"Атымнан бірнеше рет несие рәсімдеген": Не істеу керек?

"Атымнан бірнеше рет несие рәсімдеген": Не істеу керек?
Фото: hamiltonpawprint.com

Қазіргі уақытта интернет алаяқтықтары көбейіп келеді. Әсіресе, басқа біреудің атынан несие рәсімдеу жиі белең алып кетті. Мұндай жағдайда не істеу керек? Кімге хабарласқан дұрыс? Осы туралы Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің есебі бойынша, биыл Қазақстанда 11 500 өтініш түскен. Арнайы киберполицейлер алаяқтар жымқырған 90 млн теңгеге жуық қаржыны кері қайтарған.

"Бұл іске өзімді кінәлайды"

43 жастағы Алматы тұрғыны Заринаның атына екі жыл бұрын жекеменшік компаниядан үш несие рәсімделген. Бұдан жақында ғана хабардар болған ол бізге мән-жайды айтып берді.

"Жұмыста отырғанымда мамыр айында телефоныма бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, төленбеген несием барын және бүгін төлемесем, сот орындаушысына жіберілетінін айтты. Бастапқыда алаяқтардың бірі шығар деп мән бермедім. Екінші күні қайта соққан кезде толық сұрадым. Сөйтсем, осыдан екі жыл бұрын менің атыма екі рет несие алыған. Ал ол әлі күнге дейін төленбепті. Сотқа беріп, арыз жазсам да әлі күнге шешілмей келе жатыр. Бәріне өзімді кінәлайды", - деді ол.

 Фото: radiodos.com

Зарина жеке компанияның мекен-жайына барып, нақты көз жеткізген. 

"Берілген мекен-жайға бардым. Несие алынған құжаттарды тексердім. Осыдан 5-6 жыл бұрын басқа компаниядан несие рәсімдеген едім. Сол кездегі төлқұжатымды ұстап түскен суретім мына құжатта тұр. Ал нөмірі ресейлік нөмір. Банк есепшоты да басқаша. Ресейлік нөмірді анықтай алмадық, хабарласу да мүмкін емес. Ал менің банк есепшоттарымның есебін апарып, қорғаушыға көрсеткенімде олар ештеңе дәлелдеу мүмкін емес екенін айтты. Қазір 2 млн теңгені өзім төлеп жатырмын", - деді ол.

"Бірден полицияға хабарласу керек"

Заңгер, медиатор Назира Айбастың айтуынша, мұндай жағдайда алдымен полицияға хабарласу керек.

"Егер сіздің атыңыздан өзге біреу несие алғанын білсеңіз, алдымен полицияға хабарласу керек. Олар өтінішті қарастырмай жатса, рәсімделген несиенің заңсыздығы туралы талап-арызды сот орындарына түсіруге болады. Себебі, жеке куәлікке қатысты мәліметтер дұрыс болғанымен жеке шотқа қатысты мәлімет дұрыс болмай шығады. Ақша сіздің емес, басқа біреудің шотына түседі. Осыған қарап, алаяқтық жолмен рәсімделген несие екені дәлелденеді", - деді заңгер.

 Фото: comodepositar.com

Білікті маман тәжірибесіндегі осыған ұқсас оқиғамен бөлісті. 

"Адамдарды көбіне 16-30 жас аралығындағы алаяқтар алдайды. Менде бір оқиға болған. Бір қыз Ресей азаматымен танысқан. Азамат анасы сырқаттанғанын айтып, ақша аудару үшін қыздың жеке мәліметтерін сұратқан. Қыз оған сеніп, барлық құжаты мен телефон нөмірін жіберген. Қызға ақша түскенімен, азамат оны басқа біреудің шотына аудартқан. Ал соңында жігіттің бірнеше қызбен сөйлесіп, алдап жүрген алаяқ екені анықталған. Мұндай жағдайлар сотта қиындық тудырады. Өйткені, ақша қыздың шотына түскен. Оны өзі аударған. Қарап тұрсаңыз, барлығы заңды түрде болған. Сондықтан, жеке мәліметтерді мейлінше танымайтын, сенімсіз адамдарға бермеу керек", - деді заңгер.

Заңгер несиені өзі алмаса, шотына түспесе, дәлелдеу оңай екенін айтты.

"Заң бойынша азаматтар кредиттік бюроға жүгініп, өзінің атында несие бар-жоғы туралы анықтаманы тегін ала алады. Мұны жылына бір рет өздері тексеріп қарап отырғаны жөн", - деді Назира Айбас. 

"Қылмысты ашу біршама уақытты талап етеді"

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, қылмыскер басқа елден болса, оны зерттеу көп уақытты талап етеді.

 Фото: hamiltonpawprint.com

"Алаяқтар интернет желісін пайдаланатындықтан, бұл трансұлттық қылмыстар санатына кіреді. Яғни,бұл жерде жәбірленуші елімізде, ал қылмыскер басқа елде болып отыр. Осы тұрғыда қылмысты ашу біршама уақытты талап етеді. Мәселен, өзге мемлекеттердің аумағында ақшалай қаражаттардың аударымы мен шешіп алу фактілері анықталса, онда қылмыстық заңнамаға және халықаралық келісімшарттарға сәйкес, тергеу органдары шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарына қылмыскерді анықтау және қажетті мәліметтерді (банктік есеп-шоттар, абоненттік нөмерлер, ІР-мекенжайлар және т.б.) алу, оның ішінде ақшалай қаражаттарды қайтару үшін тапсырмалар жолдайды. Әрине, заман талабына сай, қылмысқа қарсы күрес тактикалары мен тәсілдері де өзгеріп, жаңарып отырады. Сонымен қатар, оларды анықтауға, ашуға және тергеуге арналған бірнеше әдістемелік нұсқаулар әзірленді және тәжірибелік қызметте қолдану үшін аумақтық полиция департаменттеріне жолданды. Жәбірленушіге келтірілген залалды өндіріп беру қолданыстағы қылмыстық заңнамада қарастырылған және ол екі тараптың татуласуымен, сондай-ақ, сот өкімімен жүзеге асырылады", - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Маманнан арнайы кеңестер

  • Азаматтар өздерінің жеке деректерін, пластикалық карталардың реквизиттарын ешкімге хабарламауы қажет;

  • Егер банк карточкаңыздың бұғатталғаны туралы телефоныңызға қоңырау шалса немесе SMS-хабарлама жіберілсе онымен байланысқа түспестен бұрын, өзіңіздің банк бөлімшеңізге барыңыз немесе оның ресми Cаll-орталығына қоңырау шалыңыз;

  • Интернет арқылы сауда-саттық жасағанда бағасы тым арзан заттарды (автокөлік, пәтер, ұялы телефон т.б.) алуға қызықпаңыз және ол үшін алдын ала ақшалай қаражатты жіберуге асықпаңыз. Бағалы заттарды ұтып алғаныңыз туралы хабарлама (автокөлік, пәтер, ұялы телефон және т.б.) алған жағадайда, өзіңізге таныс емес адамдардың есеп-шоттарына ешуақытта ақша аудармаңыз. Сатушымен тауарды алғаннан соң ғана төлем жасау туралы келісуге тырысыңыз;

  • Электрондық поштаңызға, әлеуметтік желідегі аккаунтарыңызға және телефоныңызға келіп түскен белгісіз интернет-ресурстарға сілтеме арқылы кірмеңіз және онда көрсетілген сұрақтарға жауап бермеңіз; Белгісіз және тексерілмеген сайттар мен басқа да дереккөздерге жеке деректерді енгізбеу қажет. Сізге төлем жасау үшін жіберілген сілтемелерді немесе белгісіз байланыстардан жолданған СПАМ-жіберілімдерді ашпаңыз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік сілтемелерге өтуді ұсынады;

  • Банкинг қызметтеріне қол жеткізу үшін құпия кодтарды үнемі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа да қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;

  • Есеп-шоттағы ақша қозғалысын жиі тексеру қажет. Мұндай шаралар алаяқтықтан аулақ болуға және өз ақшаларын сақтап қалуға көмектеседі;

  • Интернет желісі арқылы ұшақ, темір жол билеттерін сатып алу барысында тек тексерілген белгілі ресми сайттарды ғана қолданғаныңыз дұрыс;

  • Жеке сипаттағы мәліметтерді (ЖСН,  ұялы телефон нөмірі, банк реквизиттары, геомәліметтері бар фотоларды және т.б.) ашық көздер (әлеуметтік желілер мен мәссенджерлер) бойынша беруге және жариялауға болмайды. 

Еске салайық, бұған дейін "несие алып беремін" деп ауыл тұрғындарын 30 миллион теңгеге сан соқтырған алаяқ туралы жарияланған болатын. 

 Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы