"Сүйегі кепкен адамның әруағын мазалап". Блогер Ырысбала Икрамбай марқұм әкесінен берешегін даулап жүрген жан туралы айтты

"Сүйегі кепкен адамның әруағын мазалап". Блогер Ырысбала Икрамбай марқұм әкесінен берешегін даулап жүрген жан туралы айтты
Фото: Әлеуметтік желі

Танымал блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында жүрегіне батып жүрген мәселесі бар екенін жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, марқұм әкесінің досы қарыздары бар екенін айтып, енді соны қайтаруды сұрап отыр екен.

"Қазірдің өзінде бір басымда мың проблемам бар. Жүрегіме ең батып жүргені. Әкем өмірден өткеніне 12 жыл болды. Тірісінде жан жолдас, өте жақын дос, сыйлас болған кісінің әкеме өткізгені бар екен. Бірақ жаназасында дүйім елдің көзінше, "берешегі бар еді, кештім" деген екен. ... 12 жылдан кейін ешқандай дәлелсіз, дәйексіз, куәсіз маған 7000 доллар қарыз болған соны қазіргі доллармен қайтарыңдар деп анамды мазалап жүр екен. Анам тіпті білмейді де әкем ондай ақша алғанын көзі тірісінде. Доспын деп доңызбен де сырласыппын деген рас па екен? 12 жыл бұрын доллардың курсы қандай еді, қазір қандай? Ол кезде 1000 доллар - 150 000 теңге. Қазір 1000 доллар - 479 000 теңге. Сол кезде мынанша қарызы бар десе осы уақытқа дейін құтылушы едім ғой. Сүйегі кепкен адамның әруағын мазаламай. Қазір 3 миллион ақша екен, мейлі деп қазір сұрағанын берсең, ертең тағы негізі 17 000 доллар қарыз болған деп келмесіне кім кепіл, ол кезде не істейсің? Миым жетпей, жүрегім ауырып отыр. Ақша үшін емес, өлі арыстаннан тірі тышқанның артық болғанынан", - деп жазды блогер.

Ырысбала Икрамбай қазір осы жағдайға қатысты ойланып, қандай шешім шығарарын білмей жүргенін жазған.

"Менде екі вариант бар. Біріншісі жарайды деп жындыны қашқан жағына қуу деп 12 жыл алдыңғы 7000 доллар деп сол уақыттың ақшасымен сен банк емессің деп бере салу. Екіншісі дәлелде деп атынан арыз түсіру. Содан кейін өзі сұрап отырған 3 миллионды өзінен өндіру. Мен көкбеттенсем артық кететінім рас. Бірақ мына өмірде түсінгенім, әркіммен өз тілінде сөйлесу керек екен", - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін блогер Ырысбала Икрамбай көпбалалы ананың арманын орындағаны хабарланған еді.

"Жыламай көру мүмкін емес". Танымал блогер Ырысбала Икрамбай бес жетім балаға зәулім үй сыйлады

Тағы да оқи отырыңыздар: Анорексия мен булимия деген не?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова