"Қандай тәрбие". Футболдан кейін алаңды тазалап жүрген кішкентай бала Қазнетті тәнті етті

Әлеуметтік желіде футболдан кейін алаңды тазалап жүрген баланың видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мой ГОРОД" басылымының мәліметінше, 3 тамызда "Ақжайық" футбол командасы астаналық "Жеңіс" клубымен ойнаған.

Матчтен кейін көрермендердің артынан қоқыстар қалған. Бұл көрініске бей-жай қарамаған жанкүйерлердің бірі, 11 жастағы Әлихан Сайхал матч аяқталғаннан кейін стадионда қалып, барлық қоқысты жинап шыққан.

Әлихан өзі де футболмен айналысатынын, "Жайық жастары" клубына барып жүргенін айтқан.

"Қоқысты жалғыз жинаған жоқпын. Мансұр, Нұртас және Надир деген достарым болды. Бірақ олар қоқысты қоқыс жәшігіне лақтыруға кетті", - дейді жас футболшы.

Клуб әкімшілігі Әлиханға бұл ісі үшін алғыс айтып, шағын сыйлық жасауға уәде еткен.

Желі қолданушылары балақайдың бұл әрекетіне тәнті болған.

"Адамдар қоқыс лақтырмауды қашан үйренеді екен? Балақай, жарайсың", "Міне, тәрбие", "Осындай адамдар жаңа Қазақстанды құрайды", "Қандай тәрбие, ақылды бала. Көп үлкенге үлгі бола біледі", "Әлихан Бөкейхан атамыздай мықты тұлға болады бұл бала", "Ата-анасына рақмет", "Әлиханға футбол матчтерін көруге өмір бойына абонемент беру керек", - деп жазған олар.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!