Смартфоныңыздағы хатты жұбайыңыз тексерсе, не істеуге болады?

Смартфоныңыздағы хатты жұбайыңыз тексерсе, не істеуге болады?
Фото: pixabay.com

Сіздің ұялы телефоныңызға келген хат-хабарламаларды, сонымен қатар қоңырауларды жұбайыңыз немесе өзге де туыс-танысыңыз жиі тексеріп отыра ма? Ондай жағдайда кімге, қайда шағымдануға болады?

Заңгер Венера Нұрғалиқызының айтуынша, телефоныңызға келген хабарламаларды және қоңырауларды өзге адамдар тексеріп отырса, (мейлі ол әйеліңіз немесе жақын туысыңыз болсын) олар заң алдында жауап беретінін білгені жөн. Себебі ұялы телефон – адамның жеке мүлкі. Ал ондағы ақпарат оның жеке құпиясы болып саналады. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 148-бабына сәйкес, бұл әрекет хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу болып есептеледі. Мұндай жағдайда заң бұзушы жеке тұлға болып саналса, онда оған 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына болмаса 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті кейде 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралады", - дейді заңгер.

Ал егер адам бұл қылмысты өзiнiң қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып жасаса не электрон ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу жолымен жүзеге асырса, оның жазасы ауырлай түседі. Яғни, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге тыйым салынып, 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан