"Ту көтерілгенде, халық жылайды". Әлем елдерінде Республика күні қалай тойланады?

Республика күні әлемнің бірқатар елінде ұлттық, мемлекеттік мереке саналады. Қазақстанда Республика күні - 25 қазан. Алайда халық әлі күнге бұл мерекенің маңызын түсіне бермейді. Massaget.kz тілшісі салыстырмалы түрде Республика күні қай елдерде тойланатынына шолу жасады. 

Қай елдерде "Республика күні" атап өтіледі?

Әлемде Республика күні жылдың әр мезгілінде тойланады. Мәселен:

  • Үндістан Республикасы 26 қаңтарды Республика күні ретінде бекіткен;
  • Иранда 11 ақпан - Ислам республикасы күні;
  • 9 қаңтар - Сербия республикасы күні;
  • 11 қаңтар - Албанияда республика күні.
  • Түркияда 29 қазан - Республика күні;
  • Францияда 14 шілде - Республика күні.

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, 25-тен аса елде Республика күні бар. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы құрамындағы республикаларда бұл мерекені атап өтеді екен. Бұл орайда кейбір шет елдердегі қазақстандықтар әлемде Республика күні қалай тойланатынын айтып берді.

"Ту көтерілгенде, халық жылайды". Қытайда Республика күні қалай тойланады?

Қытайда Республика күні - ең басты мемлекеттік мереке. Бұл күн жыл сайын Қытай Халық Республикасының құрылған күні ретінде 1 қазанда атап өтіледі. 

Рүстем Нұрлан

Қытай Халық Республикасы құрылғаны туралы 1949 жылғы 1 қазанда Мао Цзэдун Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өткен митингіде жариялады. Ал кейін бұл елдің орталық халық үкіметі 1 қазанды ұлттық мереке деп жариялау туралы қаулы шығарды. Биыл Қытай 74-рет Республика күнін тойлады. 

Рүстем Нұрлан

Қытайдағы Хубэй университетінің 2-курс магистранты, аудармашы Рүстем Нұрлан бұл елде Республика күні қалай тойланатынын айтты.

"1949 жылы 1 қазанда Мао Цзэдун Бейжіңдегі Тяньаньмэнь деген алаңда Қытай Халық Республикасы деп жариялады. Содан бері қаншама жыл өтсе де, әлі күнге дейін қытайлықтар бұл мерекені тойлайды. Ол күні қытайлықтар демалады. Бір аптадай уақыт демалыс береді. Жұмыстар тоқтайды. Оқулар тоқтайды. Қытай көшелерінде тулары ілінеді. Әртүрлі концерттер өткізеді. Бұл мереке Қытайда жоғары деңгейді тойланады", - дейді ол.

Рүстем Нұрлан

Расында да, қытайлықтар үшін Республика күні ең айтулы күндерді бірі саналады. Оған қоса бұл уақытта қытайлықтар жалпы бір аптадай демалады. Ал қалалардың бәрі дерлік мерекелік атмосфераға еніп, отшашулар да ұйымдастырылады екен.

Сонымен қатар, елдің басты алаңында Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдуннің суреті, құттықтау сөздер жазылған қызыл плакаттар ілінеді. Қазір Қытайда білім алып жүрген Рүстем Нұрланның сөзінше, халық бұл күнді шын жүрегімен сезінеді.

"Әр күн сайын күн шығатын таңғы уақытта Қытай Халық Республикасы деп жарияланған алаңда ту көтеріледі. Халық таңертең кезекке тұрады, тіпті ту көтерілгенін көру үшін бір күн бұрын тіркеліп қояды. Ал ту көтерілгенде, халық жылайды. Бұған ешкім мәжбүрлемейді, қытайлықтарда осындай ұлттық рух бар. Кішкентай балаларын да әкеліп, таңғы бесті, ту көтерілгенін күтеді. Яғни қытайлықтар Республика күнін тойлау үшін тек 1 қазанды күтпейді", - дейді қазақстандық.

Рүстем Нұрлан

"Аспан ту түсіне боялады". Италияда Республика күні қалай тойланады?

Ал Италияда 2 маусым - Республика күні. Бұл күн мемлекеттегі жаңа басқару жүйесі қалыптасқан күн саналады. Осы күннен бастап Италия монархия болуды тоқтатып, республикалық басқару жүйесіне көшті.

Бұл елдің мереке күніндегі символының бірі арнайы ұшақтар Римнің орталығынан ұшырылып, аспан тудағы жасыл, ақ және қызыл түстерге боялады. Италияда білім алып жүрген қазақстандық та бұл мерекеде бірнеше күн демалыс болатынын, аспанда ұшақтар ұшырылатынын айтты.

"Ұшақтар ту түстес етіп бояу шашып өтеді. Сол күні Италияның барлық қаласында әскери шеру өтеді", - дейді Италияда тұратын тағы бір қазақстандық.

drive2.ru

Германияда Республика күні қалай тойланады?

Германияда Республика күні 1949 жылғы 7 қазаннан бері атап өтіледі. Бірнеше жыл бойы бұл күні әскери парадтар өткізіліп тұрған. Ал 70-жылдардан бастап әскери сипатынан гөрі бейбіт формаға, фестивальдерге ұласқан.

Heinz Wieseler/dpa

Ал 1990 жылы бұл күн 3 қазанға, яғни Германия бірлігі күніне ауысқан. Германияда білім алып жүрген қазақстандықтың сөзінше, бұл күні демалыс жарияланады.

"Немістер бұл күні демалады. Алайда бұл күнді дүркіретіп тойлағанын көрген емеспін", - дейді ол.

Қазақстанда бұған дейін Республика күні тойланды ма?

Қазақстанда Республика күні 25 қазан, яғни 1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күні болып бекітілді. Бұл күн Тәуелсіздік күнімен қатар демалыс күндер қатарына енді. Алайда 2009 жылы Республика күні ұлттық мереке мәртебесінен айырылды. Дегенмен былтыр Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтарудың маңызын да түсіндірген еді.

"Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні - халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке", - деген болатын былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.          

Tengrinews.kz

Осыған орай былтыр еліміздің қалаларында Республика күні атап өтілді. Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардан бастап мерекелік іс-шаралар, концерттер, байқаулар мен марафондар ұйымдастырылды. Астанада Атырау көпірі мен ботаникалық бақ маңында отшашулар атылды.

Қазақстандықтар арасында бұл мерекенің қандай маңызы барын білу мақсатында Massaget.kz сайтының әлеуметтік желідегі қолданушыларына 3 сұрақтан тұратын сауалнама ұйымдастырылды.

  • "Республика күні туралы білесіз бе?" деген алғашқы сұраққа 80 пайыз оқырман "иә" деп жауап берген, 20 пайызға жуығы білмейтінін айтқан.

  • "Республика күнін тойлайсыз ба?" деген сауалға көпшілік оқырман "жоқ" деп жауап берген. Ал 16 пайызы "анда-санда" деп жауап беріпті.

  • "Республика күнінің сіз үшін маңызы бар ма?" деген сұраққа 50 пайызы "маңызды мереке" деген жауапты таңдапты. Ал 13 пайызы "жауап бере алмаймын", 36 пайызы "жоқ, әдеттегідей күн" деген нұсқаларды таңдаған.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар қазанда қанша күн демалатыны туралы жазған едік. Бұл айда Республика күні атап өтіледі. Бұл мемлекеттік мереке саналады. Биыл Республика күні (25 қазан) сәрсенбіге сәйкес келеді. Соған орай 5 және 6 күн жұмыс істейтіндер бір күн демалады. Демалыс күні басқа күнге ауыстырылмайды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз