"Ібілістің ісі, не жаудың әрекеті!" Балғынбек Имаш Тоқаевқа үн қатты

"Ібілістің ісі, не жаудың әрекеті!" Балғынбек Имаш Тоқаевқа үн қатты
Фото: instagram.com/balgynbek_imash

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, алғысын айтты,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біріккен ұлттар ұйымының биік мінберінен қасиетті Құранды қорғап, сөз сөйлегеніңіз үшін Алла дәрежеңізді көтерсін! Қаншама мұсылман елдерінің президенттері айтпаған үлкен мәселені көтеріп, Исламды, Алланың сөзі Құранды құрметтеп, Алланың дініне жәрдемші болғаныңыз үшін, Алла сізге жәрдемші болғай! Біздің түбіміз - түркі, дініміз - ислам! Атамыз - алаш, керегеміз - ағаш! Кейінгі бір-екі жылда әлемде де, біздің өз елімізде де осы саф дінімізге толассыз шабуылдар жасалып жатыр! Оны біз шамалайтын сыртқы күштер өздерін "тәңіршілміз" дейтін адасушы топтың қолымен де, өздерін зайырлымыз деп санайтын діннен хабарсыз адамдардың аузымен де, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамайтын адасушы ағымдардың амалдары арқылы да жүзеге асырып жатыр. Ауызы арақтан құрғамайтын айуандар да, зинақор хайуандар да, нашақор азғындар да, бәлеқор журналистер де дін туралы дәлелсіз жала, дәйексіз пікірін емін-еркін айта беретін болды", - деп жазған ол. 

Сондай-ақ, ол аруақ, орамал және домбыра мәселесіне қатысты тоқталды. 

"Кейінгі айларда ғана аруақ мәселесінде, орамал мәселесінде де, домбыра жөнінде де, алаяқтық туралы да үлкен-үлкен дау-дамай туындап халық екіге жарылды. Сіздің елді біріктіру мақсатында жасап жатқан еңбегіңізді еш, тұзыңызды сор қылған арандатушыларға тоқтау болса екен. Елді екіге жару, берекені кетіру, бүтінді бөлшектеу, күштіні әлсірету, ынтымақты ыдырату, тұнықты шайқау, мемлекетке іріткі салу - не Ібілістің ісі, не жаудың әрекеті! Елдегі мұсылман жамағатын да, қарапайым халықты да төзімді болуға шақырамын. Мұсылмандықтың шарттарын сақтаған намазхандарға "Арабқұл" деген жаланы жабу тым негізсіз. Кеңестік кезеңнің 70-жылында тілі мен дінін ұмытып орыс болып кеткен дүмше-дүбәра қазақ миллиондап саналады, бірақ, 14-ғасырдан бері дін ұстаған себепті тілін ұмытып араб болып кеткен бір де бір қазақ жоқ! Біз - қазақпыз! Арабқұл да, орысқұл да емеспіз! Қазақтың даласында, қазақша тақиямызды басымыздан тастамай, қазақы шапанмен жүріп, саптама етік киіп, домбырада ойнап, айтысқа қатысып, белімізден шыққан барлық баламызды тек Ана тілінде сөйлетіп, осы елді қорғайтын сарбаз етіп тәрбиелейміз!" - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін ақын Балғынбек Имаш өзін алаяқ дегендерге жауап берген еді. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Кейбір адамдар неге үнемі кешігеді?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек