Жиһаз бен техниканы қоқысқа тастауға бола ма?

Жиһаз бен техниканы қоқысқа тастауға бола ма?
Фото: tengrinews.kz

Кейде қоқыс тастайтын жерге ескі диван немесе жасамайтын кір жуғыш машина секілді ірі заттарды тастап кеткенін байқаған боларсыз?! Алматыда мұндай заттарды қала ішіндегі қоқыс тастайтын контейнерлердің жанына қойып кетуге бола ма? Tengri Life қала әкімдігінің баспасөз қызметінен жауап алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы былай жауап берді.

"Бүгінде қала тұрғындарының контейнерлік алаңдарға – істен шыққан тұрмыстық техниканы, сантехникалық бұйымдарды, ескі жиһаздарды, сондай-ақ жөндеу жұмыстарынан қалған құрылыс қалдықтарын, мысалы, плиткалар, кірпіштер сияқты ірі габаритті қоқыстарды тастау мәселесі бар. Мұндай қоқыс пен құрылыс қалдықтарын қоқыс шығаратын ұйымдардың арнайы техникасына тиеуге болмайды, себебі бұл қоқыс таситын көліктердің престеу аппаратын істен шығаруы мүмкін. Қала аумағын абаттандыру қағидаларына сәйкес ірі габаритті қоқыстарды шығаруды кәсіпорындардың, мекемелердің және жеке тұлғалардың өздері немесе қоқыс шығаратын кәсіпорындар ірі габаритті қоқысты әкету шарты негізінде жүргізеді", - деп атап өтті басқармада.

Коммуналдық қалдықтарды басқару ережелеріне сәйкес жылжымайтын объектілерді салуды және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс және ірі габаритті қалдықтарды (мысалы, жиһазды, тұрмыстық техниканы) арнайы орындарға әкетуі керек. Осылайша, егер тұрғындарда мұндай қоқыс болса, олар арнайы ұйымдарға хабарласып, ақылы техниканы шақыруы немесе қалдықтарды полигонға өз бетінше шығаруы керек.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында атап өтілгендей, абаттандыру ережелерін бұзу ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20 АЕК (шамамен 74 мың теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 30 АЕК (шамамен 111 мың теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (шамамен 148 мың теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (шамамен 369 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкелуі мүмкін", - деп хабарлады әкімдік.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова