Адамдар алғашқы кездесуде жиі жіберетін 7 қателік

Адамдар алғашқы кездесуде жиі жіберетін 7 қателік
Фото: ru.freepik.com

Алғашқы кездесуде адамдар ерекше сезімде болады. Қобалжиды, қате сөз немесе әрекет жасаудан қорқады және жақсы жағынан көрінгісі келеді. Ендеше, қандай сөздер мен әрекеттер алғашқы әсерді құртып, екінші кездесудің болмауына әкелуі мүмкін?

Кешігу

Бес минут кешігу аса білінбеуі мүмкін, ал жиырма минут немесе одан да көп уақыт кешігу сізді жауапсыз әрі ұйымшылдық қабілеті жоқ адам секілді көрсетуі мүмкін. Бұл жағдай жаңа адамға сіз өз уақытыңызды бақылай алмайтын және басқаның уақытын құрметтемейтін адам ретінде әсер қалдыруы мүмкін. Егер кептелісте тұрып қалып, кешігетініңізді білсеңіз, телефон соғып, ескертіңіз. Бірақ күніңізді дұрыс жоспарлап, үйден ертерек шыққан жөн.

Қоңырау мен хаттарға жауап беру

Қолыңыздан телефонды тастамай отырсаңыз, бұл сіздің оған ешқандай қызығушылығыңыз жоқ екенін көрсетеді. Егер үнемі қоңырауға, хаттарға, әлеуметтік желіге алаңдай берсеңіз, кездесуге келген адам сіздің ішіңіз пысып отыр деп ойлайды және ары қарай араласудың жөні жоқ екенін түсінеді. Сондықтан егер шұғыл шаруа болмаса, телефоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз.

Бұрынғы жігітіңіз/қызыңыз жайлы айту

Әдетте мұндай әңгіменің түк мәні жоқ. Оның бәрі өткен шақта болды, қазір сіз жаңа қарым-қатынас жасауға тырысып жатырсыз. Онымен қарым-қатынасты не үшін тоқтатқаныңызды бір-екі сөзбен ғана айтуыңызға болады. Мысалы: опасыздық, өмірге деген түрлі көзқарас, көшу және т.б. Жағдайдың мән-жайын түсіндірудің қажеті жоқ. Егер бұрынғы серігіңізді жамандасаңыз, кек сақтайтын, менмен немесе басқаларды талқылайтын, олардың кемшіліктерін іздейтін адам ретінде көрініп қалуыңыз мүмкін. Сондай-ақ ол жайлы тек жақсы нәрселер айта берсеңіз, сізбен кездесуге келген адам өзін ыңғайсыз сезініп, тіпті, комплексі пайда болуы мүмкін.

Саясат жайлы сөйлесу

Көп жағдайда саясат жайлы әңгімелер жақсы аяқталмайды. Себебі екеуіңіз де өз көзқарастарыңызды дәлелдеумен боласыздар, нәтижесінде келіспеушілік пайда болып, романтикалық атмосфера жоғалады.

Тек өзіңіз жайлы айту

Диалогқа екі адам қатысуы керек. Екеуіңізге де қызық болуы үшін өзіңіз жайлы айтасыз, тыңдайсыз, бір-біріңіздің қалжыңына күлесіздер және сұрақ қоясыз. Тек өзіңіз жайлы айта бермеуге тырысыңыз. Сіз жақсы жағынан көрінгіңіз келіп, жетістіктеріңіз, жұмысыңыз жайлы тоқтаусыз айтқан боларсыз. Бірақ сіздің бұл әрекетіңіз кездесуге келген адамға басқаның пікірін тыңдамау болып көрінуі мүмкін.

Көп нәрсе күту

Бұл кездесуді тағатсыздана күтіп, оның жоғары дәрежеде өтуін армандасаңыз да, бұл үміттеріңізді ол адамның мойнына іліп қоймаңыз. Әр нәрсе өз ретімен жүрсін. Адамды толық танымай жатып, болашаққа жоспар құрып тастамаңыз.

Оның қызығушылығын мазақ ету

Адамның әдеттері мен қызығушылықтары оны тұлға ретінде ерекше етеді. Егер оның қызығушылықтары сізге біртүрлі немесе қызық емес көрінсе, оны сынаудың немесе мазақ етудің қажеті жоқ. Оның орнына оның хоббиі мен қызығушылығы жайлы толығырақ айтып беруін сұраңыз. Сіз өзіңізге жаңа нәрсе ашуыңыз мүмкін.

Бақытты қарым-қатынасты сақтаудың 7 ережесі

А. Жапатова