Байлар бақытсыз болатыны рас па? Қаржы маманының жауабы

Байлар бақытсыз болатыны рас па? Қаржы маманының жауабы
Фото: ru.freepik.com

Адамдардан "бақыт - ақшада емес", "бай бауырын танымас", "ақша - қолдың кірі" деген секілді сөздерді жиі естуге болады. Көпшілік "ол бай болғанымен, бақытсыз" деген секілді ойда болады. Қаржылық сауат коучі Эрита Әбдібаева мұндай стереотиптер адамның қаржылық дамуына, бай болуына және көптеген жетістіктерге жетуіне кедергі келтіретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Байлар шынымен де бақытсыз бола ма?

Маманның айтуынша, адамның бақытты болуы немесе болмауы ақшаға байланысты емес. Бай адам да, кедей адам да бақытты немесе бақытсыз болуы мүмкін.

"Бай адамдар да, кедей адамдар да бақытсыз болады. Бай адамдар да, кедей адамдар да бақытты болады. Бақыт деген не? Ол әр адам үшін әртүрлі. Мысалы, біреулер үшін бақыт - денсаулығының жақсы болуы, балаларының жанында аман-есен жүруі. Ал тағы біреулер үшін бақыт - ақшасының көп болуы. Сол секілді әр адамның бақытқа анықтамасы бөлек", - дейді Эрита Әбдібаева.

"Байлар бақытсыз келеді" деген стереотип қайдан шықты?

Маман көпшілік фильм мен кітап адамдарға ашық түрде болмаса да, мазмұны арқылы осындай ойларды көрсететінін айтты. Себебі олар сол арқылы өздеріне көрермен жинайды. 

"Бұл стереотип Кеңес үкіметі кезінде бізге оқытқан кітаптар, фильмдерден қалыптасқан. Қазірдің өзінде фильмдерді сондай етіп түсіреді: бай адамдар - жаман, кедей адамдар - жақсы. Бұл ашық түрде айтылмайды, бірақ сюжет, сценарий соны меңзейді. Бұрынғы ертегілер байлықтың жаман екенін образдармен түсіндірді. "Бай болсам, қызғаныш, жамандық көбейеді. Одан да барымен базар" деген секілді сенімдер адамның үлкен қиял-армандарына кедергі болады. Ал біз сол армандар арқылы өзіміздің көптеген мақсатымызға жетеміз. 

Мысалы, классикаға айналған әйгілі "Титаник" фильмінде де соңында кедей бала байдың қызын құтқарып қалады. Оны қаһарман етеді, кедей болған жақсы деген ой тастайды. Осындай керемет фильмдердің көбісінің мазмұны "бай болу - жаман, бай болсаң осындай боласың" деген сенімдерге негізделіп, арнайы түсірілген. Егер басқаша түсірілсе, ол фильм көпшілікке танымал болмас па еді. Көпшілік бізде статистика бойынша табысы төмен немесе орта адамдар. Яғни, фильмдер, кітаптар көпшілікке арнап жасалады. Адамдар өздеріне ұқсайтын кейіпкерлерді көрген кезде оны қарайды, оқиды, яғни қызығушылық танытады", - дейді Эрита Әбдібаева.

Ақша жайлы дұрыс ой қалыптастыру маңызды

Эрита Әбдібаева әр адам ақшаға деген дұрыс көзқарас қалыптастыру керегін айтты. Себебі ақша жайлы дұрыс емес ойлар адамның табысты болуына, жетістіктерге жетуіне кедергі келтіреді.

"Менің жолдасым мен балаларым бар, ағайындарым жанымда, одан артық не керек? Ақша болмай-ақ қойсын, есесіне менде осылар бар" деп өзін алдағандай болады. Яғни, ол не біріншісі, не екіншісі болады, таңдау жасау керек деп ойлайды. Ол "отбасын ақшаға айырбастамаймын" деп ойлауы мүмкін. Мұндай адамдарда "егер менің ақшам көп болса, отбасым болмайды немесе ағайындарыммен араласпай қаламын" деген секілді сенім пайда болуы да мүмкін. Сол сенім адамның бай болуына кедергі жасайды. Алайда адамда ақша да, жақындары да бола алады. Егер сіздің ақшаңыз көп болса, ағайыныңызға көмектессеңіз, бала-шағаңыздың бүкіл қалауын жасасаңыз, сіздің бақытыңыз еселенеді", - дейді маман.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова