқтар Серіковті "айға ұшырған қыз" неге бұлай жауап бергенін айтты

Әлеуметтік желіде бірнеше сұрақтан тұратын викторинаның кезекті сауалына "Тоқтар Серіков айға барды" деп жауап берген қыздың видеолары тарады. Massaget.kz тілшісі видеодағы қызбен сұхбаттасып, неліктен бұлай жауап бергенін сұрады.

Желіде тараған кадрларда ол қойылған сұраққа алдымен Юрий Гагарин деп, кейін Тоқтар Серіков деп жауап бергені көрінеді.

"- Ең бірінші айға барған кім?

- Юрий Гагарин.

- Жоқ, айға барған?

- Біздің Тоқтар Серіков.

- Жоқ, Нил Армстронг", - дейді видеода.

Желі қолданушылары бұл жауапқа түрлі пікір білдірген. Көпшілік оның байқамай шатасқанын айтып, мұндай қате бәрінде болуы мүмкін екенін жеткізген.

"Мысалы, осы қызымыз неше жерден Серіков деп айтса да, мен Әубәкіров деп қабылдадым!!!Себебі космонавт Әубәкіров екенін бәріміз білеміз ғой. Мен қайта келесі сұрақтары қандай болар екен деп күтіп отырдым. Несіне соны күлкіге айналдырып отырсыздар??? Біліміне көңіл аудармайсыздар ма?", "Қазағымның осындай білімді жастары көп болсын! Жарайсың қызым!", "Біздікілер бір қатесін көрсе болды қалғанын ұмытып кетеді, мазақ қылып отырғандар осы сұрақтардың біреуінің болсын жауабын біледі ма екен", "Тоқтар Серіковты айға ұшырып, айды аспаннан шығарғаны үшін рақмет", "Тоқтар Әубәкіров деп айтқысы келді. Жаңылмайтын жақ жоқ. Молодец қыз екен. Түуу, маған да осылар жолдан осылай жолығып қалса екен", - дейді олар.

Видеодағы қыздың есімі Азиза Насимолла екен. Ол Тоқтар Серіковті неліктін "айға ұшырғанын" түсіндіріп берді. 

"Бұл оқиға қызық болды. Жұмыс барысымен таң атпай шапқылап жүргенімде, орта жолдан Қайрат есімді жігіт жолықты. "Сұрақтар қойсам қалай қарайсыз? Осындай айдарым бар еді" деп өтініш білдірді. Мені де оның қандай айдар екені қызықтырып, келісім бердім. Тарих пен әдебиет аралас 10 сұрақ қойылды. Бәріне тосылмай жауап беріп келе жатып, "Тұңғыш айға барған кім?" сауалына автоматты түрде "Тоқтар Серіков" деп жауап бердім. "Тоқтар Серіков" тіркесі санамда тұрақты тіркес сынды жатталып қалған. "Тоқтар" есімі жүретін жерде міндетті түрде "Серіков" тегі қосақтасып жүретіндей (әдет сынды). Солайша, "Әубәкіровті" айтамын деп тұрып "Серіковті" айға жібердім" - дейді ол.

Азизаның сөзінше, видео осыншалық тарап кетеді деп күтпеген. Әлеуметтік желідегі кейбір қолданушылар видеоға сын-пікірлер де жазған. Дегенмен Азиза жылы пікір жазғандар көңілін бір марқайтып тастағанын жасырмады.

"Білуімше, ең бірінші бұл бейнежазбам TikTok желісіне жарияланып, 2,3 миллион қаралым жинады. Кейін Instagram-ға салынды. Ол жақта да 1 миллион қаралым жинап, оқырмандардың жақсы бағасын алды. Алғаш бір танысым жіберген кезде, "тосынсыйдай" көрінді. Таңданып қалдым... Таңғалысымның себебі: 10 сұрақтың 9-ына дұрыс жауап беріп, бір жерінен ғана "жаңылмайтын жақ жоқ" деп шатасып кеткенімді көпшілік ерекше назарға алып, іліп алып кетіп, "хит" қылыпты. "Серіковті айға ұшырған" видеоның түпнұсқасын, яғни өзге 9 сұраққа жауап бергенімді кейбір адамдар көрмей, сын-пікір де қалдырыпты. Алайда толық видеоны білетін жандар мені жақтап, ақтап алып шығып жатыр. Сол пікірлерді оқып отырып ішім жылып, төбем көкке жетті. "Әр қазағым-жалғызым!" пікірлердің басым бөлігі мақтау, сүйсіну екені мені өте-мөте қуантты. Ең бастысы, қоғамымыздың білімге, ілімге құштарлығы және оны бағалауы - нағыз керемет дүние!" - дейді ол.

Азиза Насимолланың мамандығы - журналист. Орал қаласының тумасы 9 сұраққа мүдірмей жауап беруі бекер емес екенін айтады.

"Арман қуып Астанаға келген Ақжайықтың қызымын. "Қазақстан-Атырау" телеарнасында тележүргізуші болып қызмет еттім. Қазіргі таңда "Хабар" арнасына қарасты "Оян!" таңғы бағдарламасының редактор-журналистімін. Қазақ тілінің лексикасы мен этимологиясы жөнінде тақырып қозғайтын "Тіліңді біл!" айдарын жүргіземін. Жаным әдебиет пен тарихқа жақын. Сосын да болар, "Серіковті" санамағанда, қойылған барлық сауалға еш қиындықсыз-ақ жауап бердім", - дейді журналист.

@user3128022937491 #рек ♬ оригинальный звук - Максат

Оның айтуынша, видеоны кім түсіріп, таратқанынан хабары жоқ. Алайда Азиза видеоны таратқан адамға алғысын білдірді. Өйткені осы видеоның арқасында көшеден танып қалатындар да бар екен.

"Бейнежазбаны жасаған, таратқан адамды мүлдем танымаймын. Бірақ ол кісіге не де болса алғысым шексіз. Тоқтар Серіков ағаның ол сұхбатын қайдан, қалай алғаны мен үшін қызық болды. Бірден әдемі құрылған қалжың есебінде қабылдадым. Ренжімедім де, өкпелемедім де. Өзім табиғатымнан әзілді жақсы көретін және жақсы қабылдайтын адаммын. Сол "Серіков" деген жері болмаса, бұл берген сұхбатым текке кетеді екен. Бұл бейнежазбаны көріп, мені көшеден көріп қалып "Мына сары қыз таныс қой!" деп жатқандар өте көп. Танымалдылықтың дәмін сәл-пәл сезініп жатқан жайымыз бар-ау!" - дейді Азиза.

Видеосы арқылы көпшілікке танымал болған Азиза өмірдегі басты мақсаты, жоспарлары туралы да айтты.

"Бүгінгі таңдағы басты мақсатым немесе өмірлік қағидам десем де болады - қазақ халқына қызмет ететін ұлттық кодты құрастыруға ат салысу, қазақ жастарының ана тілге деген қызығушылығын арттыру", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз