"6 жыл 6 айға сотталдым". Танымал актер Президенттен араша сұрады

Танымал актер Асқар Жұмабеков басына іс түскенін айтып, Президентке видеоүндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, құрметті Президент, сізден өтініп, көмек сұрағым келіп тұр. Мына видеоны түсіруге мәжбүр болып тұрмын. Себебі басымда бір іс болып жатыр. Құрметті сот, өзім халықтың алдында жүрген адаммын, өнер адамымын, актермін. Сол себепті осы видео сізге жетеді деген үміттемін", - деді ол.

Актердің сөзінше, оқиға осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы караокеде болған. Қазір де бұл іс жалғасып жатыр. Актер сонымен бірге 10 ай бойы үйқамақта отырғанын, ал істі сот тек бір жақты қарап жатқанын айтты.

"Бүгін, 10 қазанда сот болды. Ертең үкім шығады. Сол себепті мен мына видеоны өзімді қорғау мақсатында, сізден көмек сұрау мақсатында түсіріп қойып жатырмын, құрметті сот. Әділдікті қалаймын. Ол жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Мен ажыраттым. Ешкіммен төбелескен жоқпын, құрметті Президент. Егер де ертең бізді бас бостандығымыздан айыратындай жағдай болып жатса, осы видео бүкіл Instagram желісінде тараса екен деймін. Ол жерде Ыдырысов, Әблязимов, Бахредин деген кісілердің ұлдары болып отыр. Сол себепті кімге барып көмек сұрасаң да, басын алып қашады. Себебі қорқады. Мына видеоны өзім түсіріп отырмын. Өйткені басқа мүмкіндік қалмады, құрметті Президент. Барынша көмек беруіңізді өтініп сұраймын сізден", - деді актер.

Асқар Жұмабековтің айтуына қарағанда, өзімен бірге бұл іс бойынша басқа да "жігіттер де жазықсыз сотталғалы жатыр". Алайда актер олардың кім екенін ашып айтпаған.

"Біз қай елде тұрып жатырмыз, Президент мырза? Бізде ақша жоқ болса, біщ сонда бәріміз қамала беруіміз керек пе? Егер сондай болса, онда біз Қазақстан елінің азаматы болмай-ақ қояйық", - деді ол.

Актердің бұл жазбасында оның өнердегі әріптестері жаппай Президенттің аккаунтын белгілеп жатыр. Олардың арасында Тәуекел Мүсілім, Аян Өтепберген, Ғазірет Қажымұқанұлы, Қобыланды Болат, Шерхан Пірназар, Айбек Серікханов, Жәнел Еркін бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!