Өз-өзіңізді жек көруіңіздің 5 себебі

Жек көру - бұл ауырсыну және ыңғайсыздық тудыратын, көңіл қалуға әкелетін терең сезім. Адам өз-өзін жек көрсе, оның өзін-өзі бағалауы және жалпы психикалық денсаулығы нашарлайды. Неліктен кей адамдар өзін-өзі жек көреді және бұл сезімнен қалай арылуға болады? 

1. Балалық шақтағы жағымсыз тәжірибе

Басқа жағымсыз эмоциялар секілді өзін-өзі жек көру де балалық шақтың жағымсыз тәжірибесінің салдары болуы мүмкін. Бұл көбіне ата-аналары шамадан тыс сынаған, жиі қатты ашуланған, соның ішінде әр ұсақ-түйекке ашуланған және баланы кішігірім тентектігі үшін де жазалаған адамдарда кездеседі.

Сол үшін адамдар есейгенде өздері жайлы жағымсыз ойлауға бейім келеді: олар өздерін жолы болмайтын адам сезінеді және өздерін сынай береді.

2. Буллинг

Отбасында, мектепте немесе жұмыста буллинг құрбаны болған адам өзіне деген көзқарасты жеккөрушілікке дейін өзгерте алады. Тіпті, өткінші жағымсыз оқиғалар немесе естеліктер ол үшін триггерге айналып, жағымсыз сезімдерді күшейтеді. Бұл өзін-өзі бағалауға, ішкі диалогқа, өзін және айналасындағыларды қабылдауға әсер етеді.

3. Токсик қарым-қатынастар

Өзін-өзі жек көруді күшейтетін жағымсыз ішкі диалог жиі токсик адаммен қарым-қатынастың салдарынан пайда болады.

Токсик адаммен қарым-қатынас салдарынан адамда "мен ұсқынсызбын", "мен ешқашан ештеңеге қол жеткізе алмаймын" деген секілді ойлар пайда болуы мүмкін. Адам токсик қарым-қатынаста неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым оның өз күшіне деген сенімсіздігі күшейіп, өзін-өзі бағалауы төмен болады.

4. Ұят сезімі

Өзін-өзі жек көру кей жағдайда адамның іс-әрекетіне, сондай-ақ жеке қасиеттеріне байланысты ұят сезімінен туындайды. Бұл адам өз кемшіліктеріне аса мән бергенде, өзін кешіруді және жағымсыз жағдайларды жіберуді білмегенде болады.

Сондай-ақ, өзін-өзі жек көруді тудыратын ұят сезімін басқа біреу тудырған болуы мүмкін. Мысалы, бұл сезімнің пайда болуына кез келген жағдайда сіздің кемшіліктеріңізді көрсетуге және сізді ұятқа қалдыруға тырысатын адам себепші болған болуы мүмкін.

5. Сатқындық

Көп жағдайда достары өтірік болып шыққаннан кейін немесе серігі сатқындық жасағаннан кейін адамға "менде бірдеңе дұрыс емес секілді" деген ойлар келе бастауы мүмкін. Бұл ойлар оның өзін-өзі жек көруіне әкеледі.
Мұндай адамдар өткенді жіберіп, әрі қарай жүрудің орнына болған жағдайға өзін кінәлап, өкінеді.

Өзін-өзі жек көруден қалай арылуға болады?

Өзін-өзі жек көруден арылу үшін ойыңызды өзгертуді қолға алу керек. Сондай-ақ өз-өзіңізді бағалауыңызды арттырып, сезімдеріңізді қабылдап үйрену керексіз.

Ішкі сыншының "аузын жабыңыз". Ішкі сыншы - өзін-өзі жек көрудің басты себептерінің бірі. Ол сізді өзіңізге жағымсыз нәрселерді ойша қайталауға және кемшіліктеріңізге назар аударуға мәжбүр етеді. Онымен күресу үшін өзіңізге "сіздің ойларыңыз нақты жағдайдың көрінісі ме, әлде олар қисынсыз ба" деген сұрақты қойыңыз. Сондай-ақ, оның жағымсыз сөздерін жоққа шығаратын дәлелдер келтіре отырып, ішкі сынға қарсы тұруға тырысыңыз.

Адамдарды және өзіңізді кешіріңіз. Әдетте, өзін-өзі жек көру сізге жаман қараған адамдарға деген реніш сезімінен туындайды. Сондай-ақ, адам бұрын жасаған әрекеттері үшін өзіне ренжуі мүмкін. Жеккөрушілікпен күресу үшін сіз басқаларды да, өзіңізді де кешіруді үйренуіңіз керек.

Ортаңызды өзгертіңіз. Қандай да бір адамдармен араласқаннан кейін өзіңізді одан сайын жек көріп кетесіз бе? Олай болса, сол ортаны өзгертуге тырысыңыз. Себебі олар сіздегі осы сезімнің пайда болуына ықпал еткен болуы мүмкін.

Күн сайын жақсылық жасаңыз. Әдетте, өздерін жек көретін адамдар өзіндегі жақсы нәрселерді, қасиеттерді, жетістіктерді көре алмайды. Өзіңізді жақсы көру үшін және күн сайын өзіңізді мақтан тұтуға себеп табу үшін күніне кем дегенде бір жақсылық жасауға тырысыңыз. Мысалы, бейтаныс адамға қошемет сөз айтыңыз, досыңызға жағымды хабарлама жіберіңіз және т.б. Бұл сізге жағымды эмоциялар сыйлайды және одан кейін өзіңізді бағалай түсесіз.

Өзіңізді біреумен салыстыруды доғарыңыз. Өзіңізді басқа адамдармен салыстырған кезде, сіз тек өзіңізге деген жеккөрушілікті күшейтесіз. Оның орнына жоспарларыңыз бен мақсаттарыңызға назар аударыңыз, бар нәрсеге жиі қуануға тырысыңыз.