Қазақ адамды малдың терісіне орап, қандай аурудан емдеген?

Желіде жаңадан сойылған малдың терісіне оралып жатқан адамның видеосы тарады. Белгілісі - бұл емдік мақсатта қолданылатын әдіс екен. Емдеуде қолданылатын ерекше әдіс туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.

Малдың терісі не үшін қолданылады? 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибізия Қалшабаева малдың терісіне ораудың емдік қасиеті туралы айтты. 

"Адамды қой терісіне орау бұрыннан келе жатқан емдеу тәсілді деуге болады. Себебі қойдың терісіне адамды орап, терлетеді. Ол көбіне денесін суық алған, қатты ауырып жүрген адамдарға ем. Ол тәсіл әлі де кездеседі. Артынша адамға сорпа беріп жатады", - дейді маман. 

"Ауырмаңыз" газетіндегі мәлімет бойынша, белсіздікті емдеуде қошқардың терісі де ем екен. Мысалы, сол кездегі емшілер белсіздікке душар болғандарды киік мүйізінің ортасындағы сұйық затпен, қошқардың, бұқаның терісімен және емдік қасиеті бар киікотымен емдеген екен.

Белсіз ер адамды жаңадан сойылған қошқар терісіне орап тастайтын болған. Ол теріні оранған қалпы бір сағаттан астам жатады. Оған киікотынан қайнатылған шәй беріледі. "Ауырмаңыз!" газетіндегі мәлімет бойынша, суды қайнатып, оған киікоты шөбін салып, дәрілік қоспа әзірлейді екен. Сосын адам осы суға шомылдырылады.

Кейбір емшілер белсіздікке душар болғандарды көп жағдайда жаңадан сойылған бұқаның немесе қошқар терісінің ыстық буына орап ем-дом жасайды екен. Сонымен қатар, науқасты 7-9 күн бойы киікоты өсімдігі қосылған ваннаға түсіріп, емдеген. Еркектің белі мен арқасын, қуық астын қойдың ішкі майымен сылап, массаж жасаған. Араға бір жеті өткізіп барып адамға дем салады екен.

Бедеулікке ұшыраған әйелді де киікоты қосылған суға шомылдырып, арнайы булау арқылы емдейтін болған. Кейбір жарияланған деректерге қарағанда, емдеу тәсілі мына төмендегі ретпен жүргізіледі:

  1. 500 грамм киікотын суға ұзақ қайнатып алады.
  2. Қайнатылған киікоты сүзіліп алынады да, оған 2 ас қасық тұз қосылады .
  3. Температурасы тым ыстық емес шым-шым суға киікоты қайнатпасын қосып, соған шомылу керек.
  4. Әйелдің жатыр тұсыннан бастап қуық астына дейін балмен сылайды.
  5. Сүзіліп алынған ыстық киікотын табан астына басып, жарты сағатқа жуық қыздырынады.

Киікотымен әйел қынабын шаю мен ыстау әдісі:

  • Бір уыс киікоты шөбіне 1 қасық ас содасын қосып, қайнатады.
  • Дайын болған қоспамен әйел күнделікті жатар алдында қынабын шаяды.
  • 100 грамм киікоты шөбін жағып, соның түтінімен денені аластап, тазартады.

Бұл әдісті күн сайын қолдану керек.

Қазақтың байырғыдан келе жатқан емдеу салтында да қойдың алатын орны ерекше. Мұнда да ем-дом шарасында қойды түсіне қарай пайдалану әдеті болған. Мәселен, зерттеуші Дәуіржан Төлебаев мәліметінше, халық емінде қара шешек болған балаларды жаңа сойылған қара қойдың терісіне ораған. Ал шошынып ауырған адамды қара ешкінің өкпесімен қағып жазған.

Ауру-сырқаудан жазуға қара түсті қойдың таңдап алынуы тегін емес, өйткені қара түсі қашаннан қара ниеттіліктің, зұлымдықтың белгісі. Осының байыбына барып, жете түсінген халқымызда қой түлігінің қара түсін қонаққа соймау әдеті де болған. 

Сондай-ақ, шетпе болған баланы ақ немесе көк ешкінің жаңа сойған терісіне орап, жел құзынан арылту, "сусамыр" ауруына (қанты жоғары) әбден арыған ешкінінің еті мың да бір ем болса, емдік қасиеті бар әрі балалардың денсаулығын жақсартады деп жаздың ыстық күндерінде серкешетін тағам ретінде тұтыну ертеден бері ешкі етінің емдік қасиетінің тағы бір қырынан көрсетеді.

Ал ұлттық спорт түрлерінің маманы болған Жанар Алсаева "Арғымақ" порталына берген сұхбатында адамды жылқының терісіне де орап емдегенін айтады. 

"Безгек болған адамды жаңадан сойылған жылқы терісіне орау, айналшық тиген қойдың таңдайына жылқының ту құйрығының бір тал қылын жүгірту, босана алмай жатқан әйелдің үстінен ат секірту толып жатқан сыртқы емдік қасиетін былай қойғанда жылқының майының өзі талай ауруға ем, талай дертке шипа".   

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!