Сананы улаған әлеуметтік желіде аз уақыт өткізуге көмектесетін әдістер

Сананы улаған әлеуметтік желіде аз уақыт өткізуге көмектесетін әдістер
Фото: www.pixnio.com

Әрине, қазір әлеуметтік желісіз өмірімізді елестету өте қиын: TikTok көңіл көтеруге таптырмас платформа болса, инстаграм сынды кеңістік бізді визуал эстетикаға үйретеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер жақын адамдармен байланыс сақтаудың және соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырудың оңай әдісіне айналғалы қашан?! Бірақ бізге осылардың бәрі қаншалықты қажет? Өзіңізге сұрақ қойып көрдіңіз бе? Мүмкін сізді FOMO (fear of missing out), яғни, маңызды бір жаңалықтан хабарсыз қалу қорқынышы билейтін шығар? Әлде расымен жаңа контентке соншалық тәуелдісіз бе? Смартфоныңыз әр дүйсенбіде әлеуметтік желіге қанша сағат жұмсағаныңызды көрсеткен сайын тек көгілдір экраннан көз алмай өмірін зая өткізіп жатқандай жағымсыз күйге енесіз бе? Егер сіз осы сұрақтардың біреуіне болсын «иә» деп жауап берсеңіз, ойланбастан виртуалды әлемге байланбай, шынайы өмірге көбірек уақыт жұмсауға көмектесетін тоғыз қарапайым әдіспен дос болыңыз.

Экрандағы қосымшалардың орналасуын өзгертіңіз

Біз әдетте әлеуметтік желі қосымшаларын бейсаналы түрде басамыз. Тәжірибе жасап көрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Мысалы, Инстаграмды эксперимент ретінде телефоннан жойып тастаған кезде, саусақ әлі екі апта уақыт бойы сол қосымшаның бос тұрған жерін автоматты түрде басып отырады. Кейде тоқтаусыз тикток көріп отырғанымызды түсініп, есімізді жиғанда, оған қалай тап болғанымызды аңғармай қалғанымызды білеміз. Көбінесе біз телефонды белгілі бір мақсатпен аламыз, бірақ соңында міндетті түрде  әлеуметтік желілердің тұзағына түсеміз.

Өзіңіз саналы түрде әлеуметтік желіге жету жолын қиындатыңыз, яғни,  барлық белгішелерді ең алыс орналасқан экранға жылжытыңыз немесе одан да жақсысы - оларды бөлек қалташаға жасырыңыз. Әлеуметтік желілерді тексеру үшін неғұрлым көп қадамдар жасау қажет болса, Instagram, Facebook және басқа қосымшаларға кездейсоқ кіру ықтималдығы төмендейді.

Хабарландыруларды өшіру

Сіздің жазбаңызды біреу ұнатқаны немесе басқа блогер жаңа IGTV -мен бөліскені туралы хабарландыру сізге соншалық маңызды ма? Ескертулер сіздің назарыңызды істеп жатқан нәрсеңізден басқа жаққа аударуға және телефонды қайта қолға алуға мәжбүр етеді. Әлеуметтік желілердегі хабарландыруларды өшіріп, телефонды Instagram қалаған кезде емес, сізге қажет болған кезде алыңыз. Егер сіздің назарыңызды шынымен қажет ететін адам, ұйым не өзге де оқиғалар болса, сізге қоңырау шалынады.

Әлеуметтік желілерде қанша уақыт жұмсайтыныңызды нақты біліңіз

Егер сіздің телефоныңызда экран уақытын пайдалануды бақылайтын бағдарлама болса,  алдымен осы статистиканы тексеріңіз. Әдетте, желіде өткізетін 1-2 сағат ешкімді шошыта қоймайды, бірақ арифметикалық орташа мәнді 52 аптаға көбейтсеңіз, пікіріңіз өзгерері анық. Біздің көпшілігіміз телефонды нақты қажет дүниеден гөрі, инстаграм парақшамызды жарнамалау мен TikTok сынды пайдасыз платформаларда отыру үшін алады екенбіз. Телефонда айына бірнеше күн өткіземіз. Осы сағаттарды өз өміріңізді жақсартуға немесе армандарыңызды орындауғы жұмсауға болатынын ойлап көріңізші.

Алдымен сіз қай қолданбаларды жиі қолданатыныңызды, қашан және не үшін қолданатыныңызды және бұл әдетті қалай ауыстыруға болатынын зерделеңіз. Кейін жаңа әдеттерді өміріңізге енгізу арқылы экран уақытын шектеуге тырысыңыз. Бірінші қадам - ​​статистиканы кем дегенде жарты сағатқа, мысалы, аптасына екі жарым сағаттан екіге дейін қысқартуға тырысу. Шектен шығып барлық есептік жазбаларды бірден жоюдың қажеті жоқ: бұл мақсатыңызға біртіндеп қол жеткізіңіз.

Mute дыбысты өшіру батырмасын қолданыңыз немесе жазылған парақшаларыңыздың санын азайтыңыз

Сіз ең көп уақыт өткізетін бес адам сіздің болмысыңызды анықтайтыны рас. Олар сіздің мінез-құлқыңызға, өмір-салтыңызға, бар болмысыңызға ықпал етеді. ХХІ ғасырда бұл мәтелді әлеуметтік желіге қатысты өзгертуге болады. Яғни, сіз жиі оқитын 5 парақша сіздің өзіңізге айналады. Өзіңізге және психикалық денсаулығыңызға сый жасап, Достар бөлімін  мәнсіз-мағынасыз профильдерден тазалаңыз, тек лентасын немесе әңгімелерін көрген сайын сізге шабыт, мотивация және бақыт сезімін әкелетіндерді қалдырыңыз. Сізде жазылушылар саны неғұрлым аз болса, әлеуметтік желіде өткізетін уақыт та аз.

Телефонды таңғы 9-ға дейін қолыңызға алмаңыз

Шыны керек, көп қызметкерлернің кестесі таңғы 9-ға дейін телефонға қол тигізбеуге мүмкіндік береді. Ал жұмысы одан ерте басталатындардың жөні бөлек. Сіз қанша рет жұмысты сылтауратып, «бәрі өз орнында екеніне көз жеткізіп, тексеру үшін» қолыңызға гаджет алып, ақырында Facebook -тегі пікірлер мен Telegram арналарындағы өсек-аяңға алаңдап кететініңіз рас па? Рас болса, сізге ештеңе бермейтін және бірнеше минуттан кейін ұмытылатын ақпаратты сіңірудің орнына сіз қосымша жарты сағат ұйықтап, өзіңіздің денсаулыңызға пайдалы нәрсе жасай аласыз.

Алдымен, белгілі бір уақытты белгілеңіз, мысалы таңғы 9, немесе оянғаннан кейін 60 минут көгілдір экранға қарамай, біраз күтіңіз. Таңғы процедуралар жасап, бір шыны кофе ішіп, таңғы шапаққа шомылмайынша телефонды тексермеуге тырысыңыз.

Телефонды басқа бөлмеге қалдырыңыз

Кейде, демалыс күндері телефонды басқа бөлмеге қалдыруға тырысыңыз. Сіз қолыңыздағы гаджетті кітапқа ауыстырған кезде Интернетте қаншалықты аз уақыт өткізгеніңізге таң қаласыз. Ақиқатына келгенде, сіз Инстаграмды екі айға өшіріп тастасаңыз да, оны достарыңыздың ешқайсысы байқамайды. Сенбесеңіз, тәжірибе жасап көріңіз.

Біраз уақыттан кейін өзіңізді одан әрі дағдыландыру үшін, телефонсыз серуендеуге барыңыз. Бұл қиын шешімнің оң болғанын түсінесіз.

Ас ішіп отырып телефон пайдаланбаңыз

Біздің көпшілігіміз достармен кездескенде бейсаналы түрде телефонға үңіліп отырамыз. Сіз достарыңызға жаңа әдет қалыптастырып жүргеніңізді айтып, қолдау көрсетуін сұраңыз. Келесі кездесуде гаджеттерді үстелдің ортасына қойып, тек тет-а-тет сөйлесуге шақырыңыз. Қызық үшін, телефонды бірінші болып алған адам шот төлесін немесе бәріне тәтті коктейль алып берсін.

Өзіңізбен пікірлес адам табыңыз

Егер сіз мұндай тәжірибеден қорқатын болсаңыз, әлеуметтік желілерде аз уақыт өткізгісі келетін және технологиялық тәуелділікті жеңуге тырысып жүрген өзіңізбен пікірлес адамды табыңыз. Басқа біреудің сіздің мақсаттарыңызды білуі және орындауы әлеуметтік желілерге тәуелділікті біржолата тоқтату үшін жеткілікті болуы мүмкін.

The Social Dilemma фильмін қараңыз
Netflix деректі фильмінде әлеуметтік желілер біздің сананы қалай басқаратынын көрсетеді. Онда пайдасыз саудадан бастап суицид, депрессия, алаңдаушылық және тәуелділік сынды басқа да белгілердің статистикасы қалай өскені түсіндіріледі; біздің ми қалай өзгеретіні, компаниялар пайдаланушылар туралы ақпаратты қалай жинайтыны, бәрі-бәрі айтылады.

А. Оралқызы