Ұзатылғалы жатқан қыз артына қараса, жақыны қайтыс болатыны рас па?

Әлеуметтік желіде қыз ұзатып жүрген әншінің видеосы тарады. Ол әдетте ұзатылғалы жатқан қызды артына қаратпауға тырысатынын айтқан. Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасып, ұзатылып жатқан қызға қазақтың "артыңа қарама" деуінің себебін сұрады.

Әнші бұл ырымды тойларда үнемі ұстанатынын айтады.

"Артына қарап бара жатқан жерінен бұрып алдым ғой. Қазақта артыңа қарама деп, бекер айтпайды ғой.. Мен де соны ұстанамын… Қаратпауға тырысамын", - дейді әнші Нұрсәуле Сәулет.

@nursaule_saulet Қазақта артыңа қарама деп, бекер айтпайды ғой..мен де соны ұстанамын…қаратпауға тырысамын..#ұзату ♬ оригинальный звук - Нұрсәуле Сәулет

Желі қолданушылары да бұл салттың мәнісі неде екеніне қызуғышылық танытқан. Тіпті әжелерінен естіген нұсқаларын айтқандар да табылған.

"Неге артыңа қарама дейді?", "Артыңа қараса, көп ұзамай жақыны қайтыс болады деп әжем айтып отыратын", - дейді олар.

Болат Бопайұлының пікірінше, бұл ертеден қалыптасқан ырымдардың біріне жатады.

"Ол қазақтың байырғы ырымдарынан шыққан. Бағзыдан сыңсу айтып, табалдырықтан аттап кеткеннен кейін ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамасын деген ырым бар. Ол "барған жеріде балдай батып, судай сіңсін, артына қайтып келмесін, қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман" деген түсініктен шыққан. Оның жамандығы жоқ. Қалыптасып қалған наным-сенімге негізделген дәстүрлі ырым", - деді этнограф.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қыз артына қараса, жақыны қайтыс болады деген пікір - жаңсақ пікір.

"Жоқ, қыз қайтып келмесін деген түсінік ғана бар. Қимай кетіп бара жатқан қыз ғой", - дейді ол. 

Этнографтың сөзінше, тіпті қазақ әйел адам болсын, ер адам болсын, қоқыс лақтырған кезде де артына қарамағаны дұрыс деп есептеген екен. Бұл ырым алыс жолға шыққанда да сақталған.

"Қазақ алыс жолға шыққанда да бұрылып қарамайды. Ит ерсе, ерген итті де "кет әрі" деп қайтармаған. Оның астарында "алдыңғы жолымызға аман-есен жетейік, жол ортадан қайтпайық" деген түсінік бар", - дейді маман.

Еске салайық, бұған дейін ұстазын ұзатуында құттықтап барған оқушылар Қазнетті тәнті еткені хабарланған еді.

Тізерлеп ұсыныс жасау, ұзатуда қызды көтеріп алып кету қазақ тарихында болған дәстүр ме?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз