Ұялы телефонымыз тыңдала ма?

Ұялы телефонымыз тыңдала ма?
Фото: ru.freepik.com

Бірінші рет - кездейсоқтық, екінші рет - сәйкестік, үшінші рет - заңдылық. Бұл тыңдалатын смартфондарға қатысты айтылғандай. Сізге мынадай жағдай таныс шығар: бір нәрсе жайлы айттыңыз, ал келесі күні ол көз алдыңыздан ғаламтордағы жарнама түрінде шыға береді. Оның себебі неде? Сіз оған ұқсас сөзді ғаламтордан іздеген жоқсыз, бар болғаны бірнеше рет ауызша айттыңыз. Оған кінәлі смартфоныңыз ба? Осы орайда, Massaget.kz тілшісі программист Қасым Жомарттың пікірін алды.

Маман ұялы телефон тыңдалатынын растайтын көптеген жағдайлар болғанын айтып, мысалдармен түсіндірді. 

"Негізі ұялы телефон тыңдалатыны нақты емес, бірақ оны растайтын көп жағдайлар болған. Мысалы, фейсбук пен инстаграмда сториске видео салган кезде фейсбук танитын (распознание) микрофонмен, қолданушының ешқандай рұқсатынсыз стористағы дыбысты микрофонмен тыңдап, атын шығарып қоятын. Сол кезде фейсбукте 24/7 микрофон косулы тұрады деп шу шыққан болатын.

Сол секілді мұндай жағдай apple де болды. Яғни, iPhone-да телефон бұғатталып тұрса да, “Siri” деп айтқан кезде телефонда "дауыстық көмек" қосылып кететін болған. Бұл да үнемі микрофон қосылулы тұрады дегенге келеді.

Мұндай жағдайлар басқа да мессенджерлерде кездескен", - деді Қасым Жомарт.

Сонымен қатар, маман әлеуметтік желілерде қолдану кезінде абай болуға шақырды.

"Бізде өмірдің әр саласына арналған жеке қосымшалар да бар: спорт, видео, музыка, білім, саяхат, дүкендер. Алайда, технологияның өркендеуімен және компьютерлердің қуатты әрі қолжетімді болуына байланысты жоғарыда аталған қызметтер бір шетінен өзімізге қауіпті болуы да мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желілер әрбір қолданушыға жеке-жеке анализ жасайды: бізге қандай фото-видеолар ұнайды, біз неге қызығамыз, қандай посттарды оқимыз, кіммен көп сөйлесеміз және т.б. Бұл мәліметтер сонымен қатар біздің өзімізге жеке жарнама көрсетуге қолданылады. Google туралы айтпаса да белгілі, біз не істейміз, қандай проблемаларымыз бар, қандай мақалаларды көп оқимыз, осының бәрін YouTube-пен бірге толығырақ анализ жасайды", - деді маман.

Біздің көптеген іс-әрекеттерімізді статистикалық мәліметтер арқылы да болжауға болады, олар біздің күшті және әлсіз жақтарымызды білгенде өз пайдасына қолдана алады, мысалы, бізді бір нәрсеге келістіру немесе манипуляциялау, бізге бірдеңе сату т.с.с. Әрине, бұл технологиялардың көптеген артықшылықтары бар, бірақ кемшіліктері де жоқ емес. Кейбір жағдайларда, біз белгілі бір қызметтерді пайдалануда абай болуымыз керек деп ойлаймын", - деп кеңес берді программист.

Қалай қорғану керек?

Сіздің ұялы телефоныңыз тыңдалуы әбден мүмкін. Егер сіз заңгер, журналист болсаңыз немесе өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді сақтағыңыз келсе, төмендегі ұсыныстарға мән беріңіз.

Микрофонға рұқсатты алып тастаңыз

iPhone-да: "Баптау"-ды (Настройки) ашып, "Құпиялылық"-ты (Конфиденциальность) таңдаңыз. Оның ішінен "Микрофон" дегенді басып, тізімдегі кей немесе барлық қосымшаға рұқсатты алып тастаңыз. 

Android-та: "Баптау"-ды (Настройки) ашып, "Қосымша" (Приложения) пунктін таңдаңыз. Содан соң "Қосымшалар құқықтары" (Права приложений) мәзірінен микрофонға рұқсатты алып тастаңыз.

Дауыстық көмекшілерді сөндіріп тастаңыз

Siri. "Баптау"-ды (Настройки) ашып, "Негізгі" (Основные) бөлімін таңдап, "Шектеулер" пунктін (Ограничения) таңдаңыз. Бұл жерден Siri-ді сөндіріңіз.

Google-ассистент. Дауыстық көмекшінің қосымшасын ашыңыз, "Баптау"-ды (Настройки) ашып, "Телефон" бөліміне өтіп, Google-ассистентті белсенді емес жағдайға ауыстырып қойыңыз.

Алиса. Яндекс қосымшасындағы "Баптау"-ды (Настройки) ашып, "Дауыстық көмекші" (Голосовой помощник) бөліміне өтіп, "Дауысты іске қосу" (Голосовая активация) батырмасын өшіріп қойыңыз.

Вебкамераны жауып қойыңыз

Оны жапсырмамен жауып қоюға болады.

Экрандаушы құрылғы пайдаланыңыз

Экрандаушы құрылғылар физикалық тұрғыда радиобайланысты бұғаттап, мәліметтерді сымсыз тасымалдауды мүмкін емес етеді. Оған дауыстық жазбалар да жатады. Бұрын мұндай құрылғылар кей мамандықтар да ғана қолданылатын. Бірақ қазір оларды қарпайым қолданушылар да пайдалана алады. Мысалы: экрандаушы қаптар мен капсулалар.

Айтылған сөзге сәйкес жарнаманың шығуы кездейсоқтық болуы мүмкін бе?

Алайда кездейсоқтық жайлы да ұмытпау керек. Жақында айтқан монша жайлы әңгімеңізден соң ғаламтордан монша жайлы жарнама шықса, сіз бірден телефоныңыз тыңдалады деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда монша жайлы әңгіме айтқан адамдардың бәріне бірдей мұндай жарнама шыға бермейді. Смартфон сіздің әңгімеңізді жазып, одан соң оны шифрын ашып оқып, анализ жасау мүмкіндігі аз. Себебі адам және оның қалаулары жайлы мәліметті алудың басқа да көптеген жолдары бар. Мысалы, іздеу, пікір қалдыру, әлеуметтік желідегі достар, сілтемелерден өту, топтар мен парақшаларға жазылу - мұның барлығы үлкен сандық портретке жинақталады.

Адамдардың көпшілігі гаджеттермен әуестенетіні соншалықты, тіпті, виртуалды мен шынайы әлемнің арасынан тепе-теңдікті әрең табады. Интернетте көп уақыт өткізу арқылы не жоғалтамыз? Мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова