"Шежіре менен кейін жалғаспайды". Мырзатай Жолдасбеков өмірінде "ұл туып беруді" ұсынған әйелдер болғанын айтты

"Шежіре менен кейін жалғаспайды". Мырзатай Жолдасбеков өмірінде "ұл туып беруді" ұсынған әйелдер болғанын айтты
Фото: видеодан алынған кадр

Танымал ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков AIQYN бағдарламасында көпшілік біле бермейтін отбасы туралы айтып, өмірде қандай өксігі барын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мырзатай Жолдасбеков өмірлік жары бақилық болғанын, сонымен қатар, өзінің артынан бір ұл қалмағанына уайымдайтынын айтты.

"Апаңмен 62 жыл отастым. Бес жыл бір группада оқыдық. Алпыс жеті жыл бірге өмір сүрдік. Қимасым едім, асыл адам еді. Өте шешен, көсем адам еді. Амал не, 6 тамызда жылын бердік. Одан екі қызым бар. Үлкенім - Ғайни, кішім - Әлия. Бұл екеуінен бала-шаға бар. Менен ұл жоқ. Жас кезімде осыған мән бермедім. Мемлекеттің жұмысынан қолым тимей ойламаппын. Жиен немерелер бар. Бірақ "өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас" деп қазақ бекер айтпаған. Шежіре менен кейін жалғаспайды-ау деп уайымдаймын", - дейді ол.

Ғалым өмірінде тіпті" ұл туып беруді" ұсынған әйелдер кездескенін жеткізді.

"Жасыратыны жоқ, дәрігер бір әйелдер болды. "Ұл тауып береміз" деп. Алдында ойланып қойдым да, артынан Құдайдың бергеніне шүкір, бермесе тартып аламын ба деп оған көнгенім жоқ", - дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Сонымен қатар, ғалым жас кезінде ғашық болған адамынан тағы бір қызы барын айтты. 

"Мен бір қызға жас кезімде ғашық болып, ақын болып кеткенмін. Адам айтса, нанғысыз тіршілік кештік. Өзім биік лауазымды адаммын, бірақ ұры қары сияқты жасырынып күн көрдік. Жұрттың көбі құлақтанып қалды. Сол кісіден бір қызым бар. Гаухар дейтін алтын қызым. Осы Астанада тұрады. Ғашықтың жолы бөлек екен. Алдымызда ағаларымыз бар ғой, әйелдерін тастап, басқа әйел алған, өсіп-өркендеп отыр. Мен оған бара алмадым, бара алмайды екенмін", - дейді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова